24.11.2023, 9:15
Оқылды: 50

Сатира – күштілер қаруы

Қазақ әдебиетінде сатира деген болмысы бөлек көркемдік бейнелеу тәсілі бар. Мұның болмысы бөлек болуы өзіміз өмір сүріп отырған ортадағы оқиғаны, құбылысты не кейіпкерді өткір сынға алып, әжуаға айналдыруында. Сондықтан да «Сатира – күштілер қаруы» деп танылады. Бұл күшті қарудың тілін білетін ғылым докторы Қазақстанда бүгінгі таңда біреу ғана, ол – Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, белгілі әдебиеттанушы ғалым Алпысбай Мұсаұлы Мұсаев.

0e3cfd4f-f41f-445b-bb00-09a4333702e8

Арғысы Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышынан» бері сатираның аңдатпасы айтылғанмен, бұл саланың табиғатын тану адамзат баласының жер шарының солтүстігін кешеуілдеп игергеніндей кейін ғана және оған тәуекел етіп барғандары саусақпен санарлық. Соның ішінде биік нүктесіне жетіп, ғылым докторы атанғандары үшеу. Олар: Алатаудай заңғар аңыз адам Темірбек Қожакеев, ағысқа қарсы жүзер Жайықтың бекіресіндей мінезді Мәтжан Тілеужанов және М.Тілеужановтың жетекшілігімен канди­даттық, Т. Қожакеевтің жетекшілігімен докторлық диссертацияларын қорғап, қос енені тел емген Алпысбай Мұсаұлы Мұсаев.

Кейіпкеріміз Алпысбай Мұсаұлы елге әдебиеттанушы ұстаз-ғалым ретінде танылған тұлға болғанымен, Алпекең әдебиетке өлеңмен келген жан. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Президенті кеңесшісі, белгілі ғалым Бауыржан Омаровтың «Қазалының қазағы» мақаласын оқыған ләзім.

Қазалының қазағы Алпысбай Мұсаев 1948 жылы қараша айында Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы «Дихан» ұжымшарындағы қызметкер, қазыналы Мұса қарттың отбасында отағасының алпысқа қараған шағында дүниеге келеді.

Алпекеңнің замандасы, сыйлас досы Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайып бұл жөнінде:

«Тағдырдың талмай тартыс талқысында,

Төтеп бар тауқыметке, бар қысымға –

Қыннан қылыш суырып өзің үшін,

Мұса қарт майдан ашқан алпысында?!» деп жырлауы бекер емес.

Ертегідегі төстікке жерік болған ананың аңсары мен әкенің демсалы сойы бөлек Ертөстікті әкелсе, Сұлу ана мен Мұса қарт махаббаты Алпысбайды дүниеге әкелді.

«Ертөстігім» бір төбе дегендей, шаңырақтың кенжесі Алпысбай да отбасының ерекше құрметіне бөленіп өседі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ел әлі де болса, еңсесін тіктей қоймаған кезең болса да Мұса қарт Алпысбайын дәмнен де, әннен де жұтаң қылған жоқ. Дастарқаны берекелі Сұлу ана мен тірлігі несібелі Мұса әкенің төрінде Сырдың талай сүлейлері таңды таңға ұрып, жырдың тоғанын ағытқан болатын. Осылайша, жыр құсы бір қонақтаған қасиетті Сыр елінің топырағы Алпысбайдың да кеудесіне сөз өнерін құт қылып құяды.

Сөз өнері әдебиетке деген ықылас мектеп бітірген Алпысбайды 1966 жылы Ақ Жайық төріндегі А. Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология мамандығына алып келсе, кейін өзі оқыған институтқа шақырту алған Алпысбай Мұсаев ізденушіден ғылым докторы дәрежесіне білімнің осы қара шаңырағында жетті. 1990 жылы «Қазіргі қазақ прозасындағы сатиралық образдың көркемдік ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациясын, 1999 жылы «Қазақ прозасындағы сатира мен юмор» атты докторлық диссертациясын қорғады.

Алпекеңнің докторлық диссертация қорғауы оралдық филологтарға үлкен серпін әкелді десек, артық айтқандық емес. Өйткені, М. Тілеужановтан кейін А. Мұсаевқа дейін сатирадан бірде-бір диссертация қорғалмаған еді. Ғылым жолындағы кез келгенге жалын сипатпайтын бұл межеге жиырма жылға жуық үзілістен кейін Алпысбай Мұсаұлы қол жеткізді. Аймақтағы тілші мен әдебиетшілерге алынбас асудай болып көрінген докторлық дәрежеге Алпекең осылай жол салып берді.

2003 жылы Оралдан Ақтөбеге қоныс аударған Алпысбай Мұсаұлы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің 2003-2005 жылдары ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, 2005-2018 жылға дейін университеттегі Гуманитарлық зерттеулер институтының директоры болды.

Ұстаз-ғалым А. Мұсаев – көптеген монография мен оқу құралының ауторы. Бүгінгі таңда ғалымның еңбектері жоғары оқу орындарының филология факультетінде оқып жатқан студенттер мен магистранттардың білім беру бағдарламасына енген негізгі әдебиеттердің бірі. Ғалымның шығармашылығын таратып айту бір мақала көлемінде мүмкін болмағандықтан еңбектерінің негізгілерін ғана атап өтсек. Олар: «Қазіргі қазақ сатирасы» (1993), «Поэтика казахской сатиры» (1997), «Жанды жүйе» (2002), «Әйте­­ке би аймағының этномәдени мұрасы» (2006 ж.), «Рух бостан­дығының жыршысы» (2007), «Көркемдік кестесі» (2007), «Көркем шығармадағы сатира» (2007), «Қазақ әдебиетінің оқу әдістемелік кешені» (2007), «Қазақ прозасындағы жеке адам концепциясы» (2009), «Тарази тағылымы» (2009), «Қанатты қаламгер» (2010), «Әдебиет иірімдері» (2011), «Мәңгі өлмес күлкі» (2012). Жалпы көлемі 250 баспа табақтан аса ғылыми зерттеу еңбектері бар.

Ғылыми ортада танымал Алпысбай Мұсаұлы 1996 жылы Қазақстан Республикасының Жаратылыстану ғылымдары академиясының мүше-корреспонденті, 2015 жылы Францияның Конкорд академиясының мүше-корреспонденті (Франция, Париж), 2017 жылы мамыр айында Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі болып сайланды. Сондайақ ұзақ жылғы жемісті педагогикалық еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Білім беру саласының үздігі» белгісімен марапатталды.

Әңгіме Алпысбай Мұсаұлының шығармашылығы жөнінде болғандықтан ғалымның халық ауыз әдебиетіндегі күлкі феномендерінің ерекшелігін ашудағы тұжырымына тоқталайық: «...Бірде Қожанасырға көршісі келіп кір жаятын жіп сұрапты. Сонда Қожанасыр тұрып: «Ренжіме, мен оған ұн жайып қойып едім» дейді.

– Қалайша, жіпке ұнды іліп қойдың? – деп сұрады таңданған көршісі.

– Ол қиын іс емес, егер сен оны бергің келмесе, – деп жауап береді  Қожанасыр».

Мұны Алпысбай Мұсаев былайша түсіндіреді: «Көпте­ген суфизм өкілдері Қожанасырдың мына оқиғасын мүм­кін емес түсініктерді қалыптастыру үшін қолданады» дейді. Ғалымның «мүмкін емес түсініктерді қалыптастыру» деген қисыны ерекше бөлек пайым. Осындайда ойға М. Әуезовтің: «Қожанасыр күлкісі өзінше бөлек күлкі...» деген пікірі түседі.

Алпысбай Мұсаұлы туралы сөз қозғағанда ұстаздық қырына тоқталмай өту мүмкін емес. Бұдан тура 31 жыл бұрын Мұсаевтың сабағы болады дегенде А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының бас ғимаратындағы 416-аудиторияға үш топтың 75 студенті түгел жиналатын. Бұл жиналу қырықтағы лектордың алды қаттылығынан қаймығудан емес, театрдың жаңа премьерасынан қалыс қалмауды ойлаған көрермендік қызығушылық ықыластан. Сатира мен юмор саласын теориялық жағынан саралап талдай келе, ұстазымыз кілт тоқтап, ешкімге назарын салып қарамай, ұнжырғасы түскен кейіпте аудиторияда қолын артына айқастырған қа­лыпта әрлі-берлі бір-екі минут жүріп, кенет жан-жағына кезек қарап, алға бір-екі қадам басып, сол ізімен еңсесін бұрмастан артымен кейін шегіне жүріп, кібіртіктеп тұрып алады. Сол кезде аудиторияның әр жерінен осы сәтті асыға күткен студенттер «қазір, қазір бастайды» деп дегібірсіздене сыбырлаған сөздері естіліп жататын. Содан соң... ағай образға кіріп, шығарманың иіріміне үйіріп алып кететін. Ол тұста ұстазымыздың сөзі өз алдына қас-қабағына дейін сөйлеп, ирония, сарказмдардың көңіл күй пернесін тап басып тұратын. Бұл Мұсаевтың өзіне ғана тән шеберлік, әдіс-тәсіл, қазіргі тілмен айтқанда, мастер-класс сабақтар болатын... Алпекең студенттеріне «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» екендігін осылай түсіндіретін.

Алыптар тобы ағалар салған сатира мектебін бүгінгі күнмен жалғап, «Күлкі – өлмес елдің өшпес күші» екендігін қара ормандай қазақ көркем әдебиеті арқылы дәлелдеп келе жатқан белгілі ғалым Алпысбай Мұсаұлы Мұсаевқа 75 жылдық мерейтой үстінде шығармашылық табыстар тілейміз. Өмірдегі және ғылымдағы серігіңіз Айсұлу Ақмәдиқызы екеуіңіздің дендеріңіз сау, көңілдеріңіз қош, ұл-қыз және немере-жиендеріңіз аман болсын деген тілек айтамыз!

Азамат Мамыров,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале