16.11.2023, 10:45
Оқылды: 51

«Шөп шабатын науқан кезінде тракторшылар іздейміз»

19 қараша – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні

Агроөнеркәсіп кешені – еліміздің экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар сала. Осындай жауапты салада еңбексүйгіштік пен қарапайым еңбек адамының үлгісін көрсетіп жүрген жанның бірі – «Төлеңгіт» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Дакешев (суретте).

 5da2bdd9-b711-47b0-95e8-a6f1316fe9a9

Біздің кейіпкеріміз Қанат Абсалықұлы Зеңгі баба түлігін түлетіп, атакәсіпті өркендетіп отыр. Ол 2014 жылы Теректі ауданындағы Подстепный ауылдық округінде «Төлеңгіт» шаруа қожалығын ашып, сүт-тауарлы фермасын құрған. Мал қора, сиыр сауатын және жем-шөп сақтайтын орын салған. Қазір мұнда сүтті-етті бағыттағы симментал тұқымды 200  сиыр өсіруде.

– Мал өсіруді атакәсіп ретінде бағалайтын адамдар ғана шаруашылықпен айналысады. Мысалы, өзім ес білгелі жылқыны жақсы көремін. Малшының баласымын. Әкем Абсалық Дакешев мал бақты, анам Жансұлу Дакешева сауыншы болды. Өзім 1996 жылы ауыл шаруашылығы институтын зооинженер мамандығы бойынша бітірген соң, ет комбинатында жұмыс істедім. Содан кейін жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, бүгінде шаруашылықтың іргетасын қаладым. Қазір отбасымызбен осы шаруашылықта еңбек етіп жүрміз. Симментал сиырларының ерекшелігі – олар біздің облысқа жерсінген. Голштин тұқымды сиырлар нәзіктеу болса, симменталдар ауруға төзімді келеді. Сосын олар сүтті әрі етті болғандығымен де бағалы. Сүтті мал өсіру оңай емес. Сауыншы жұмыста болмай қалса, өзіміз-ақ сауа береміз. Малшы жоқта сиырды да бағамыз. Сондықтан сүтті мал өсіретін жан осындай жұмыстың бәріне дайын болуы керек, – деді шаруа.

3b1fd2a3-53a5-4498-ae6f-da0df8758de4

Сұрқай тартқан күзгі жайылымнан сидаңдап келе жатқан сиырлардың күйі қоңды көрінеді. Сауыншылар 70 сиыр сауып, тәулігіне 650 литрдей сүт алады екен.  Қашарлар күніне 8 литр, ал үлкен сиырлар 20-25 литрдей сүт береді. Айта кету керек, кәсіпкер 2017 жылы асхана ашқан. Бүгінде мұнда төрт адам жұмыс істейді. Жол бойындағы асханадан өткен-кеткен жолаушылармен қатар, шаруашылықтың жұмысшылары да тамақтанады. Асханада сүтті-тауарлық фермада өндірілген сүт, қаймақ және басқа да сүт өнімдері сатылады. Сүтті «Береке» сүт зауытына да өткізеді. «Табиғи өнімге сұраныс көп. Тұрақты тұтынушыларымыз болғандықтан, сүтті өткізуден қиындық жоқ. Рас, қазір облысқа Ресейден сүт және сүт өнімдерінің көп келіп жатқанын естіп жүрміз. Шындығында, дүкен сөрелерінде айлап жататын сүттер қалай бұзылып кетпейді деген ой келеді. Сондықтан олардың құрамы тексерілуі керек», – деді фермер. Шаруа бие сауып, қымыз, саумал сатуды да жолға қойған.

Қанат Абсалықұлының айтуынша, маусымдық кезеңде шаруа қожалығында оннан астам адам жұмыс істейді. Биыл фермер «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ның агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларға кредит беру бағдарламасының игілігін көрмекші. Аталмыш бағдарлама шеңберінде жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайызбен берілетін несиеге 400 бас мал алып, техникаларды жаңартуды жоспарлап отыр. Жүгері шабатын, жер жыртатын техникалар және сиыр сауатын құрылғылар алмақ. Шаруашылықтың 1700 гектар жерінің 390 гектары – суармалы  жер. Алдағы күндері суармалы жердің аумағын ұлғайтып, тиімді пайдалану үшін тамшылатып суаратын құрылғылар алуды көздеп отыр. Қазір жаңадан әкелінетін сиырлар үшін қора салынуда.

– Ауыл шаруашылығындағы жұмысты техникасыз атқару мүмкін емес. Алайда қолда бар техниканың құлағында ойнайтын тракторшылар тапшы. Шөп шабатын науқан кезінде тракторшылар іздейміз. Бұл салада жұмыс істегісі келмейтін жастарды жиі көріп жүрміз. Оларды қызықтыру үшін жоғары жалақы төлеп, жағдайларын жасау керек шығар? Біздің шаруашылықта мал азығын жинайтын мезгілде тракторшылар 200 мың теңге жалақы алады. Малшының да еңбекақысы осындай. Ал сауыншы мен аспаздардың жалақысы – 180 мың теңге, – деді кәсіпкер.

Шаруашылықта 90 гектар жерге жүгері, 200 гектарға судан шөбі, 100 гектарға еркекшөп егілген. Сиырлардың тәуліктік нормасы белгіленген. Бір сиыр 25 келі силос, 8 келідей шөп, 5 келі жем, 2 келі күнбағыс шротын жейді. Күніне 50-55 литрдей су ішеді. Жалпы шаруалар қыстың ерте түсіп, көктемнің жай шығуына байланысты мал азығын 180-200 күнге жететіндей етіп әзірлейді. Ал «төлеңгіттіктер»  жем-шөпті 220 күнге жеткілікті етіп дайындайды. Себебі даладағы шөп бір қарыс өспей, сүтті бағыттағы сиырларды жайылымға шығармайды. Сондықтан мал азығы сәуірдің 10-15-іне дейін жетуі тиіс. Қазірдің өзінде даладан келген малға жем-шөп берілуде.

– Бүгінде Орал қаласында «Береке» ЖШС-дан басқа үлкен сүт қабылдайтын орын жоқ. «Каверин» жеке кәсіпкерлігі ғана бар. Сондықтан облысқа бір-екі ірі сүт қабылдайтын жер керек. Мәселен, биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында бірталай адам сүтті бағыттағы мал сатып алуда. Болашақта олар да өндірген сүттерін тапсырады. Жымпитылық бір жігіттің сиыр сүтін Ақтөбедегі «Айс» ЖШС-ға апаратынын білемін. Қазір ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру қолға алынуда. Түсінген адамға бұл дұрыс шешім. Шаруашылықтардың біріккені тиімді. Себебі бірі тамақ дайындап, екіншісі шөп шапса, келесісі мал бақса, жұмыс та жеңілдейді, – деді Қ. Дакешев.

Атакәсіптің қыр-сырын терең меңгерген Қанат Абсалықұлының сөздің емес, істің адамы екені көрініп тұр. Көп сөзге жоқ ағай мәймөңкелеп отырмай, ойын да тіке айтады екен. Қысы-жазы шаруашылықтың басы-қасында жүретін азамат «Бос уақытым бола қалса, немерелерімді ойнатамын» дейді. Кәсібінен нәсібін тауып, агросаланың дамуына өзінше үлес қосып жүрген жанның еңбегі жана бергей.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале