Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында дауылпаз ақын, даңқты тұлға Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Тартынбай сөйлер асылмын...» атты аймақтық-республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті.
Махамбет Өтемісұлының ерлігі мен күні бүгінге дейін қалпы бұзылмай жеткен рухты жырлары – ұрпаққа үлгі-өнеге. Дәстүрін берік сақтап, ұлттық аспаптарын қасиетті санаған қазақ үшін жыраулық өнердің орны қашанда төрде. Осы ретте өңір басшылығы мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қолдап, Қадыр Мырза Әли атындағы орталық пен Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалы бірлесе ұйымдастырған аймақтық-республикалық байқаудың маңызы зор екенін атап өткен жөн.
Қазылар алқасы мүшелерінің және Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының жас жыршы-термешілерінің қатысуымен өткен баспасөз мәлімдемесінде жастардың өнер көрсететін реттік нөмірлері анықталып, сый-сияпат табысталды. Жиында Қазақ стан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, жазушы Бауыржан Ғұбайдуллин өр Махамбеттің өлең-жырын елжандылық, отаншылдық қадір-қасиетті күшейту үшін қалың бұқараның санасына, оның ішінде жас санаға сіңіру керектігін айтты.
– Қадірлі қонақтар мен өнерпаздар, Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіздер! Менің түсінігімде Махамбет – қазақы рухтың шыңы. Әкесі би болған ол – өз отбасының тұрмыс-жағдайы төмен болмаса да, әлеуметтік әділеттілік үшін атқа қонған жорық жырауы, от ауызды, орақ тілді ақын. Жан дүниесінен жалындап шыққан өлең-жырынан өмір сүру образы айнымаған ақын. Оның өз сөзінен айнымай өмір сүруі – біз үшін өміршең өнеге. Көзі тірісінде классик, абыз ақын ретінде танылған Қадыр Мырза Әли ағамыз Исатай мен Махамбеттің, Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің, сондай-ақ Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұмағалиевтің достығын ер-азаматтар арасындағы достықтың классикалық үлгісі ретінде айтып отыратын. Исатай мен Махамбеттің айнымас достығы қара қазан, сары баланың, яғни қалың бұқараның қамы, елдің ертеңі үшін болған ұлы шайқастардан көрінді. Батыр-баһадүрлердің рухани мұрасын жырлау арқылы жұрттың жадында олардың жарқын тұлғасын жаңғыртамыз. Мемлекеттілікті, Ұлы мәртебелі Тәуелсіздікті нығайту үшін жыраулық өнерді кеңінен насихаттаған дұрыс. Бұл ұлы мұрат-мақсатты біз бүгін сіздер арқылы, яғни бүгінгі байқауға ат сабылтып арнайы келген жас жыршы-термешілер арқылы жүзеге асырамыз, – деді Бауыржан Файзоллаұлы.
Осы игі іс-шараның ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов өнерпаздарға сәттілік тіледі. Қатысушыларға әділ бағасын беретін қазылар алқасының төрайымы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Ұлжан Байбосынова, ал алқа құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, дәстүрлі әнші, жыршы-термеші Қатимолла Бердіғалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев және халықаралық, республикалық жыршы-термешілер конкурстарының лауреаты Фархат Оразов болды.
Байқаудың алғашқы кезеңінің шарты бойынша жас өнерпаздар дәуір дауылпазы Махамбет Өтемісұлына арналған жыр-толғауларды және ақынның 10 шығармасының біреуін орындап беру керек.
«Махамбеттің соңынан намысты ұл-қыз тусын деп, Болашақ үшін толғаймыз...» деп бастаған ақтөбелік Бақыт Арыстанғалиева бүгінгі қоғамның бет-бейнесін суреттеп, бағзы бабалардың жолынан жаңылған жас буынды ашық сынға алғандай. Түп-тамырымызға үңіліп, ұлттық құндылықтарымызды сақтауға талпыну керектігін де жырмен жеткізді ол. «Елі үшін туған еріме ескерткіш қойдым жырымнан» деп түйіндеп, ақынның «Нарында» өлеңін нақышына келтіре орындаған ақтөбелік қаракөзге қазылар да, жиылған үлкен-кіші де ықыластана қол соқты. «Жетіру Кердерінің Құтсиығы, баласы Рақымжанның Темірланмын» деп өзін таныстырған батысқазақстандық Темірлан Әкімжанов арнау-толғауында Махамбеттің қайтпас қайсарлығына кеңінен тоқталып, «Күн қайда?» өлеңін домбырасын күмбірлете отырып жеткізді. Ал атыраулық Аманжол Дауылбаев өзгеше өрілген өлеңімен бастап, көпшілікке Өтеген Нұрмағамбетовтың «Махамбетпен тілдесуін» тарту етті. Сахна төрінен төртінші боп көрініп, Сабыр Адайдың «Серттесуінен» үзінді орындаған маңғыстаулық Айсұлтан Есенғалиев «...Еркіндіктің есігін шыққыр көзім көрмеді, Босағадан сығалап, бостандықтан бақ күттім, Күткен бақтың күлінен жәудірейді болашақ, Өзі болған жігіт жүр болашаққа мола сап» деген жолдарына екпін сала жеткізді. Бұл жыр жолдарынан сөзі мен ісі ұсақталған буынның қай уақытта да қазақ қоғамын өрге сүйремейтіні жайлы айтылғанын аңғару қиын емес. Келесі кезекте қызылордалық Ұлдана Нұртуған «Еділ мен Жайық екі өзен» атты Алмас Алматовтың толғауын орындап көрермен қауымды тәнті етсе, Нұрайым Ерталап та «Серттесудің» үзіндісін төгілтіп айтып, жиналғандарға қол соқтырмай қоймады. Өйткені жыр-толғаудағы әр жолдың мазмұны мен сөздерінің қорғасыннан да ауыр салмағы бар еді. Көптің көңіл қоюы жас орындаушылардың қоңыр дауыстары мен құбылған домбыра үнінен болса керек. Тіпті жыр-термені алғаш тыңдап отырған адамның да әсер алмауы мүмкін емес еді бұл жерде. «Елінің жүрек жұтқан батыры деп, Үлкенін тарих берді-ау марапаттың» деп жырлаған батысқазақстандық Сәтжан Ғалымжанов та өзге қатысушылардан өзіндік орындауымен ерекшеленді. Бәрі де бірінен бірі озғандай, сөздің салмағын сезінген мықтылар. Көздерінен от, жырларынан жалын байқалған жастарға жиналған жұрт ықыластана қол соғудан танбады.
Байқаудың алғашқы кезеңі аяқталысымен қазылар алқасының төрайымы Ұлжан Байбосынованы сөзге тартып, пікірін білдік.
– Бұл байқаудан Махамбет бабамыздың шығармашылығын жан-жақты ашып көрсетуге деген үлкен талпынысты байқадым. Себебі бірінші кезеңнің өзінде батырға арналған тарихи туынды мен Махамбеттің өзінің шығармашылығынан өлең-жыр орындалды. Дүрбелең кезеңде ұлттың мүддесі, қаймана қазақтың қамы үшін аянып қалмаған батырдың рухани болмысы көз алдымызға келді. Сонау көне заманнан бері қарай жыраулық өнердің өрістеу жолында Махамбеттің поэзиясы өз алдына бір төбе. Сондықтан да бұл іс-шараның терең тарихи-идеологиялық маңызы бар. Жалпы жыраулық өнерге балалар көп келе бермейді. Өйткені бұл – адамын өзі таңдап қонатын қасиетті өнер. Десе де, бүгінгі байқауға қатысқан өнерпаз санын аз деп ойламаймын. Әр өңірден 2-3 жыршы-термеші жастың шығуы – жақсы көрсеткіш. Жаһандану кезеңінде, алып-қашпа ақпараттың алып ұшып тұрған уақытында осындай жастардың мәні терең жырларды жалықпай жаттауының өзі үлкен жаңалық. Олар уақыт өте келе жыр жолдарындағы әр сөздің жауапкершілігін сезінеді, – деген Ұлжан Мәлиқайдарқызы орындаушылардан дәстүрлі кәсібилік деңгейді байқағанын айтты.
Келесі кезеңде қатысушылар өз кезектерімен Жиембет Бартоғашұлының, Шернияз Жарылғасұлының, Марабай Құлжабайұлының, Кердері Әбубәкірдің, Сартай Көшкіншіұлының, Құмар Әбуғалиұлының бір шығармасын және Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» дастанынан үзінді орындады. Бұл сайыс та тағылымды-тартысты өтті. Байқаудың екінші кезеңін тамашалауға үлкендер жағы көптеп жиналды.
– Жастардың жыраулыққа бет бұра бастағанына риза болдым. Ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүр-салтымызды кейінгіге жеткізіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын жас буын. Сондай-ақ ескіріп бара жатқан әлде көп ескерілмей жүрген өнердің жанданып жатқанын жақсылыққа балаймын, – деді ақын Үзілдік Елеубайқызы.
Байқау соңында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, қазылар алқасы мен қатысушыларға өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің алғысхатын табыстады. Сонымен аймақтық-республикалық жыршытермешілер жарысында Нұрайым Ерталап бас жүлдені жеңіп алып, 1 000 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Бірінші орынды (800 000 теңге) Бақыт Арыстанғалиева иеленсе, ІІ орын (700 000 теңге) Сәтжан Ғалымжановқа, ІІІ орын (500 000 теңге) Ұлдана Нұртуғанға бұйырды. Сондай-ақ Махамбет Өтемісұлы атындағы арнайы жүлде (220 000 теңге) Айсұлтан Есенғалиевке, Исатай Тайманұлы атындағы арнайы жүлде (220 000 теңге) Аманжол Дауылбаевқа және кәсіпкер Ермек Момыновтың атынан тағы бір арнайы жүлде (200 000 теңге) Темірлан Әкімжановқа берілді.
Бас жүлде иегері қызылордалық Нұрайым Ерталап бүгінде Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде дәстүрлі жыр мамандығы бойынша білім алуда.
– Мектеп қабырғасында жүргенде шамамен 3-4 сыныптан бастап домбыра тартуды үйрендім. Кейін Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыкалық колледжінде оқып, дәстүрлі әнге әуес боп, жыр-термелерді жаттап жүрдім. Әкем де, анам да өнерден алыс адамдар емес. Өзімнің туған әжем жыр-дастандарды жатқа айтатын. Мен сол кісіге ұқсасам керек. Осыдан бес жыл бұрын Орал қаласына келіп кетіп едім. Бұл уақытқа дейін халықаралық, республикалық байқауларға қатысып жүрсем де, бүгін бірінші рет бас жүлдеге ие болып отырмын. Өзім үшін бірінші кезең қызықты әрі қиындау болды. Болашақта дәстүрлі жыршы болуды армандаймын, – деді Нұрайым.
Аманжол Исламғали,
«Орал өңірі»