10.11.2023, 11:15
Оқылды: 53

Қой шаруашылығын қолға алған тұрғын не үшін қой басын көбейткісі келетінін айтты

Мемлекет қолдауының арқасында қой шаруашылығын қолға алғандардың бірі – Бәйтерек ауданы Достық ауылдық округіне қарасты Чувашин ауылының тұрғыны Қайрат Қуанышалиев.

 сырым логомен дала (4)

Көрнекі фото

Ол былтыр ұлттық жоба аясында мүгедек баланы тәрбиелеп отырған әке ретінде грант ұтып, оған қой алған. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген аталы сөздің мағынасын терең түсінген кейіпкеріміз бүгінде 30-ға жуық қой бағып отыр.

- Иә, мал өсіру де маңдай тер мен көп еңбекті талап етеді. Оның жем-шөбінің дайындығының өзі үлкен мәселе. Қазір жайылымдық жер аз, шөп қымбат. Қоймен қоса ол ешкі, қоян, тауықты да асырайды. Қай істің де қиыншылығы болатыны түсінікті. Солай екен деп мойымай, күні-түні еңбек етудеміз, - дейді Қайрат.

Қайрат Қуанышалиевтың сөзіне қарағанда, зертханалық жұмыстың нәтижесінде басқа төрт түлікке қарағанда қойдың етінде А1, В12, В1 дәрумендері мол болатыны, оның сорпасын ішкен адам көп ауруынан тез айығатыны анықталған. Тіпті керек десеңіз артық салмақтан арылуға да Шопан ата төлінің еті көмекке келеді.

- Қойдың еті семіздікпен күресуге бірден бір таптырмайтын дүние екен. Қазірде диетолог мамандар салмағы 150-160 келі адамды 90 келіге терілерін салбыратпай, олпы-солпы етпей арықтату үшін, кем дегенде, 6 ай мерзім жұмсайды. Қойдың етінде белоктың көп екенін ескерсек, арықтағысы келген адам күнделікті 150 грамм қойдың етін тұтынса, оның артық терісі салбырамай, жинақы болып арықтай алады. Жалпы, қойдың етінің басты қасиеті ол белсіздікке дауа.

Құрамында калций, калий, А1, В12 дәрумендері болғандықтан оның сорпасының өзі адамды талай дерттен айықтырады. Сондықтан қой етін көбірек тұтынсақ, түрлі дертке дауа табылар деген мақсатта қой басын көбейтудемін, - дейді кейіпкеріміз.

Ал қой жүні адамның қан қысымы мен бас сырқатын жазатын бірден-бір ем деседі. Академик Жасан Зекейұлының ғылыми зерттеулерінде қой жүніндегі шуаштың адам денсаулығына пайдалы екені айтылған. Халық емшілігінде басы ауыратын адамдарға, яғни, қан қысымы барларға жатарда жанына қойдың бір уыс жүнін қойып жатуға кеңес береді. Құйрық майдың пайдасы көп екенін «Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген мақалдан-ақ түсінеміз.

Кейіпкеріміз денсаулықты сақтау үшін қойдан ажырамауы керек екенін айтады. Сол үшін ата кәсіпті қолға алып жатқандарға елі болып қолдау көрсеткеніміз абзал.

 

Нұрсәуле Жәнібекқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале