Оралда әскери борышын өтеп жүрген екі жауынгер жоғары оқу орнында тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Олар мерзімді қызметте қырағылық танытып, көзге түскен. Сарбаздарға министрлік тарапынан грант сертификаты табысталды. Мұндай қолдау шарасы жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттыруға бағытталып отыр. Тәбарак Ұлттық ұланның 5517 әскери бөліміне Алматы облысынан келген. Ол жыл бойы тәртіпті қатаң сақтап, оқу-жаттығуда да жоғары қабілетін байқатыпты. Үздік атанған сарбазға Әуе қорғанысы күштерінің институтында тегін оқу мүмкіндігі берілді. Арнаулы білім алмаған 22 жастағы жауынгер үшін бұл тосынсыйдың орны бөлек.
- Былай қатты қиынға соққан жоқ негізі, бірақ үйренуге болады бәрін. Үйретті командирлер бәрін. Өзімнің борышымды өтеуге келдім әскерге. Содан кейін «оқу пунктінде» білдім мұндай мүмкіндік бар екенін. Содан кейін әрі қарай командирлерден сұрап жүріп, осындай жетістікке жеттім деп ойлаймын - дейді сарбаз Тәбарак Әлинұр.
- Жетіп жатырмын арманыма. Осы әскерге келу арқылы, әскери бөлімімнің арқасында. Рақмет, осындай жастарға мүмкіншілік беріп жатқандарына. Жауынгерлердің психологиялық және физикалық дайындығы, оқу-жаттығу кезіндегі нәтижелеріне қарай әрқайсына баға қойылып отырады. Кейін мәліметтер базасында рейтинг жасалып, цифрлық жүйе арқылы білім грантының иегерлері анықталады. Елімізде 70 шақты жоғары оқу орнымен келісім жасалған-деді, қатардағы жауынгер Қуанышбек Мұратов. Қуаныш – Ақтөбе облысының тумасы. Бала күнінен ұшқыш болуды армандаған ол да енді дәл осы мамандық бойынша кәсіби білім алады.
- «Батыс» өңірлік қолбасшылығынан 44 сарбаз осындай жеңілдікке, оқуға мүмкіндігін алды. Осындай жеңілдіктер тағы да көп болса, жастарды әскерге шақыру барысында ынталарын оятады деп сенемін. Министрліктің мәліметінше, әскерге былтыр күзде шақырылған сарбаздар үшін 1500 грант бөлінді. Соның 700-ден астамы Қорғаныс министрлігі, 600-ден астамы Ұлттық ұлан, қалғаны Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Төтенше жағдайлар министрлігінің жауынгерлеріне бұйырды – деді рота командирінің орынбасары аға лейтенант Бекасыл Тұрсынбек.