Оралдағы Достық үйінде «EcoBatys 2.0» байқауының жеңімпаздары жоба-жоспарын таныстырды.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Даму және ынтымақтастық жөніндегі департаментінің директоры Әйгерім Каримова айтып өткендей, байқау «Шелл Қазақстан» компаниясының қаржылық қолдауымен жүзеге асқан. Аталмыш компания елдің батыс өңірінде экологиялық жобаларды жүзеге асыруға 7 млн теңгеден 9 грант жобасын қаржыландырып отыр. Айта кету керек, мемлекеттік емес гранттар Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы, сондай-ақ «Шелл» концернінің табиғатқа қамқорлық жасауды көздейтін «Дамуға арналған энергия» атты жаңа стратегиясы аясында бөлінген. «EcoBatys 2.0» жобасының операторы – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы. Аталмыш байқау шеңберінде гранттарға ие болған Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының үкіметтік емес ұйымдары (ҮЕҰ) өңірлердегі қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыруда.
Батыс Қазақстан облысында гранттық жобаларды «БҚО Орхус орталығы Green Jaiк» ЖҚ, «Жайық өңірі әйелдерінің одағы – «Үміт» ҚБ және «Медиа білім» ҚҚ жүзеге асыруда. Іс-шара барысында аталмыш бірлестіктердің жетекшілері жобалардың жай-жапсары туралы баяндады. Алдымен «Жайық өңірі әйелдерінің одағы – «Үміт» ҚБ төрайымы Әлия Райымқұлова сөз алды. Оның айтуынша, бірлестіктегілер судың тапшылығы мен сапасының өзектілігін ескере отырып, Жайық өзенінің бүгінгі ахуалына балалар мен жасөспірімдердің және өңір тұрғындарының назарын аударған. Оқушылар арасында ертегілер байқауын, шығармашылық және танымдық іс-шаралар ұйымдастырған. Сонымен қатар аула клубта-ры тәрбиеленушілері мен студенттерді тарта отырып, Шаған және Жайық өзендеріне іргелес жатқан орман алқаптарын тазалау акцияларын өткізген. Бірлестік жетекшісі алдағы уақытта көптеген қызықты іс-шара ұйымдастыратынын айтты.
«Медиа білім» ҚҚ-ның директоры Нұрлыбек Рахмановтың айтуынша, әлеуметтік жоба барысында киіктердің проблемаларын баяндайтын деректі фильм түсірілмек. «Біздің әлеуметтік жобамыз көптеген мәселені қозғайды. Мәселенің бірі – киіктердің арасында кездесетін аурулар. Бұл әлі зерттелмеген тақырып болғандықтан, осыған назар аударғымыз келеді. Киікке қатысты тағы екі үлкен проблема – киіктің ареалындағы су тапшылығы және ақбөкендер мен фермерлердің арасындағы тартыс. Яғни киік өрісі шаруаларға беріліп, табиғат пен адам арасында тартыс басталды», – деген жоба жетекшісі осы мәселеге қатысты бүгінге дейін жарыққа шыққан материалдарды, фермерлер мен ғалымдардың уәждерін алға тартты. «Бұқаралық ақпарат құралдарында осы кезге дейін проблемалар ғана айтылып келді. Қолға алған жоба арқылы сол мәселелерді зерттеп, сарапшылардың пікірін толық жеткізсек дейміз. Жобаны іске асыру тетіктері бар. Сараптамалық материалдар дайындап, әлеуметтік желіде подкаст жариялаймыз. Сарапшылардың ауқымды отырысын өткізіп, YouTube-та көрсетеміз. Блогтур ұйымдастырамыз. Бұл жобаның ең басты мақсаты – деректі фильм түсіру. Себебі киікке қатысты кейбір түйткілдер жан-жақты талдауды қажет етеді. Мысалы, фермерлердің көтерген мәселесі туралы материалдарды республика деңгейінде біраз жарияладық. Соның нәтижесінде қазір киіктің санын өте тұрпайы жолмен азайтып жатыр. Ветеринарияға қатысты да проблемалар бар. Шаруалар, жергілікті тұрғындар киіктер мал ауруларын таратуда деп есептейді. Алайда бұл жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Фильм түсіру барысында журналистік зерттеу жүргізіп, барлық тарапты сөйлетеміз», – деді Нұрлыбек Нұрланұлы.
«БҚО Орхус орталығы Green Jaiк» жеке қорының директоры Дамир Молдашевтің мәліметінше, жоба органикалық тыңайтқыштарды қолданудың теориялық негіздерін, практикалық әдістері мен тәсілдерін жетілдіруге бағытталған. Қор белсенділері грант қаражатына биореактор сатып алып, тауық көңінен түйіршікті тыңайтқыш алуға мүмкіндік беретін пилоттық жобаны енгізбек. Олардың айтуынша, бұл тыңайтқыш дақылдардың құнарлылығын және түрлі ауруларға төзімділігін арттыруға, экологиялық таза өнім алуға, өнімділікті 20-35 пайызға көбейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан жобаға қатысушылар экологиялық ұйымдармен, шаруа қожалықтарымен тығыз қарымқатынаста жұмыс істейді.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»