7.11.2023, 14:30
Оқылды: 48

Алпыстың асуында

«Бақшадай жігіт адам көркейеді, ғылыммен сөз сөйлесе бал секілді» дегендей, өткен ғасырдың  90-жылдары А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына келген  жас мамандардың ішінен жұлдызы жарқырап, өзгеге ұқсамайтын дара жолмен жүріп, өскен, өнген тұлға – Абат Қыдыршаев.

59f1e867-28a0-44ee-b154-224918f065dc

Абат Сатыбайұлы ардақты ана Зылиха мен асқар таудай әке Сатыбайдың кін­дігінен тараған он бір ұрпақтың үшіншісі болып Гурьев (Атырау) облысы, Теңіз (Құрманғазы) ауданы, Киров (Зормата) ауылдық кеңесінің Тайланбай ауылында дүниеге келген. 1981 жылы осы ауданның Бөкей хан ауылдық округіндегі (бұрынғы Котяев селосы) Н. Крупская атындағы орта мектебін (бүгінде Фариза Оңғарсынова атында) бітіріп, сол жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1985 жылы аталған білім ордасын үздік тәмамдаған.

Жасынан «Алқада сөз сөйлемес бізден бұрын» деп тау-тасты жарып сөйлейтін Адайдың жеті қайқысы мен бес жүйрігінің сөз өнерінен, жыр дариясынан сусындап өскен бозбаланың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдауы да – заңды құбылыс. Ол 1985 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы К. Маркс атындағы (қазір Әбу Сәрсенбаев атында) орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Жақсы мұғалім мектептің жүрегі емес пе?! Абат Сатыбайұлы жас маман, жақсы мұғалім ретінде абыройлы қызмет атқарды. Әйгілі Максим Горький 1912 жылы И. Сургучевқа жазған хатында «Русьтағы ең жауапты және қиын қызмет патшаның қызметі емес, әдебиетшінің қызметі» деген-ді. Ал бүгінгі Қазақстандағы ең жауапты, қиын да күрделі жұмыс – министрдің де, әкімнің де емес, мұғалімнің қызметі, оның ішінде ең жауаптысы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жауаптылығы сол, жас маман сауатсыз болса, іс-қағазын жаза алмаса, ойын дұрыс жеткізіп сөйлей алмаса, мекеменің маңдайшасындағы атаулардан қате кетсе, жарнама сауатсыз болса, сценарий дұрыс құрылмаса, Наурыз тойы ойдағыдай өтпесе, оқушы тентектік жасап, дөрекілік көрсетсе, басты кінәні қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінен көреміз. Өйткені қазақ тілі мен әдебиеті – рухани тәрбиенің көзі. Сәби дүниені ананың тілімен таниды. Адамзат баласы тал бесіктен жер бесікке дейін жақсы мен жаманды сөз арқылы айырады, ұғады, түсінеді. Демек, адамды адам ететін, ұлт азаматын қалыптастыратын тұғыр – гуманитарлық білім.

Ол – бірінші кезекте шәкірт тәрбиелей де, шәкіртті білімге қызықтыра да білетін және тиісті талап қоя алатын мұғалім. Иә, мұғалім – мәңгілік нұрдың қызметшісі. Ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі (Ян Амос Комен­ский). Мектепке білімді, педагогиканы, психологияны, әдістемені терең білетін, жақсы оқыта білетін мұғалім керек болса, ондай тәжірибелі оқытушы жоғары оқу орнына да қажет. Сондықтан да Абаттың 90-жылдары қара шаңырақ пединститутқа арнайы шақыртылуы деканаттың дұрыс шешімі болғанын өмір дәлелдеді...

Бүгінде Абат Сатыбайұлы – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ­стан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының (2007), атағының (2012) иегері, Ресей риторикалық қауымдастығының мүшесі (2009), ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері (2012).

Абат Сатыбайұлы Қазақ­стандағы оқыту әдістемесін, шешендік өнердің теориясы мен тәжірибесін, жоғары оқу орындарында және орта мектептерде риториканы оқыту әдістемесі мен технологияларын зерттеуге мол үлес қосып жүрген бірден-бір нәтижелі, табысты ғалым. Осыншама атақ, дәреже, абырой биігіне Әбекең соқтықпалы, соқпақ­сыз қиын жолдардан өту арқылы жетті. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған өтпелі кезеңдерде теңге тұрақсыз, ақша құнсыз тұста аш құрсақ болса да аққанат армандардың жетегінде жүріп, 1993-1995 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аспирантурасында оқыды. «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деп ұлы Мұхтар Әуезов тегін айтпаса керек-ті. Өз ісіне мұқият, еңбекқор, бір минутын зая жібермейтін, бірнеше жерде жұмыс істеп, кітапханада кітап кеміруге де уақыт таба білетін Әбекең өз тұстастарына үлгі болды. Талант тоғыз, табандылықпен тоқсан тоғыз. Табандылықсыз ғылымда жетістікке жету мүмкін емес. 1995 жылы ғылымдағы еңбекқорлығымен аңызға айналған академик Нұржамал Оралбаеваның ғылыми жетекшілігімен «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын абыроймен  қор­ғады. 1998 жылы «Ахмет Байтұрсынұлының әдістеме­лік мұрасы» атты жеке монографиясы  жарық көреді. Профессор  Нұржамал Оралбаева осы зерттеу еңбектің алғы сө­зінде «Ахмет Байтұрсынұлының өз заманының әдістеме ілімін толық меңгеруі оның өз жүйесін жасауына негіз болғанын А. Қыдыршаев өте байыпты дәлелдеген. Еңбекте, әсіресе, А. Байтұрсынұлы­ның қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің іргетасын қалаушы ретіндегі қызметі өте тиянақты, теориялық тұрғыда анық дәлелдемелер арқылы ғылыми негізде жазылған. Қазақ халқының ұлы данышпан азаматының мол ғылыми мұрасын халыққа жан-жақты толық таныстыру – қазіргі ғалым азаматтардың зор міндеті. Осы міндетті А. Қыдыршаев абыроймен өзінің зерттеуі арқылы толық атқарған деп санаймын», – деп  жоғары баға береді.

Талантты да еңбексүйгіш адам үшін тосқауыл жоқ. Бұрынғы Орал педагогикалық институты, бүгінгі М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде Абат Сатыбайұлы тек ғалым ғана емес, шебер ұйымдастырушы ретінде басшылық қызметтер атқарды. «Қазақ тіл білімі», «Қазақ лингводидактикасы», «Қазақ тілі мен әдебиеті және оқыту теориясы», «Кәсіптік білім», «Қазақ және орыс тілдері» кафедраларының меңгерушісі, филология, қазақ тілі мен әдебиеті, педагогика, мәдениет және өнер факультеттерінің деканы, Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор, «Махамбет» гуманитарлық зерттеулер институтының директоры болып абыройлы қызметтер атқарды.

Адамның қызметі биік идеямен рухтанбаса, жеміссіз де, түкке тұрғысыз (Н. Чернышевский). Ғылымға құмар Абат Сатыбайұлы ұстаздық қызметпен қатар ғылыми сара жолдан айныған жоқ. Бұл тұрғыда Шарабасовтың шекпенінен шыққан мықтылардың бірегейі деуге болады. Академик Зейнолла Қабдоловтың жанында жүрген адамға қанат бітеді деген сөз бар. Ал профессор Серікқали Шарабасовтың соңына ергендер шалқар шабытты, мақсаткер болады.

Абат Сатыбайұлының 2000 жылы «Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты монографиясы «Білім» баспасынан жарық көрді. 2001 жылы осы тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. Осы еңбектер нәтижесінде Абат Сатыбайұлы әдіскер ғалым ретінде қалыптасты. Ұлы Абайдың «Әрбір хә­кім – ғалым, ал әрбір ғалым хәкім емес» деген сөзі ғалым ұстаз жайлы айтылған анықтама сияқты. Абай сөзінің сырына бойласақ, ғалымдық білуде, білімдарлықта болса, ал ғалым хәкім, яғни ғалым ұстаз – сол білгенін басқаға үйрете алатын, білдіру шеберлігін меңгерген адам. Ал Әбекеңнің білдіру шеберлігі, шәкірттерді үйрету, ғылым жолына бағыттауы – бір төбе.  Мәселен, ол 40-тан астам магистр, екі ғылым кандидатын дайындады. Адамның білімі мен өнері – адамшылық таразысы. Абаттың бойында қалыптасқан ғылым мен сол ғылымды үйрету өнері талай шәкірттің бағын ашты. Ал бүгінгі профессор Абат Қыдыршаевтың соңына ергендердің шетінен еңбекқор, табанды болатынын көріп отырмыз.

Оның ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыты – қазақ тілін оқыту әдістемесі, шешендіктануды (риторика), шешендік өнерді оқыту теориясы мен практикасы, педагогикалық, техникалық жоғары оқу орындарындағы және орта мектептердегі риторика, оны оқытудың әдістемесі мен технологиялары, педагогикалық риторика, тілтану педагогикасы мен психологиясы, әдебиеттану педагогикасы мен психологиясы, этнопедагогика, Ахметтану, Махамбеттану, Фарабитану, Абайтану, шешендіктану және қазақ афористикасы проблемалары. Осы салаларға қатысты 500-ден астам ғылыми еңбектері, 3 монографиясы, бірнеше оқулық, оқу құралдары жарық көрген.

Бүгінде профессор А. Қыдыршаевтың М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың «Рухани жаңғыру» институтының директоры ретінде атқарып отырған еңбегі ұшан-теңіз. Қазіргі таңда ғалымның ауторлығымен «Рухани жаңғыру: жаңа ұрпақты ұлттық рухани құндылықтарға баулу ісі, айқын мақсат, нақты міндеттер» атты әдістемелік оқу құралы жарық көрді. Профессор Абат Сатыбайұлы – қатепті қара нардай ұжымды өрге сүйреп жүрген азамат, тектілік тұғырындағы тұлға, ұстаз, ғалым, журналист, қоғам қайраткері. Асқаралы алпыстың асуына шығып, елге есеп берер шаққа да жетіп отыр.

Әрбір жетістікке жеткен еразаматтың артында мықты әйел тұратыны белгілі. Атап айтсақ, өмірлік жан жары, жанұя отанасы Диамара Қабденқызы – ағайын-туысқа, өз замандас-әріптестеріне сыйлы да абыройлы жан, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақ­стан аграрлық-техникалық университетінің агротехнологиялық институтының «Өсімдік өнімдерін өндіру технологиясы» жоғары мектебінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ­стан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» (2015) атағының иегері.

Сөзімізді түйіндей айтар болсақ, профессор Абат Қыдыршаев – ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, бар бағын бағалап, талантын тынымсыз еңбекпен ұштап, ғылыммен көркейіп отырған азамат. «Бақ пен дәулет тең келсе, адамның толар кемелі» демекші, ғылымың көбейсін, дос, замандас дегіміз келеді.

Мұрат Сабыр,

филология ғылымдарының докторы,

профессор

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале