16.11.2023, 11:45
Оқылды: 15

Батысқазақстандық студент жаңа қолданба ойлап тапты

Қазіргі таңда ғылыми жобалар қорғап, түрлі жаңалық ашып, жарыстарда жеңімпаз атанып жүрген жастар жетерлік. Солардың бірі  – Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің экология және тіршілік қауіпсіздігі кафедрасындағы стандарттау және сертификаттау мамандығының 1-курс студенті Асылбек Хамитов. Ол Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданындағы Жаңаталап ауылында 2003 жылы 4 қыркүйекте дүниеге келген. Ақсай қаласындағы №6 мектеп-лицейде білім алған.

acc3b0ea-8b76-4953-b36a-0fd3a50bdac3

Асылбек Ақылбекұлы университет табалдырығын аттағаннан кейін «Jaiqhub» хакатон байқауына қатысып, өз жобасымен жүлдеге ие болған. Жақын арада кейіпкеріміз «ExpressEasy» атты қолданба ойлап тапты. Ендігі әңгімеміз сол жөнінде болмақ.

– Мен бірде тамаққа тапсырыс бергім келді. Алайда мен отырған жерде жеткізу қызметі болмады. Содан адамдарға ыңғайлы, кез келген жерге жеткізу қызметі қарастырылған қосымша жасау туралы ой келді. Жан-жақты ізденіп, идеямды жүзеге асыруға кірісе бастадым. Тасу, жеткізу қызметтерін жүргізіп отыратын түрлі бағдарламалар туралы ғаламтор беттеріндегі мақалаларды оқып, YouTube бейнехостингіндегі материалдарды тамашаладым. «Шешінген судан тайынбас» демекші, өз қосымшамды жасап шықтым. Қосымшаны жасау барысында ноутбукты және смартфонды пайдаландым, – дейді Асылбек Ақылбекұлы.

«ExpressEasy» қолданбасының негізгі мақсаты – жеткізу қызметтері қолжетімді емес жерде жеткізуді жүзеге асыру. Қолданбаны толық жасап шығу үшін ағылшын тілін білу шарт. Бұл бағдарлама кәсіпкерлерге де қолайлы. Олар өз өнімдерін «ExpressEasy» арқылы көптеп өткізе алады.

– Бұл қолданба арқылы қаржы табуға ниет білдірген курьердің құжаттары егжей-тегжейлі тексеріледі. Соның ішінде көлік құжаттары, фотосуреті қатаң түрде қаралады. Жоба-жоспарымыз өте көп. Идея-ойларымды жүзеге асыру үшін тынбай ізденіп жүрмін.

Әлі талай тың және жаңа дүниелерді жарыққа шығарамыз деген ойдамын. Көп ұзамай «ExpressEasy» қолданысқа енгізіледі, – дейді Асылбек Хамитов.

1-курста оқып жүрсе де, табандылық танытып, үлкен-үлкен жобаларды қолға алғалы отырған студенттің талай байқауда топ жаратынына сенім мол. Оның ғылыми жетекшісі, жаратылыстану ғылымдарының магистрі, Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің аға оқытушысы Мейрамгүл Майданова да сөзімізді қуаттайды.

– Асылбек – үздік студенттердің бірі. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзінің табандылығымен көзге түсіп жүр. Университетте ұйымдастырылған іс-шараларға қалмай қатысады. Айналасындағылармен тез тіл табысып, оқытушылар тарапынан берілген тапсырмаларды тиянақты орындайды. Ұйымдастырушылық қабілеті де бар. Қысқасы, ол – сегіз  қырлы, бір сырлы студент. Сабақ барысында ешқашан білмеймін деп айтып көрген емес. Керісінше, ұсыныс-пікірлерді қолдап, нәтижеге қол жеткізуге ынталанып тұрады. Спорттан да хабары бар. Қатарластарымен бірге волейбол ойнайды. Асылбектің кәсіби маман атанып, үмітімізді ақтайтынына сенемін. Айта кетейін, қазіргі уақытта жастардың білімін тереңдетуге көптеген мүмкіндік қарастырылған. Жаңа, ерекше және инновациялық мамандықтардың саны өте көп. Бүгінгі таңда стандарттау және сертификаттау саласындағы мамандарға сұраныс артып келеді, – деді Мейрамгүл Хайроллақызы.

«Стандарттау және сертификаттау» білім беру бағдарламасының мақсаты – қазіргі заманғы еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін тұтыну тауарлары мен қызметтері жөнінде көп білетін, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Стандарттау және сертификаттау жөніндегі маман өнімнің сапасын қамтамасыз етумен және бағалаумен шұғылданады. Оған қоса өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өлшеу құралдарының жұмыс жағдайын бақылап, нормативтік құжаттарды тексереді.

Марлен Мәлікұлы,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале