18.11.2023, 20:52
Оқылды: 54

Сенбідегі сәтті сапар

Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев іссапармен Жаңақала ауданына барды. Ол Қызылоба, Көпжасар және Жаңақазан ауылындағы нысандардың жұмысымен, тұрғындардың тұрмысымен танысты. 

IMG_20231118_204501_705

Қызылобалықтардың қуанышы

Өңір басшысы ең әуелі Қызылоба ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінің ашылу салтанатына қатысты.

IMG_20231118_204502_392

Мердігер, «Беккалиев С.Р.» ЖК директоры Сәбит Бекқалиевтің мәлімдеуінше, нысан құрылысына 186 млн теңге жұмсалған. Аталған емхананың фельдшері Нұрдәулет Макулов пен мектеп медбикесі Қарлығаш Айтқалиева емхананың су жаңа заманауи үлгідегі құрылғылармен жабдықталғанын тілге тиек етті.

IMG_20231118_210210_307

Өңір басшысы дәрігерлердің жұмысына сәттілік тілеп, қызу жұмыс істеп, қызылобалықтарды қуантқан мердігерге алғыс айтты.

IMG_20231118_210209_611

Оған қоса ғимарат кабинеттерімен танысып, ауыл тұрғындарының өтініш-тілегін тыңдады.

IMG_20231118_204501_895

– Бұл Қызылоба ауылы құрылғалы бері салынған алғашқы нысан екен. Жалпы денсаулықты сақтаудың тиімді моделін құру бағытында көптеген игі шаруалар атқарылуда. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да баса назар аударып отыр. Биыл облыс бойынша осындай 12 фельдшерлік-акушерлік пунктті салу жұмыстары басталды. Бүгінде соның 6-ы пайдалануға берілді. Оған республикалық бюджеттен 3 млрд 600 млн теңге қаражат бөлінді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Нариман Төреғалиұлы. Өз кезегінде ауыл тұрғыны Меңдеш Еслямғалиев те ізгі ниет-тілегін ақтарды.

Ет өнімдері – Көпжасарда

Облыс әкімі Көпжасар ауылына табан тіреп, «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылған «Сәдір» АШӨК жұмысымен танысты.

_DSC8616

Аталған АШӨК басшысы Ербол Мусиннің айтуынша, олар 2,5 пайыздық несиемен 21 млн 500 мың теңге қаржы алып, ет өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған. Сиыр етінен шұжық өндіріп, құрамына ет қосылған түрлі тағамдар дайындап, тұрғындарға ұсынуда. Олар алдағы уақытта жаңа мамандарды жұмысқа қабылдап, нан пісіріп, сатпақ ниетте. АШӨК құрамында 20 маман бар. Өңір басшысы ауылда осындай кәсіп бастағандардың жұмысына жеміс тіледі. Содан соң дәрігерлік амбулаторияға беттеді.

IMG_20231118_204513_834

– Көпжасар дәрігерлік амбулаториясы 1989 жылы салынған. Мұнда 1497 тұрғын тіркеулі тұр. Емханада 10 шақты маман жұмыс істейді. Тұрғындарға барынша сапалы қызмет көрсетеміз. Ғимарат 2019 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа құрылғылар сатып алынды. Мен «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Ақтөбе қаласынан отбасыммен осы ауылға жұмыс істеуге келдім. Бұл салада еңбек етіп жүргеніме 7 жыл болды, – деді амбулатория басшысы Әйгерім Қожахметова.

IMG_20231118_210209_790

Емхана жұмысымен толық танысып шыққан облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Әйгерім Еркінқызына су жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.

Жаңақазанға апаратын жол нашар

Жаңақала ауданының орталығынан 70 шақырым жерде орналасқан Жаңақазан ауылына «көк қасқа атымыз» аты – кәріс болғанмен, заты – намыс екен, аман-есен жеткізді. Олай дейтін себебіміз, жол нашар. Қош, сонымен Жаңақазан ауылынан 10 шақырымдай жерде орналасқан 51809 әскери бөліміне жеттік. Онда өңір басшысы бақылау-бағдарлау құрылғыларының, радио-техникалық батальонның жұмыстарымен танысты.

_DSC8542

51809 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Есболат Жұмабаев қазіргі таңда бұл жерде 30 шақты сарбаз Отан алдындағы борышын өтеп жатқанын, олардың ел қорғайтын күн туғанда өздігінен шешім қабылдауға үйренетінін жеткізді.

_DSC8816

Жаңақазан ауылдық мәдениет үйінде облыс әкімі тұрғындармен кездесті. Кездесуде Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев ауданды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Өңір басшысы Жаңақазан ауылындағы өзекті мәселелермен таныс екенін, солардың шешімін табуға барынша күш салатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар жол салу мәселесін жауапты мердігер «Uniserv» ЖШС өкіліне тапсырды. Басталған жолды аяқтамай, жаңа жол салуға кіріспеу керектігін баса айтты. Және жаңақазандықтарға жедел жәрдем көлігін тапсырды. Өз кезегінде тұрғындар сауал-сұрақтарын қойып, оларға облыс әкімі толыққанды жауап берді.

IMG_20231118_204502_390

Кездесуден соң Нариман Төреғалиұлы азаматтарды жеке қабылдады. Мақала-материалымыздың толық нұсқасын «Орал өңірі» газетінен оқи аласыздар!

Таңғы 7:00-де Оралдан Жаңақалаға қарай шығып едік. Сағат тілі кешкі 20:00-ді соғыпты. Жаңақазаннан жаңа ғана қозғалдық…

Марлен Ғилымхан, 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале