9.11.2023, 9:15
Оқылды: 47

БҚО-да пульмонологтар жетіспейді

12 қараша – Дүниежүзілік пневмониямен күрес күні

 2009 жылдан бері жыл сайын 12 қарашада Дүниежүзілік пневмониямен күрес күні (World Pneumonia Day) аталып өтіледі. Бұл атаулы күн күнтізбеде балалар пневмониясына қарсы Жаһандық коалицияның бастамасымен пайда болған.

д

Фото: istockphoto

Әлемнің назарын аударған індеттің жай-жапсарын білу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс дәрігер-пульмонологі Гүлзада Тастаеваны сөзге тартқан едік.

– Пневмония (гр. pneumon «өкпе») – өкпе қабынуы, яғни өкпе тінінің қабынуынан немесе басқа аурулардың асқынуынан болатын өкпенің жұқпалы ауруы. Бұл дертке көбіне балалар, қарттар мен иммундық жүйесі әлсіреген адамдар шалдығады. Мәселен, біздің елде ғана емес, әлемді коронавирус індеті жайлаған 2020-2021 жылдары облыста пневмониямен көп адам ауырды. Себебі пневмонияны әртүрлі вирустар мен бактериялар және зеңдер (грибы) қоздырады, – деді Гүлзада Қазболатқызы. Дәрігер пульмонологтің айтуынша, пневмония тұмау сияқты басталады. Адам жөтеліп, дене температурасы көтеріліп, тынысы тарылады. Дене қызуы төмендемей, жөтелгенде сарғыш қақырық шықса немесе қан араласса, науқасқа пневмония диагнозы қойылады. Сол кезде науқас рентгенге түседі. Ауруханаға жатқызылған сырқаттардан туберкулез және онкология ауруларына міндетті түрде сараптама алынады.

Маман мәлім еткендей, аурудың ұзақтығына қарай пневмония жедел және созылмалы болып бөлінеді. Жедел пневмония кенеттен басталып, дене қызуы 39-40oС-қа, кейде одан да жоғары көтеріледі. Науқас қалтырап, алғашқыда құрғақ, кейіннен қақырықты жөтел пайда болады. Науқастың бүйірі шаншиды, біртіндеп тынысы тарылып, ауа жетпейді, буындары сырқырайды. Ем қабылдаған соң, 3-5 күннен кейін ауру бәсеңдей бастайды. Ал созылмалы пневмония аурудың асқынуынан пайда болады. Оған өкпе тінінің құрылымы мен қызметінің толық қалпына келмеуі, сондай-ақ созылмалы бронхит те әсер етеді. Өкпенің белгілі бір тұстары қайталап қабынады. Сырқаттың дем алысы әлсіреп, сәл күш түссе, деміге бастайды. Ауру асқынғанда пневмонияның жедел түріндегі клиникалық белгілер қайталанады. Созылмалы пневмония ұзаққа созылады. Дер кезінде емделсе, науқас 2-3 аптадан соң жазыла бастайды. Пневмония әр науқаста түрліше өтеді. Ал балалар пневмониямен ауырғанда демігумен бірге бетінің әр жері, әсіресе, үстіңгі ернінің айналасы әлсін-әлсін көгереді. Көбінесе тәбеті мен ұйқысы бұзылады. Әсіресе, жаңа туған сәбилер пневмонияға жиі шалдығады.

– Орал қалалық көпбейінді ауруханасының жалпы терапия бөлімінде облыс бойынша пневмонияға шалдыққандарға арналған 17 төсек-орын ғана бар. Біздегі мәселе – осы төсек-орындардың жетіспейтіндігі. Әсіресе, күз бен көктем мезгілдерінде тұмау мен суық тию өршіп, вирус күшейгенде ауруханада орын тапшылығы сезіледі. Себебі тұмауды асқындырып алғандар пневмонияға шалдығады. Сол кезде науқастардың саны артады. Ал ауруы асқынған тұрғындар ауруханада ем алуы тиіс. Тағы бір басты мәселе – облыста дәрігер-пульмонологтер жетіспейді. Жеке емханаларда болғанмен, мемлекеттік емханаларда пульмонологтер жоқтың қасы. Аудандық емханаларда пульмонолог дәрігерлер мүлде жоқ, – деп өзекті мәселелерді де айтып өтті дәрігер. Айта кету керек, пульмонолог өкпе қабынуы, туберкулез, бронх қабынуы, тыныс демікпесі, плеврит, өкпе эмфиземасы және тыныс алу жүйесіне химиялық заттардың түсуінен туындайтын ауруларды емдейді.

Вакцинациялау иммунитетті күшейту, ағзаны көптеген ауыр вирустық және бактериялық жұқпалы аурудан қорғау үшін жүргізіледі. Гүлзада Қазболатқызының айтуынша, пневмонияның алдын алу үшін де пневмококкок вакцинасын алу қажет. Бірақ бұл ақылы негізде жасалатын екпе болғандықтан, тұрғындар өздерінің қалауымен егіледі. Бұл вакцинамен жеке емханаларда егілуге болады. Ал мемлекеттік емханаларда тұмауға қарсы екпелер тегін жүргізіледі.

Дәрігер айтып өткендей, күнделікті дене жаттығуларын жасап, құнарлы, дәрумені көп тағамдар ішу пневмонияның алдын алуға көмектеседі. Адамның көңіл күйі де денсаулыққа әсер етеді. Мәселен, күйзеліске түсу осы аурудың қозуына «көмектеседі». Үй-жайды үнемі желдетіп отыру, таза ұстау да маңызды. Күн суықта жылы киінген жөн. Үнемі темекі шегу де ауруға себеп болуы мүмкін. Жастарға қарағанда егде адамдар мен балалар арасында пневмония жиі кездеседі. Үлкен кісілерде ауру ауыр түрде өтеді. Себебі олардың бұрыннан бар созылмалы аурулары кері әсер етеді. Дәрігер пульмонологтің сөзінше, науқастардың пневмониядан қайтыс болуы сирек кездеседі. Әсіресе, пневмонияға шалдыққан ВИЧ жұқтырғандарды, нашақорларды аман сақтап қалу қиын.

Дәрігер-пульмонолог Гүлзада Тастаеваның айтуынша, облыста 2021 жылы 5739 адам, 2022 жылы 4511 адам пневмониямен ауырған. Індетке шалдыққандырдың саны 17,8 пайызға төмендеген. Қазір облыста пневмония бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Қалай десек те, бұл аурумен дүние жүзі болып күресуде. Сондықтан әркімнің тұмаудың өзіне бей-жай қарамай, уақтылы ем алып, денсаулығын күткені жөн.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале