Егде тартқан уақытта жас шамаңды еске түсіріп, ойлаудың өзі біртүрлі сияқты.
Бүгінде 67-ге келдім. Бұрынғы жас кезіміздегі егде көрінетін әжелеріміз бен аталарымыздың жасы десе де болғандай. Бірақ өзім үшін жаным жас, қартаймаған секілдімін. Алайда балалық бал дәуренім, қызылды-жасылды жалауы желбіреген жалынды жастығым, қызығы мол қимас шақтарым сағым болып алыстап кеткенін мойындамасқа шарам жоқ. Осыдан үш жыл бұрын облыстық «Мерейлі отбасы» байқауынан жүлделі орынға ие болғанымызда, елордадан тілшілер хабарласып, отбасымыз туралы бірнеше сұрақ қойды. Соның ішінде «Жұбайыңызбен қашан және қалай таныстыңыз?» деген сауал да болды. «Оралда таныстым» деп айта салу оңай, әрине. Бірақ біздің таныстығымыз бір киноға өзек болардай ұзақ хикая... Ойлана келе, соның бәрін әңгіме түрінде баяндауды жөн көрдім.
Ақтөбе облысының орталығынан шалғай жатқан Ойыл ауданындағы қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда 10 жылдық мектепті бітірдім. Төртінен бесі көп аттестатымды қолыма алған менің арманым актриса болу еді. Сол жылы біздің «Жекенді» совхозы ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік шығып, Ақтөбедегі телевидениеден арнайы түсіру тобы келді. Шаруашылық директоры мектеп қабырғасында жүріп, танымал болған мені «Дикцияң жақсы» деп ауыл өмірі туралы айтуға көндіріп, камераға сөйлетіп қойды.
Менің талабымды бірден таныды ма, телеарна мамандары «Ақтөбеге кел, дикторлықты үйренесің» деп үгіттеді. Мен үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, басымды алып қаштым. Қалалық қонақтар көндіре алмаған соң, біржола үмітін үзген шығар десем, олай болмай шықты. Кейін қолқа салып ауылға тағы екі рет келді. Бәрібір бармадым.
Совхоз басшысының да, ауыл адамдарының да айтқан ақылы «өтпеді». Алдымда кесе-көлденең көп кедергі тұрғандай көрінетін. Актриса болу үшін Алматыға бару керек. Мен болсам, орыс тілін білмеймін, сондықтан біреудің жетектеп апарғаны дұрыс. Одан қалса, қаражатым да жоқ. Жалғыз анамнан басқа арқа сүйер жанашырым жоқ. Бірақ арманым – қайткенде де оқуға бару.
Анамның: «Қызым-ау, үлкен қаланы көрген жоқсың, жақын жерден, ауданнан ашылып жатқан дүкеншілікті, бухгалтерлікті оқып алсаң да, кем болмайсың» деген өтініш-ұсынысына да құлақ аспадым. Сонымен, белді бекем буып, Орал қаласына қазақ тілі және әдебиеті факультетіне оқуға баруға жиналдым. Ол кезде филология факультеті Ақтөбеде жоқ болатын.
Анам байғұс уайымдап, шыр-пыры шықты. «Құлыным-ау, Оралдың дені орыстар дейді, қалай күн көресің? Өзің қыз баласың, райыңнан қайт, айналайын», – деп күйіп-пісіп, жалынып-жалбарынды. Ауылдың екі баласы – Күләш Бақтыгереева (қазір марқұм болып кетті), Айтқожа Құтқожин деген екі студент Оралда оқиды екен. Солардың оқу орындарының, жатақханасының мекенжайын жазып алдым. Бар үмітім соларда.
Марқұм анам мектептің пешін жағып, еденін жуатын. Сол маңдай термен тауып, жинаған ақшасын қолыма ұстатып, апа-жезделерім қолындағы барын беріп, Ақтөбеге мал алып бара жатқан көлікке мінгізіп жіберді. Қолымда үлкен қара чемодан, ішінде аз ғана киім-кешектен басқа сықасқан оқулықтар. Емтиханға дайындыққа керек деп бірін қалдырмай салып алғанмын. Сыймағандарын (ол кезде сумка, пакет дегендер жоқ) жіптен жасалған, қазіргі пияз қаптайтын тор дорбаға тоғыттым.
Ұзақ жүріп Ақтөбеге де жеттік. Қабат-қабат үйлерді, жөңкілген көліктерді, жосылған адамдарды көргеннен-ақ есім шығып кетті. «Осы көлікпен кері кетіп қалсам ба екен?» деп те ойладым. Бірақ оқуға барамын деп кетіп, қайтып баруға намысым жібермеді.
Келесі күні мединститутта оқитын сыныптасым, туысымыздың баласы Болат Аймағанбетов ұшаққа мінгізіп жіберді. Екі сағатта ұшақ Оралға келіп қонды. Бір кезде бәрі бір автобосқа мінді. Мен де сол автобосқа жанталаса мініп алдым. Бәрі бір жерге келген соң, түсіп қалды. Мен де түстім. Әркім әр жаққа тарап кетіп жатыр. Мен ұшақта бірге келген екі қазақ ағайдың соңынан ілестім. Ағайлар арттарында келе жатқан маған қарап қояды. Ілесе қуып жеткен мен ағайларға: «Ағалар, менің Оралға бірінші келуім еді. Пединституттың жатақханасына жеткізіп салмайсыздар ма?», – деймін. Ағайлар бетіме қарап: «Қарағым, өзіміздің де бірінші келуіміз», – деді де ары қарай жүре берді. Жыларман болып тұрып қалсам да, соңдарынан қалмадым. Автобус іші лық толы. Чемодан мен дорбамды аяғымның үстіне қойғаным сол еді, бір орыс келіншегі менің қолыма бір уыс 5 тиындық қара бақырды төге салды. Шошып кеттім. Келіншекке бір, қолымдағы тиындарға бір қараймын. Келіншектің айтқан «передайтесіне» түсіне алар емеспін. Сөйтіп, не істеу керек екендігін білмей тұрғанымда, тәңір жарылқағыр бір жігіт қасымдағы келіншекке тура маған айтқандай «Передайте» деп 5 тиындықтарды бере салды. Әлгі келіншек алдағы біреуді түртіп, «Передайте» деді де, тиындарын соған берді. Мен де жалма-жан «Передайте» деп алдымдағы адамға бере салдым. «Уһ» деп бір үлкен пәледен құтылғандай рақаттанып тұрғанымда әлгі келіншек тағы «Передайте» деп сала құлаш қағаз беріп тұр. «Құдай-ау, мұны тағы не істеу керек?». Сөйтіп, тұрғанда қасымдағы жаңағы келіншекке де сондай қағаз келді. Әлгі келіншек біреуін жыртып алып қалды да, ары қарай беріп жіберді. Менде жалма-жан біреуін өзіме жыртып алып қалдым да, ары қарай жалғадым (оның билет екенін қайдан білейін?).
Біреу бірдеңе десе, боздап қоя бергелі тұрған менің жағдайым расымен қиын еді. Сөйтіп тұрғанымда есіктен бір қазақ жігіті кіріп келе жатты. Туған ағамды көргендей қуанған менің көз жасым ытқып шықты. Өзімді қолыма алып, әлгі жігітке жақындадым да:
«Ағай, менің Оралға бірінші келуім еді, мені пединституттың жатақханасына апарып салмайсыз ба?», – дедім қатты сөйлесем, жылап қоярдай дауысым дір-дір етіп. Ол сөзге келмей: «Жарайды, қарындасым, апарып салайын», – деді.
Мұндай қуанбаспын. Бір кезде: «Түсеміз, қарындас», – деп чемодан мен дорбамды алды. Пединституттың артқы жағында жатақхана орналасқан. Жатақхананың ішіне кіріп, қабырғада ілулі тұрған тізімнен Күләш Бақтыгерееваның аты-жөнін тауып алды да, солардың бөлмесіне әкелді. Есік құлыптаулы. Байқаймын, жігіт әлденеге асығулы. Ойлағанымдай: «Қарындас, кешіріңіз, мен өте асығыс едім, сіз іздеген Айтқожа Құтқожин деген жігіттің де аты-жөні тізімде бар. 3-қабат, 312-бөлме, соған барыңыз, болмаса осы жерде күтіңіз, іздеген қызыңыз келіп қалар», – деді. «Рақмет, ағай, ары қарай өзім тірлік жасармын» деп амалсыз қоштастым. Тіпті аты-жөні кім екенін де сұрамаппын.
Чемоданымды сүйретіп, 3-қабатқа көтеріліп, 312-бөлмені таптым. Есік қағуды білмейтін ауыл қызының дағдысымен есіктен баса-көктеп кіріп барсам, төрт жігіт терезені қымтап қойып, ұйықтап жатыр екен. Мен сасқанымнан кері атып шықтым. Оянып кеткен жігіттер де шошып кеткен болуы керек. Сәлден соң бір жігіт шығып жөн сұрады. Айтқожа іште екен. Мені көріп, таңғалып жатыр. Оқу іздеп келе жатқанымды естіп, Күләштардың киноға кеткенін айтып, ішке кіргізді. Содан Күләштардың қасында емтиханға дайындалып біраз жаттым. Күләш туған апамдай болды. Сөйтіп, сабақтарымның орыс тілінен басқасын 4 пен 5-ке тапсырып, оқуға түстім. Біраздан соң өз бетіммен институтқа барып-келуді, дүкеннен тамақ әкелуді үйрендім. Несін айтасың, Күләштің көп еңбегі сіңді. Дайындыққа барып жүргенде көркем мүсінді, талдырмаш, ашық мінезді қызбен таныстым. Ол 18-де, мен 17-де, екеуміз шамалас, мінезіміз ұқсас болған соң ба, бірден тіл табысып кеттік. Кейін ол менің жан досыма айналды. Қиын сәттерде, әсіресе орыс тілі мен әдебиеті сабақтарын Дариғаның көмегімен тапсырып шығатынмын. Иә, сөйтіп, екеуміз 1972 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының студенті атандық.
Қала өміріне де үйрене бастадым. Дариға маған қарағанда орыс тіліне ағып тұр. Оның сөйлегеніне қызыға қарайтынмын. Студенттік өмірдің талай қызықтарымен 3-курсты да бітірдік. Екеуміздің жұбымыз жазылмайды. Оқытушылардың өзі кейде бізді айыра алмай, Дариғаны Ғазиза, мені Дариға деп шатастырып алып жататын. Бірде жаздың жайма-шуақ күнінде Жайық жағажайына суға түсуге бардық. Кенет жағада тізесін құшақтап, адамдарға қызықтай қарап отырған жігітке көзім түсті. Таныс бейне. Сол! Сонша жыл кездессем деп, іздеп жүрген, баяғы мені пединституттың жатақханасына әкеліп тастаған жігіт.
– Сәлеметсіз бе, аға?
Жүзіме сұраулы жүзбен аңтарыла қараған жігіттің сәлемімді алуға мұршасын келтірмей бастырмалата:
– Аға, есіңізде ме, мені осыдан үш жыл бұрын жатақханаға жеткізіп тастағаныңыз, – дедім аптыға.
– Сол қарындас сіз бе едіңіз? Мүлдем өзгеріп кетіпсіз...
Иә, шынымен де, таңдана қараған жігіттің алдында бір кездегі ақ кофта, қара белдемше киген, шашын резеңкемен байлаған ауылдың аңғал қызы емес, қала өміріне бейімделіп алған, белі қылдай, шашын сәндеп қидырған көркем қыз тұр еді. Сол жолы бұл жігіттің Алматының кинотехникумын бітіріп келіп, кинотеатрда практикада жүрген кезі екен. Көп ұзамай Алматыға қайта кетіпті. Осы жақында ғана елге оралыпты. Алланың бізді екінші рет кездестіруі – маңдайымызға әуел бастан-ақ бір-бірімізді жұптастыруды жазып қойғаны болса керек. Сөйтіп, біз бір-бірімізге өмірлік жар болдық. Бұл 1979 жылдың 20 тамызы еді. Бізді ел әлі күнге дейін «Қыз Жібек пен Төлеген» дейді. Отбасымыздағы бір-бірімізге деген сүйіспеншілік, татулық – біздің бақытымыздың бастауы. Ынтымағы жарасқан отбасымыздан өнегелі де өрелі, саналы екі қыз, екі ұл өсіп-өнді. Қазір, міне, 9 жиен, 7 немеренің ата-әжесі атандық. Келіндерім Гүлсезім мен Асылзат ақ сүт емген адал, таңнан тұрып сәлем салатын, иманды, текті жердің қыздары болып жолықты. Осы жетістігіміздің бірден-бір себебі адал махаббат пен тәлімді тәрбиенің нәтижесі болса керек.
Иә, жат қалада жақыныңдай жылы ұшыраған сол бір жайсаң жігітті арада үш жыл өткенде тағдыр қайта қауыштырарын және бұл қауышу өмір бойы жұптасып, жарасты ғұмыр кешуге жол ашарын ол кезде кім білген? Өмір дегенің осынысымен қызық емес пе?!
Ғазиза Рахметова,
Ақжайық ауылы