Орал қаласындағы «Зенит» мәдениет сарайында Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері «Жұбан» поэтикалық драмасын сахналады. Қойылымда Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Жұбан Молдағалиевтің бала жастан дана жасқа дейінгі жүріп өткен жолы мен «Мың өліп, мың тірілген» ұлтымыздың тарихи кезеңі егіз өріледі. Бір актілі поэтикалық драманың авторлары – ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева мен белгілі драматург Мәдина Омарова.
Ал қойылымның режиссері – республикалық фестивальдерде өзіндік ой-тұжырымымен көзге түсіп жүрген Гауһар Адай.
«Жұбан» қойылымын көруге келген халықтың қарасы қалың болып, залда ине шаншыр орын болмады.
Қойылым Жұбанның Колбин алдында Желтоқсан оқиғасы туралы шындықты айтып, қазақ жастарына араша түсетін жиналыс сәтінен басталды. Халқына жасалған қиянат жайында айтып, мінбеге шыққан Жұбан ақынның жан күйзелісі әсерлі, шынайы шықты.
Содан соң елде зұлмат ашаршылық болып жатқанда Жұбан жарық дүниеге көрінгенін, аштықтың кесірінен бір-бірінің жеген тамағын аңдып, ашынған халықты шығарады. Әкесі Молдағали өлген кезде актерлердің бірінің үстіне бірінің бастарын қоюынан моланың бейнесін көз алдымызға әкелуі өте әсерлі көріністердің бірі болды. Оқиға бірте-бірте ақынның бала кезіне ауысып, кейіпкердің әділетті де қайсар мінезі қалай қалыптасқаны суреттеледі. Тарихи тұлға анасы Зеріптің «Намыс пен жан таразыға түскенде, таңдауың – намыс болсын!» деген сөзі өмірлік ұстанымына айналғанын, сондай-ақ оның биік адамгершілігін, Жұбан ақынның қайтпас қайсар ұлтжандылығын актер Теміржан Матаев шынайы сахналады. Майдан даласындағы жігіт Жұбанның бейнесін, яғни соғыста жауынгер достарынан айырылып, біреуіне «Кеңестің оғы» тигеніне «Совет әскері өз солдатын атып құлату мүмкін емес» деп сене алмауы арқылы актер Құралбек Қатшаев ақынның есею сәттерін ерекше жеткізді. Оқ тиген жауынгерлердің мерт болуын пластикалық қимылдармен көрсетуі де – жан алып, жан берген шайқастан елес беріп өтті. Ал бала Жұбанды сомдаған Рауан Таймас анасы Зеріпті (Нұрлыгүл Жұбатова) Жабас байдың (Жылқыбай Жұбатов) қорлығынан құтқарамын деп өзі соққының астында қалуы, балалық мінезбен көз жасын жасыра алмай жылауы, анасына еркелеп, асыр салып ойнауы арқылы өмірге құштар жанның сүйкімді бейнесін жеткізеді.
Сондай-ақ анасы Зеріптің ұлы соғысқа кеткенде оның тағдырын ойлап, уайым шегуі, күйзеліске түсуі, психологиялық толғаныстарын да көруге болады. Қойылымда көрермен үшін тағы бір әсер еткен көрініс – Желтоқсан оқиғасы кезіндегі аяқтары шынжырмен кісенделген, әр адым аттағанда сол шынжырдың дауысы естілетіндігі. Желтоқсан оқиғасын суреттегенде шынжырдан босап шыққан халық енді оны қолдарына ұстап, төбесіне көтеруі арқылы «оянған» қазақты, ал жүгірген, құлаған қыз-жігіттердің үстін ақ қармен жабылуы елімізге тәуелсіздік оңай жолмен келмегенін, ол бабалар қанымен келген құндылық екенін бейнелеудегі ұтымды табылған детальдар, халықтың патриоттық сезімін күшейтер көріністер болды.
Алғашқы көпшілік сахнаны көк түсті киім кигізіп, актерлердің беттерін ағартып, шаштарын үрбитіп, грим жасау арқылы сол кездегі аштықтың жиынтық образын берсе, келесі соғыс сахнасында қызыл түсті костюмдер арқылы қан майданды көрсеткендей. Сондай-ақ қойылымдағы басты декорацияның бірі – ұзындығы 3 метр, биіктігі 4 метр болатын ер-тоқым. Бұл арқылы режиссер қазақтың ер-азаматтары аттан түспесін, ұлттық рухы маздай берсін деген тілекті жеткізгені шығар деп топшыладық.
Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері ақын тағдырын, заман шындығын барынша шынайы бейнелеген. Қойылымдағы негізгі бейнелерді Теміржан Матаев (Жұбан), Жанаргүл Құрманғалиева (жұбайы Софияны), Нұрлыгүл Жұбатова (Жұбанның анасы Зеріпті), Рауан Таймас (бала Жұбан), Құралбек Қатшаев (ақын Жұбанды), Райымбек Ермек (әкесі Молдағали), Эльмира Мақашева (әйелдің бейнесін), Жылқыбай Жұбатов (Жабас бай), Нұржігіт Сейтмаханбетов (Колбин), Салауат Түменов (қария), Жамбыл Заев (Құбаш) сомдады.
Қойылым ұлттық рухты сілкіндіріп, намысты қайрайтындай, жалын-жігерді жанитындай дәреже-деңгейде сахналанды. Туынды соңында Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов алтын уақытын бөліп келген көрермендерге алғысын айтып, республикалық фестивальге жол тартқалы отырған қойылымға сәттілік тіледі.
– Қайырлы кеш, құрметті театр сүйер көрермен. Бүгін, міне, өздеріңіз ұлттық мән-мағынасы зор, қазақтың біртуар ұлы, жерлесіміз Жұбан Молдағалиев туралы «Жұбан» спектаклін тамашаладыңыздар. Бұл қойылым осыдан үш жыл бұрын сахналанған еді. Бірақ бірде-бір фестивальге қатысқан жоқ. Қойылымның режиссері Гауһар Адай қарындасымызды Астана қаласындағы театрдан бір апта бұрын арнайы шақыртып, қойылымға қайта дайындалдық. Театрдың атынан Гауһар қарындасымызға алғыс айтамын. Бұйырса, ертең осы «Жұбан» қойылымымен театр ұжымы Атырау қаласында өтетін республикалық фестивальге аттанады. Соған сәттілік тілеймін, – деді Нұржан Қадержанұлы. Содан соң театр саласының ардагері, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры қызметін 20 жылға жуық атқарған, «Құрмет» орденінің иегері Құжырғали Төлеуішев театр ұжымына ақ батасын беріп, өнер байқауынан олжалы оралыңыздар деген мазмұндағы ақ тілегін алға тартты.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»