Осы аптаның басында Сырым ауданында аудандық ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті. Жиналысқа Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов, Батыс Қазақстан облыстық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Мақсот Берген және ауылдық округтердегі қариялар қатысты.
Ақсақалдардың аудандық кеңесіне бүгінге дейін Әнуарбек Ғалымов төрағалық етті. Оның мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибесі, халық арасындағы сый-беделі ұйымның жұмысын жаңа биікке көтеруге көмектесті. Кеңестің құрамы көпті көрген, сөзіне ел тоқтайтын қариялармен толықты.
Әнуарбек Ғалымов бірнеше шақырылым бойына аудандық мәслихатқа депутат ретінде сайланды, сайланбалы органды басқарды. Елдің үміт пен үдесін ақтау жолындағы қызметін ақсақалдардың төрағасы ретінде абыроймен жалғастырды.
Кешегі отырыстың күн тәртібінде аудандық ақсақалдар кеңесіне жаңа төраға сайлау мәселесі қаралды. Әнуарбек Ғалымов замандастарына сенім мен қолдаулары үшін алғыс білдіріп, төрағалыққа белгілі журналист Мүсірбек Айташевтың кандидатурасын ұсынды. Кеңес мүшелері үміткерді бірауыздан қолдады.
Мүсірбек Айташев 1957 жылы 4 мамырда дүниеге келген. Тілші, ҚР Журналистер Одағының мүшесі. Саналы ғұмырын ақпарат саласына арнап, күні бүгінге дейін «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің редакциясында еңбек етіп келеді. Мүсірбек Айташевтің мақалаларының кейіпкерлері – қарапайым еңбек адамдары, өнер мен кәсіп иелері, тылсым тағдырлар. Журналист кейде табиғаттың өзімен тілдесіп, сөйлеседі.
Мүсірбек Айташев қоғамдық-саяси өмірдің шынайы боямасыз бейнесін көрсетіп, сын мен мінін ашып жазды. Талайдың жоғын жоқтап, қам көңілдерді жұбатты. Кеңес мүшелері жаңа төрағаның ұйымның жұмысын қайраткерлікпен атқаратындығына сенім білді.
Отырысты Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қорытындылады. Батыс Қазақстан облыстық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Мақсот Берген осыған дейін Кеңесті басқарған Әнуарбек Ғалымовқа алғыс білдіріп, төсбелгі тақты. Мерейлі жасқа толған Қособа ауылдық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Төлеу Шарифуллинге аудан әкімі шапан жауып, құрмет көрсетті.
- Аға буынның мойынында ұрпақ тәрбиесі деген асыл іс тұр. Болашаққа жауапты жастар емес, біздер! Сондықтан, жастар үлгі алатын, сыйлайтын абыройлы ақсақал болуға тиістіміз. Бізге имандылық, қазақылық, ірілік жарасады. Қазақ қариялары қадірлі болсын! - деді Мақсот Берген.
Б.Шерім,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz