14.11.2023, 17:00
Оқылды: 27

Қой өсірудің тиімділігі неде?

Ауылды өркендетудің жолы – ауыл халқының материалдық әл-ауқатын арттырумен қатар, сол ауылдағы шаруаларды ұйымдастыратын ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру да маңызды. Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда мал шаруашылығының жетекші саласы - қой шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Дегенмен қой етін өндіріп, жүнін өңдеп, іске жарату ісінде әлі де болса атқарылар шаруа, шешімін күткен мәселелер бар. Қарға тамырлы халқымыздың қой түлігіне қатысты сансыз мақал-мәтелінің ішіндегі ең танымалы – «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның – көл-көсір».

сырым логомен дала (4)

Кешегі кеңестік кезеңде Қазақстандағы қой санын елу миллионға жеткіземіз деп ұрандатып жүрген, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда Шопан атадан ардақты кәсіп болмаған-ды. Бар атақ-даңқ, сый-құрмет солардікі еді. «Қой шаруашылығы – екінші тың» деп дабылдатып, мектеп түлектері жаппай қой бағуға жұмылдырылған, жайлау төсіндегі, қыстақ басындағы, қырықтық кезіндегі қызыққа толы күндер аға буын өкілдерінің күні кешегідей жадында болса керек.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алмағайып кезеңде қой шаруашылығының қадірі күрт түсіп, қатты тоқырап қалғаны жасырын емес. Еңбекақы мен зейнетақы көзден бұлбұл ұшқан қиын жылдарда да бұл түлік халықтың берекесін сақтап, азығы болды. Арзымас ақша орнына жүрді, бір шөлмек «Рояльға» айырбасталды. Қалай дегенде де құрметті қонағымызға бас тартып, құдаларымызбен құйрық-бауыр жесіп тұрғанда, бұл түліктің сұраныстан түспейтіні, құнсызданбайтыны сөзсіз.

Қойдың күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі пайдасы бүгінде негізгі басымдық беріліп отырған сиыр, жылқы түліктерінен артық болмаса, кем емес. Мына бір дерекке назар аударайықшы, аша тұяқтың осы түрі әлемде өсетін 800 шөптің 560-ын қорек ететін көрінеді. Ал қоймен салыстырғанда, ірі қара малы 420, жылқы 415 шөп түрімен қоректенеді екен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударып, агроөнеркәсіп кешенінің алдына нақты міндеттер қойды. Еліміз әлемдік нарыққа сапалы өңделген ауыл өнімдерімен ғана шыға алатынын, ол үшін өңделген өнімді 70 пайызға көтеру керектігін ескертті. Сонымен қатар су қоймаларын көбейту, ауыл шаруашылығы технкаларын жаңарту, ауылдағы шағын бизнесті қолдау, ауылға заманауи технологияларды тарту, суды аз тұтынатын дақылдарды көбірек егу сынды тапсырмалар жүктеді. Аталған міндеттер іске асатын болса, ауыл шаруашылығының екінші тынысы ашылары сөзсіз.

Ауылда іске аспай, пайда әкелмей жатқан дүние көп. Ауданды айтпағанда, облыста ұсақ мал терісін бастапқы өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Шикізат дайындау жүйесі жолға қойылмаған. Тері дайындаушылар жоқ, терінің сапасы да талаптарға сай келмейді. Бағалы шикізатқа деген сұраныстың болмауына байланысты ауылдарда тері-терсек пен жүн-жұрқа, сүйек-саяқ ит-құсқа жем болып далада шашылып жатады. Табиғи таза өнімнен халық ешқандай пайда көріп жатқан жоқ. Миллиондаған теріні бір жылда жинап алуға, жүннен де мол пайдаға кенелуге болады. Шикізат жеткілікті. Қазір ауылдағылар әр қойдан 50-60 мың теңге ғана пайда көреді. Жүні мен терісі іске асса бұл пайда 30-40 пайызға артуы мүмкін. Өкінішке қарай, олай болмай тұр. Бар пайдалы дүние босқа рәсуә болып отыр.

Кеңестік кезеңде шешілген осы мәселені шұғыл шешу күн тәртібінде деп білеміз. Тері мен жүнді өңдеу қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берер еді. Алайда оны пайда көзіне айналдыратын мүдделі сала болмай тұр. Соның салдарынан терең өңделген дайын өнімдерді, атап айтқанда, иірілген жіп, мата, кілем бұйымдары мен тон, етік, бас киімдерді шетелден импорттауға мәжбүрміз.

 Ауыл-аймақтарда жайылымдардың жағдайы да жыл санап нашарлап барады, яғни тозуы байқалады. Бұған мал басының шектен тыс көбеюі де өз әсерін тигізіп отырған көрінеді. Сондықтан шаруа қожалықтары мал басын арттыруды ғана мақсат етпей, малшы қауымның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жеңілдету жайын да ұдайы назарда ұстауы керек.

  Мерзімді басылымдардан оқып жүргеніміздей, қарамағындағы малшылардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасап отырған шаруа қожалықтарының саны артып келеді. Мұндай шаруашылықтарда қолда бар малды бордақылау, жүн қырқу, қой тоғыту, мал сою, мал өнімдерін өңдеу кешендері озық технологиялық үлгілермен жабдықталған.

 Сөз орайында айта кеткен жөн, қойдың еті де, сүті де адамның ағзасына күш-қуат беруден бөлек, көптеген дертке шипа. Бір ғана мысал, өткен жылдары бүкіл әлемді жайлаған пандемия кезінде қойдың құйрық майының құны өсті. Сондықтан еті бағлан, сүті саумал, жүні жібек жануардың құны артып, қой шаруашылығын дамыту мәселелері оң шешімін таба беруі қажет.

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале