7.11.2023, 17:15
Оқылды: 37

Қаратөбелік өнерпаздар отбасылық бағдарламаға қатысты

Жуық арада «КТК» телеарнасы жаңа маусымда «Кел, шырқайық!» отбасылық бағдарламасын түсірген болатын. Бұл халық арасында әуесқой әншілердің өнерін нелімізге танытатын ауқымды жобалардың бірі. Үміткерлер көрермен жадында жатталған көне әндерді қайта жаңғыртуға, ұлттық дәстүрді насихаттауға өз үлесін қосады. Осы орайда атаулы шараға Қаратөбе ауданынан Мағзом Есендосов, Мереке Сағидуллин, Әлия Жұбашевалар және көркемдік жетекші ретінде аудандық мәдени демалыс орталығының көркемөнерпаздар бөлімінің меңгерушісі Аяжан Исмагулова қатысып қайтқан болатын.

КТК арнасы сұхбат (1)

- Сіздерді Алматы қаласына барып, бір байқауға қатысып келді деп естіп жатырмыз. Қалай барып келдіңіздер? Ол қандай бағдарлама?

– «Кел, шырқайық!»  деген бағдарлама. Жүргізушісі Қайрат Әділгерей. Жюриде белгілі әншілер Жеңіс Сейдолла және Қанат-Айтгүл Құдайбергеновтер болды. Солардың алдында тірі дауыста ән айтып, өнерімізді көрсеттік.

Жалпы сайысқа үш жұп қатысты. Оның бірі - Қапшағай қаласынан. Олар өнер жолында жүрген топ. Екіншісі Алматы қаласындағы авиациялық университеттің студенттері болды. Ең шалғайдан барған біз болдық. Біздің үшеуміздің де арнайы біліміміз жоқ. Мағзом ағам мен Әлия жеңгем зейнеткер. Ал маған келетін болсақ, Қаратөбе колледжінде шеберхана меңгерушісі болып қызмет жасаймын. Жалпы 31 жылдан бері дәнекерлеуші болып қызмет атқарып келемін, - деп әңгімесін бастады Мереке аға.

КТК арнасы сұхбат (2)

– Бірінші үш адамнан жюри мүшелері балл қойып отырды. Қапшағайдан келген ұжымға отыз балл, біздің «Ақбақай» ұжымына 30 балл, авиациялық университеттің студенттерінен құралған ұжымға 3 балл қойды. Екінші көрермен де балл қойып отырды. Көрерменнің қойған балымен Қапшағайлықтар 17 балл, біздер 12 балл, студенттер 3 балл жинады. Жалпы біздің команда осы жасқа келсек те сахнаға шығып ән салып, өнер көрсеткенімізге риза болдық. Осы жасқа келіп сахнаға шығу да оңай емес. Қарсыластарымыз өнер адамдары және студенттер болды. Бұл жерде бірінші орын, екінші орын деп орын берген жоқ. Тек статуетка табыс етті. Бұл көрсетілім «КТК» телеарнасының алдағы көрсетілімдерінің бірінде жарық көреді, - деп сөзге араласты Аяжан Құдайбергенқызы.

– Бұрын соңды сахна төрінде жүрген адамдар емеспіз. Бірақ сол жерде қызмет етіп жүрген режиссерлар, жүргізушілер барлығы да біздің өнерімізге риза болды. Біздің киіміз де ретро стилде, әніміз де ретро әндер болды.

Мұхтар Шахановтың «Гүлдәурен», мен Ескендір Хасанғалиевтің «Ауылым, әнім» әндерін орындадық, - деп әңгімені қыздыра түсті Әлия апа.

– Шақырмас бұрын алдымен онлайн кастинг болды. Сол кастинге бізден басқа да облысымыздан үміткерлер қатысқан. Бірақ іріктеуден біздің жұп өтті. Шақырған кезде біздің әндерімізді, отбасылық фотоларымызды, өмірбаянымызды сұратты. Сосын жұмыс бабында болсын, бала кездегі болсын, бір қызықты жағдайларымызды бірге жіберіңдер деді. Бізге Самал деген жетекші тағайындаған екен. Сол жетекшімізбен телефон арқылы байланыс жасап отырдық. Барған кезде өзімізді Үш жүзге ән оздырған Сал Мұхиттың, Ғарифолла Құрманғалиевтің, Ескендір Хасанғалиевтің жерлестеріміз, сол ауылдан келіп тұрмыз деп өзімізді таныстырдық. Негізінен байқаудың шарты бойынша бір ән айту керек болған. Бірақ, үш мың шақырым жер жүріп барғасын және композиторлардың туған жерінен болғасын жаңағы екі әнді айтуға рұқсат берді. Бізде енді қатты жел тұрса, қара жусанына дейін ән салады деп айттық. Былай ән айтқанмен өнер саласынан алыспыз деп те айттық. Бізді осыннан кететінде ауылдың сыртына дейін барып шығарып салды.

– Үйден алып барған құрт, май, ірімшігімізді, Тышқантайдың суын да апарғанбыз, соны табыс еттік. Сосын Қаратөбе балалар шығармашылық үйінің үйірме жетекшісі Нұртас Бисенғожиннің қолынан шыққан картинаны, ауыл тұрғыны Бағила Тналиеваның өз қолымен жасаған үй ішіне киетін аяқ киімді, Шөптікөл ауылының тұрғыны Аманша Қашқыновтың қолынан жасалған қамшысын, Нұртас Сафуллиннің «Құлпытастар сырын ашайық» атты кітабын және Александр Қауеновтың 70 жасқа толуына орай шығарылған өлеңдер жинағын ала барып едік, соларды табыстадық. Осы бұйымдарды «КТК» телеарнасының музейіне қоямыз деп алып қалды, - деді Аяжан.

– «Неге топтың атын «Ақбақай» деп қойдыңдар?» деп сұрады. Мұхит Мералыұлы Қаратөбе ауданында Ақбақай деген жерде дүниеге келген. Сол жерде қазір Мұхит бабамызға арнап кесене тұрғызылды. Ақбақай деген киелі жер. Тек Мұхит бабамыз емес, талай республикаға танымал тұлға да сол жерде дүниеге келген. Сол себепті қойдық деп жауап бердік.

Сахна керемет етіп жасақталған. Ауылдағы бір үйдің ауласы сияқты. Ұлттық нақышта жабдықталған, - деді Әлия апамыз.

– Осы сайыстың болатынын қайдан білдіңіздер? Әлде, аудандық мәдени демалыс орталығы ұсыныс жасады ма?

- Астанада тұратын Ербол деген балам хабар берген. Балам осы шараны ұйымдастырушылармен байланыс жасап тұрады ғой. Солар балама айтқан: «Тек батыс келмей жатыр. Келетіндер жоқ па?» деп. Балам маған хабар берді. Сол арқылы естіп бардық, - деді Мағзом Нүрпейісұлы.

- Дайындық болды ма? Кім дайындады? Осы жөнінде бір қысқаша айтып өтсеңіздер.

- Дайындық аудандық мәдени демалыс орталығында болды. Демалыс мәдени демалыс орталығының қызметкерлері Нұржан Жұмашаев пен Қуаныш Дүйсенғалиев бізге дайындық жүргізген. Сол азаматтарға алғысымыз шексіз, - деп ризашылығын білдірді Әлия Жолдығалиқызы.

- Өздеріңізге қарасам біразға келіп қалған азамат, азаматсыздар. Осы жасқа келгенде сахнаға шығып өнер көрсету қиын болған жоқ па?

- Менің осыннан шыққанда тамағым ауырып тұрды. Барғанша ауырып барды. Бірақ сахнаға шыққанда дауысым ашылып кетті. Өлең айтқанда рақат бір сезімде болдық. Ешқандай қиындық болған жоқ. Аудандық мәдени демалыс орталығының ұжымына алғысымыз шексіз, - деп сөзін түйіндеді Әлия апамыз.

Бекжан Койшекенов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале