16.11.2023, 9:45
Оқылды: 50

Отбасыларға мемлекеттен әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді

Мемлекет елдегі және әлемдегі динамикалық экономикалық жағдайда бала тууды ынталандыру және ана мен баланы қолдау мақсатында отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Бұл ретте балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы жүйесін одан әрі жетілдіру елдің экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта ел халқының саны 20 миллион адамға жетті. Халық санының өсуі ең алдымен мемлекеттің қазақстандықтар үшін қолайлы жағдай жасауға байланысты.

1646982303_news_b

Фото: almaty.tv

Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары мен салық салу кезіндегі жеңілдіктер және азаматтар өмірінің барлық кезеңдеріндегі басқа да әлеуметтік қорғау шаралары жүйесін қамтитын балалары бар отбасыларды қолдаудың кешенді моделі құрылған. Сондай-ақ балалы болғысы келетін отбасыларға арналған ЭКҰ бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Елдегі демографиялық жағдайды жақсартудың бір бағыты – көпбалалы отбасыларды материалдық немесе жәрдемақы, төлем, бірқатар салықтан босату және тағы басқалай ынталандыру.

Отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі жолға қойылған. Жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлем (орташа айлық жалақының шамамен 40%-ы), бала туған төленетін төлем (бірінші, екінші, үшінші балада – 110 846 теңге, төртінші және одан да көп балаға – 183 771 теңге), бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі үшін, (16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін), отбасының табысын есепке алмай төленетін мүгедек баланы күтумен айналысатын ата-аналар үшін (48 023 теңге) жәрдемақы төленеді.

Бұдан басқа, бір жасқа толғанға дейін бала күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табыстың 10%-ы мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген.

Атаулы әлеуметтік көмекті арттыру және көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында 2020 жылы отбасыдағы баланың санына қарай сараланған мөлшерде табысын есепке алмай тағайындалатын жәрдемақының жаңа түрі енгізілді (4 баласы бар отбасыларға 16,03 АЕК – 46 760 теңге, 5 балаға - 20,04 АЕК - 58 457 теңге, 6 балаға - 24,05 теңге АЕК - 70 154 теңге, 7 балаға - 28,06 АЕК – 81 852 теңге, 8 және одан көп баласы барлар үшін – әр балаға 4 АЕК).

Табысы төмен отбасыларға (отбасының әрбір мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен) атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Сондай-ақ қажет болған жағдайда отбасы үшін жергілікті атқарушы органдар есебінен тұрғын үй және қосымша әлеуметтік көмек көрсету көзделген.

Көпбалалы аналарға табысына қарамастан «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы бар (жәрдемақы мөлшері қазіргі уақытта 17 780 теңгені (6,4 АЕК) құрайды). «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңында халықтың әлеуметтік осал топтарын (оның ішінде көпбалалы отбасылар мен көпбалалы аналарды) тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі нормалар көзделген. Жоғарыда аталған наградалары бар көпбалалы аналардың, көп балалы отбасылардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалдаған тұрғын үй алуға бірінші кезектегі құқығы бар.

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградасы бар және көпбалалы аналара бірқатар салық пен мемлекеттік бажды төлеуден босатылған:

  • көлікке салынатын салықтан (бір автокөлік құралы бойынша);
  • үй қорында орналасқан, оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттарды қоса үй жанындағы жер учаскелерiне салынатын салықтан;
  • үй маңындағы жер учаскелеріне салынатын салықтан;
  • жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салықтан (АЕК мөлшерінің 1000 еселенген шегінде);
  • нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде мемлекеттік баждан;
  • зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган заңдық маңызы бар іс-әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баждан.
  • «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 3-тармағына сәйкес 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

Сонымен қатар әйелдер үшін заңнамада еңбек өтілін есептеу бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтіліне күтім уақыты есептеледі:

  • жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен, бiрақ әр бiр бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы 12 жыл шегiнен аспайтын уақыт;
  • бөгденің көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, екінші топтағы мүгедектігі бар жалғызілікті адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтім жасаған уақыт;
  • мүгедектігі бар 16 жасқа дейінгі баланы бағып-күткен уақыт.

Сондай-ақ көпбалалы аналарға көмек көрсету мақсатында өмірлік қиын жағдайға тап болған әр отбасына психологиялық, әлеуметтік, құқықтық және басқа да қажетті көмек көрсететін, сондай-ақ отбасы институтын дамытуға жан-жақты қолдау көрсететін арнайы орталықтар құрылды.

Мемлекет басшысы 2021 жылы бастамашылық еткен «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 8 мың әйел жүкті болып, 5 мыңнан астам сәби дүниеге аман-есен келді. Сонымен қатар баласыз ерлі-зайыптыларға ана мен әке болу бақытын табуға көмектесетін бағдарламаны іске асырудың басынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен ЭКҰ-ға квоталар саны 7 есеге ұлғайтылып, 20 мыңнан астам әйелді ЭКҰ рәсімдерімен қамтыды. Осылайша мыңдаған отбасы осы бағдарламаға қатысуға және ата-ана болуға мүмкіндік алады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале