Бөкей ордасы – облыс орталығынан ең шалғай жатқан аудандардың бірі. Ауыл-аймақтың даму деңгейі жылдан-жылға жақсаруда. Қалаға 500 шақырымнан астам жерден қатынау оңай емес. Сондықтан көңілді күпті қылған құрылыстың бірі – республикалық маңыздағы Өнеге – Бисен – Сайқын автожолын күрделі жөндеу аяқтала келді. Жол мехнатын тартқан бөкейліктер басындағы бөркін аспанға атып қуанатын күн де жақын. Биыл аты аңызға айналған Бөкей ордасы тарихи-өлкетану музей қорығында жаңа визит-орталық ашылды. Бөкей хандығының 225 жылдығына дайындалу мақсатында Хан ордасы ауылындағы тарихи ғимараттар мен үйлерді қайта қалпына келтіру қолға алынды. Биыл аудандық бюджет арқылы сол ауылдағы ХІХ ғасырдың ескерткіші саналатын полицмейстер ғимараты қалпына келтірілуде.
Модульдік мектеп, медициналық нысан
Аудандағы әлеуметтік нысандар мен жол құрылысы, абаттандыру жұмысы туралы баяндаған аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов (суретте) келесі жылы архив орталығына арналған жаңа ғимарат бой көтеретінін хабарлады.
– Көптеген жылдар бойы күрделі мәселе болып саналған Бисен ауылындағы жаңа мәдениет үйінің құрылысы биыл шешімін тапты. Ауданымыз бойынша заманауи үлгідегі ең үлкен 300 орындық мәдениет үйі Бисенде салынып жатыр. Құрылыс жұмысы жоспарға сай жүруде. Жыл аяғында пайдалануға беріледі.
Саралжын ауылындағы мәдениет үйін жөндеу мақсатында жеке кәсіпкерлердің демеуімен ЖСҚ дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Облыстық мәдениет басқармасына қаражат бөлдірту үшін сұраныс жолданды. Басқарма қаржылай қолдау білдірсе, жөндеу жұмысы басталмақ. Ұялы ауылында мәдениет үйі апатты жағдайда тұр. Осыған орай ауылда мәдени-спорттық кешен салуды жоспарлаудамыз.
Сонымен бірге келесі жылы аудан орталығында аудандық архивтың жаңа ғимараты бой көтермек.
Былтыр Қарасу, Көктерек ауылдық мәдениет үйлерінің және Мәмбет ауылдық кітапханасының жылыту жүйелері газға ауыстырылса, биыл Жиекқұм, Әжен клубтарына көгілдір отын құбыры тартылды. Оған қоса Үштерек ауылдық кітапханасының жылыту жүйесі жөнделді.
Бисен ауылындағы мәдениет үйі
Алғашық пен Тайғара бастауыш мектептерін күрделі жөндеуге ЖСҚ дайын. Жиекқұм ауылына 60 орындық модульдік мектеп салу жоспарымызда бар. Ал Хан ордасы ауылында жыл бойы жұмыс істейтін 100 орындық лагерь құрылысына жер телімі қаралып, жоба жасақталуда. Денсаулық саласын дамытуға да назар аударып отырмыз. Биыл басталған Ұялы, Жиекқұм ауылдарындағы медициналық нысандарды күрделі жөндеу жуырда аяқталады. Мұратсай ауылында жаңа модульдік медициналық пункттің құрылысы жоспарға сай салынуда. Аудандағы үш медициналық пунктті (Жетібай, Көктерек, Шоңай) жөндеуден өткізу үшін ЖСҚ толық дайын, – деді Біржан Меңешов.
Автожолдар – ауыл тынысы
Мақала кіріспесінде атап өткеніміздей, Бөкей ордасы ауданындағы республикалық жолдың 2 учаскесінде құрылыс жұмыстары басталғаннан бері 73 шақырым асфальттың алғашқы қабаты төселді. Жыл соңына дейін қалған 30 шақырымға жуық бөлікке қатқыл төсем салынып, асфальттың алғашқы қабаты пайдалануға берілмек. Біржан Меңешов жергілікті маңыздағы жолдар да басты назарда екенін айтты. Әкім орынбасары түйткілді мәселе бар екенін, мердігерлер құрылыс жобаларын кешіктіріп отырғанын да жасырмады. «Біздің ауылдар шалғайда орналасқандықтан, мердігерлер нысан құрылысын уақтылы аяқтауға тырыспайды, техниканы жұмылдыру шығыны көп екенін сылтау қылады. Содан өз жобаларын тиісті деңгейде атқармайды», – деді ол.
Жиекқұмдағы медициналық пункт
Біржан Нұрланұлының мәліметі бойынша, 2022 жылы Сайқын ауылының 16 көше жолын асфальттау үшін 2 жоба дайындалған. Биыл 11 көшені асфальттауға қаржы бөлініп, жөндеу жұмысы басталды. Алайда жұмыс кестесінен кешігуіне байланысты мердігерге қатысты шаралар қабылдануда. Сонымен қатар Бисен ауылының бес, Орда ауылының төрт, және Сайқын ауылының үш көшесіне арналған ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өтуде. Аудандық бюджет есебінен Сайқындағы жеті көшеде тротуар құрылысы басталған.
Фото: Сайқында тротуар төселіп жатыр
Бөрлі ауылының 11 шақырым кіреберіс жолын күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалық-сметалық құжаттамалар толық дайын. Биыл көрші Жаңақала ауданындағы Жаңақала – Жаңақазан бағыты бойынша облыстық маңызы бар жолды күрделі жөндеу жұмысы басталды. Бірақ аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов жөндеу жұмысының тоқтап тұрғанын айтты. Оған басты себептің бірі – қазіргі уақытта жол құрылысына арналған қаражаттың басым бөлігі республикалық трассаны жаңғыртуға жұмсалып жатқаны. Аудан үшін Жаңақала – Бисен автожолының маңызы зор. Жоба сәтті аяқталса, осы жолдың бойында орналасқан Бөкей ордасына қарасты сегіз ауылдың «екінші тынысы» ашылмақ. Тұрғындар облыс және аудан орталықтарына қатынағанда уақыт үнемдейді, транспорт үшін де қолайлы болмақ. Жаңақала – Жаңақазан бағытын асфальттау жұмысын жалғастырып алып кету үшін Ұялы – Бисен ауылдары арасындағы 80 шақырым жол бөлігін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.
Биотермиялық мал қорымы салынбақ
Бөкей ордасы ауданы – құмды-шөлейтті аумақ. Соған қарамастан жерасты тұщы су көзі мол. Көрші аудандарға Бөкей ордасынан ірі су құбыры желілері тартылған. Сөйте тұра ауданның өзінде су тапшылығы өзекті болып саналады.
– Ауыз су мәселесіне тоқталсам, бұрын Ұялы ауылдық округінен ауыз су көршілес Саралжын ауылына аз мөлшерде жететін. Бұл мәселені шешу үшін былтыр Ұялы су кен орнында қосымша ұңғыма қазылды. Биылғы маусым айында содан тартылған құбыр орталық су құбырының желісіне қосылып, тұрғындар таза сумен толық қамтамасыз етілді.
Аудан жұртының негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Аудандағы жалғыз су айдыны саналатын Мұратсай көліне Жәнібек суландыру жүйесі арқылы Еділден келетін судың көлемі 4,3 мың текше метрге көбейді. Былтыр тоғанда 2,7 мың текше метр су қоры жиналған еді. Мал шаруашылығын дамыту үшін басқа да жобалар жүзеге асуда. Осы бағытта Ұялы, Бисен ауылдарында биотермиялық мал қорымдарын салу жұмысы қолға алынды, – деді Біржан Нұрланұлы.
Аудан әкімінің орынбасары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Сайқын ауылында 14 бейнекамера іске қосу жоспарланғанын айтты. Сонымен қатар Бөрлі, Әжен, Тайғара, Саралжын ауылдарына заманауи жарықшамдар орнатылған.
Нұртай Текебаев,
«Орал өңірі»