Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Kazinform.
Крөнекі фото қорғаныс министрлігінің telegram каналынан
Заң жобасында әскери қызметтің жаңа түрін - резервтегі қызметті енгізу ұсынылады. Заң жобасына сәйкес резервтегі қызмет - бұл аумақтық қағидаты бойынша (тұрғылықты жері бойынша) әскери қызметтің ерікті түрі.
«Резервтегі қызмет туралы заң жобасын әзірлеуге жұмылдыру жүйесін одан әрі жетілдіру негіз болды. Бұл нормалар әскери бөлімді адами ресурспен кепілді қамтамасыз етуге резервте болатын жауынгерлік дайын күшті құруға мүмкіндік береді. Заң жобасын іске асыру үшін екі кодкске, төрт заңға өзгеріс енгізіледі», - деді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.
Оның айтуынша, Қылмыстық кодекске резервтегі жауынгерді әскери құқық бұзу субъектісіне жатқызу бойынша өзгеріс енгізіледі. Еңбек кодексіне жұмыс беруші мен резервтегі әскери арасындағы еңбек қатынасын реттеу бойынша түзету жасалады. Ал «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға резервтегі әскери адам мәртебесін, оның құқығы мен міндетін белгілеу, резервтегі әскеридің міндетін орындау кезеңін айқындау, резервте қызмет өткеру бойынша өзгеріс енгізіледі.
Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңдарына мемлекеттік қызметшінің резервте қызмет ету мүмкіндігі бойынша өзгеріс жасалады.
«Заң жобасын іске асыру азаматтарға резервте әскери қызмет етуге мүмкіндік береді. Ол үшін келісімшарт ерікті түрде үш жылға жасалады. Даярлық бір жылда екі айдан аспайды. Жауынгерлік жиындар 30 күнде іске асырылады. Резервтегілерге арналған сабақтар ай сайын екі-үш күн болады», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, бұл іс-шараларға қаражат республикалық бюджет есебінен қарастырылады. Біріншіден, тиісті сабақтар кезінде ай сайын ең төменгі жалақы төлеу ескерілген. Екіншіден, жауынгерлік жиындар кезінде орташа жалақы төлеу жоспарланған.
«Әскери резервтегі адам қызмет еткен кезде жұмыс орны сақталады. Заңды қабылдау әлеуметтік тұрғыдан тиімді. Резервке қызметке кірген азаматтың кірісі артады. Бұл қызметті енгізу бейбіт уақытта әскер санын арттырмай, қойған міндетті орындауға дайын азаматтар санын даярлауға мүмкіндік береді», - деді Руслан Жақсылықов.
Таратылған мәліметке қарағанда, резервке адамдар ерікті түрде тартылады. Оларға денсаулық жағдайы бойынша талаптар қойылады. Сонымен қатар, офицерлер 60 жасқа дейін, ал сержанттар мен сарбаздар 50 жасқа дейін болуы керек. Резервтегілер дайындықты әскери бөлімдерде өтеді және оларға тиісті қару-жарақ пен техника бекітіледі.
«Резертегі қызметті 2025 жылы қалыптастыру жоспарланған. Осы уақыт аралығында барлық әлеуметтік мәселелерді шешу керек. Бірінші кезеңде резервке 2 мыңға жуық адамды шақырту ескерілген. Бұл бағытта жылына 3,5 млрд теңге шамасында қаражат керек. Осы жүйені нығайтқаннан кейін, алдағы уақытта резервтегілер саны арта түседі», - деді ведомство басшысы.