Ақжайық ауданындағы «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны!» ғылыми-өлкетану экспедициясы XVIII-XIX ғасырдағы көне қорымдардағы араб жазулы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеуді жалғастырды.
Көне құлпытастардың орнын анықтап, картаға түсіру, суреттеп жазып, фотосуретке басу жөнінде аз ғана күнде ауқымды істер атқарылды. XIX ғасырдағы қырдағы қазақ ауылдарының отырған орындары да картаға түсірілді.
Биыл төте жазуды оқуға төселген мамандар оралдық Қазыбек Құттымұратұлы мен жаңақалалық Мұратбек Жахатов және Жаңақала музейінің директоры Аманжол Сәлімовті экспедиция жетекшісі, белгілі өлкетанушы, Алмалы ауылдық округінің Атамекен ауылындағы педагог Жәнібек Әбілпейісов арнайы шақырған-ды. Бұл бірлесу іске анағұрлым серпіліс берді.
Кенжеғара қорымындағы Сатай батыр Кенжеғараұлының (1781-1865) құлпытасына биыл да ерекше назар аударылды. Ал Сартай би Сатыпалдыұлының (1797-1868) құлпытасы былтырғы экспедиция нәтижесінде табылған-ды. Қорым маңайы мен XIX ғасырдағы Соналы болысының билеушісі Мұхамеджан Сарғожин мен оның ағайындары отырған ауыл орны картаға түсірілді. М.Сарғожин кезінде Соналы болысын басқарған. Сенаттың жарлығымен дворяндық дәрежемен тепе-тең келетін «Россия империясының мирасқор құрметті азаматы» деген титулы болған. Ол Соналы болысында ауыл балаларына деп 50 орындық бір кластық орыс-қырғыз училищесін ашқызған. Оның жартысына өз қаражатымен, 25 балаға болыс қазынасына интернат ашып, қамқорлық жасаған, сондай-ақ Оралдағы реальдық училищеде оқып жүрген қазақ жастары үшін стипендия беріп отырған. Мұрағаттық деректе 1904 жылы қазақ балаларын оқытуға беркітілген жауапты зиялылар қатарында Орынборда Мейірман Бисенұлы, Жымпитыда Әбдуғали Құмайұлы, Калмыковта Ибрагим Шынарұлы, Қарашығанақта Үмбетқали Дүйсенбіұлы, Ілбішінде Құрманғали Сүйірбайұлы, Соналыда Мұхамеджан Сарықожаұлы, Өлеңтіде Мұзафар Омарұлы болып, балаларды қазақ тілі, орыс тілі және математикадан оқытты деп көрсетілген.
– Экспедиция Байшөрек күтіріндегі Сүгір жырау қорымына бір күнін арнады,-деді газет тілшісіне Ж.Әбілпейісов.– Ол 1868 жылғы патша реформасына қарсы Кіші жүз қазақтары ұйымдастырған «Ел ауа» көтерілісіне қатысқан. Байшөрек жерінде ата-бабасының қонысында қалған шаруа Есқали Шымыров төрт түлік мал көбейтіп, тірлігін дөңгелетіп отыр. Қожалығының аты – "Шымыр мешіті". Есқали атақты Сүгір жырау Мырзалыұлының шөбересі, Шымыр ишанның немересі. Шымыр осы жерден екі мешіт салдырған үлкен ғұлама, ишан болған. Қажылыққа 5 мәрте барыпты. Біз бұрын да бұл жерге екі рет келіп, Сүгір жырау туралы сыр тартып кеткенбіз. Осы жолы Мұратбек пен Қазыбек сенсациялық жаңалық ашты. Құлпытасы жоғалған деп жүрген Сүгір жыраудың біз жорамалдаған бейітінің қате топшылау екенін дәлелдеп, Сүгірдің құлпытасын тауып, мәтінін оқыды. Осылайша, тарихтағы ақтаңдақтың бірі кетіп, Сүгір жыраудың туған, өлген жылдары мәшһүр болды. Осы хабарды Есқалиға келіп «Байшөрек айналасы жайылма бел, Есқали төрт түлік мал қайырған ер. Атаңның құлпытасын тауып келдік, Есақа, сүйіншіңді дайындай бер!»,-деп жеткізгенде, ол қуаныштан ертесіне ағайынын жиып, садақа берді, Қазыбек пен Мұратбекке жылқы атады.
Сонымен қатар Байбарақ батыр кесенесі маңындағы көне қорымдағы құлпытастар нөмірленді.
Байғұтты-Шолаққамыс қонысындағы қорымның былтыр нөмірленіп, картаға түскені істі жеңілдете түсті. Құлпытастар карта бойынша оңай табылды, көбінің мәтіні оқылып, қағаз бетіне түсті. Шолаққамыс көлдігінің қыр бетіндегі көне қыстау орындары байқасталды. 12 қыстау орны картаға түсірілді. А.Сәлімов осы жерден патша эмблемасы мен жазуы таңбаланған әтір құтысы мен тасқайрақ және темір үзеңгінің қалдығын тауып, Атамекен ауылындағы «Жерұйық» мұражайына тарту етті.
Байшөрек елдімекенінен 3 шақырым қашықтықта батыс бетте Қуқұлақ деп аталатын ескі қорым бар екен. Жоспарда болмаса да, экспедиция Есқали Шымыровтың жол бастауымен сол қорымға келіп, зерттеу жүргізді. 9 құлпытас нөмірленіп, фотосуретке түсірілді.
Базаршолан ауылындағы қорымдағы 31 көне құлпытас, Ескі Есім ауылы маңындағы Есім хан жерленген зиратта 46 көне құлпытас анықталды. Ағаларының қасында жүрген оқушылар – Жәнібектің шәкірттері құлпытастағы көне сандардың қалай таңбаланатынын үйреніп, арабша сандарды оқи алатын дәрежеге жетті. Сөйтіп, 5 күн жорықта Кенжеғара, Байшөрек, Байбарақ, Қуқұлақ, Базаршоландағы 5 қорым түгел оқылып, нөмірленіп, картаға түсірілді, Есім хан қорымында бұл жұмыстар әзірге жартылай орындалды.
Болат Қосжанұлы
Ақжайық ауданы