– Алтынбек Әбутәліұлы, сіз бірнеше жылдан бері Орал қаласындағы түрлі нысандағы маңдайшалар мен көрнекі-ақпараттық материалдардың заңға сай жазылуын үнемі бақылауға алып, кемшіліктердің жойылуына атсалысып келесіз. Нәтиже бар ма?
Алтынбек Әбділманов
Батыс Қазақстан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты
– Біз 2012 жылдан бері облыстық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында бизнес өкілдеріне әдістемелік көмек көрсетеміз. Басында осы істі бастағанымызда біздің ескертуімізге кәдімгідей елең етіп, тез арада кемшілік түзейтіндер көп еді. Қазір ондай кәсіпкерлер азайды. Біз бақылау тобымен бірге алдымен көшеде, нысан маңдайшаларында көпшілікке ұсынылған көрнекі ақпараттың мазмұнына, жазу тіліне, сауаттылығына, заң талаптарына сәйкес келуін қадағалаймыз. Егер нысанда тілге қатысты сауатсыздық, заңбұзушылық орын алса, суретке түсіріп, мекеме басшылығының атына ескерту хат беріліп, онда екі апта көлемінде жіберілген кемшіліктерді түзету сұралады. Өкінішке орай, көрнекі ақпараттық материалдарды орыс тілінде жазып қоятындар көп кездеседі. Жалпы бізде «Орыс тілінде жазу керек» деген қоғамдық сана қалыптасқан. Бейне бір қазақ тілінде жазсаң, сауда жүрмейтіндей қарайды біраз бизнес өкілдері. Біз нысандарды аралап, ескерту бергенімізде ешкім қарсыласпайды. Бәрі де түсінген сыңай танытады. Бірақ ұзын-арқан кең тұсауға салып, жүріп алатындар көп. Кейде мемлекеттік тілді менсінбеушілік пен немқұрайлылықты да байқап қалып жатамыз. Кейде «Мені әдейі іздеп таптыңдар ма? Басқаларында да осылай жазылған ғой» деп байбалам салатындар да жиі ұшырасады. Көпшілігі біздің жай ескерту беріп кететінімізді жақсы түсініп алған. Сондықтан да кемшілікті бірден түзеуге асықпайды.
– Тіл мәселесі өткір де өзекті шешімдерді қажет ететінін жиі айтып жүрсіз. Өзіңіз айтқан кемшіліктерді бірден жою үшін не істеуіміз керек?
– Тәуелсіздік ұрандатып, той тойлап, атойлап, елдің шекарасы мен ар-намысын қорғаудан ғана тұрмайды. Тәуелсіздік ой мен сананың өз арнасында, өз ділінде, өз болмысында дамуымен де айқын меже, ұлттық кодтың шекарасы сынды көрініп-ақ тұруы керек. Елімізде бірлік пен бірегейлік сақталуы үшін де ортақ дің болуы аса маңызды. Бұл дің – ұлтымыз, салтымыз, дәстүріміз, мәдениетіміз. Бұның бәріне жету үшін көшбасшы болатын, тәрбие құралы, сана мен рухтың дәнекері тіл мәселесі өткір әрі өзекті шешімдерді күтіп отыр. Осы ойдың сабағында мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілі түрлі салада кең қанат жайып, жаппай қолданысқа енуіне, толыққанды дамуына жағдай жасалуы керек. Бұған бүгінгі ел саясатында негізгі бетбұрыстар жасалған. Алайда біздің пайымымызша, әлі де аз көрінеді. Осылай айтуымыздың басты себебі – тіл саясатындағы жалтақтық пен жалпақтық, жігерсіздік, сенімсіздік. Бұл қоғамда қатты сезіледі. Осының салдарынан қоғам өкілдерінің самарқаулығы, енжарлығы, тіпті мемлекеттік тілге деген жауапсыздығы анық көрінуде. Жаңағы кемшілікті бірден жою үшін талапты күшейтуіміз қажет. Жіберген кемшілік уақытында түзетілмеген жағдайда тәртіптік жаза қолданатындай шаралар қарастырылу керек деп ойлаймын. Одан бөлек балабақша, мектептен бастап мемлекетшілдік сана қалыптастыруымыз қажет. Осы мемлекетте тұратын әрбір адам «Әр сөзім мемлекеттік тілде жазылу керек» деген сананы қағидаға айналдырып алса, әлгіндей мәселелер болмас еді.
– Жаңа бір сөзіңізде жарнама – бизнестің жетекші жалауы деп қалдыңыз. Ендеше Қазақстандық бизнес неге қазақы танымда, қазақы болмыста дамымайды?
– Көрнекі ақпарат қоғам алдына шығатын таным, оның ішінде мәдениет, діл, тәрбие. Оның шынайы, таза, адал, дұрыс болуы – ертеңгі өскелең ұрпақтың экологиясы. Бүгін ұлт болмысын сөзбен бүлдірсең, ертең кеселін көзбен көресің. Сондықтан жай ғана жарнама, бір бет қағаз, бір құшақ баннер деп самарқау қарау – ұлтқа жасаған қиянат, зиянкестік. Жазылып жатырған ақпаратқа жауапсыз қарау – бұл көпшілікті сыйламау, оның алдында адал болмау, өзіңнің жауапсыздығыңды көрсету емес пе?! Ал жауапсыз жарнамашылар, жарнама берушілер – бизнес өкілдері өте көп. Бизнестің мәдениеті – оның жалауы боп табылатын көрнекі ақпаратынан басталса, дұрыс болған болар еді. Елге, жерге, мемлекетке деген құрметі осыдан басталса игі еді. Тозығы жеткен, алба-жұлба күйге түскен материалмен жарнама жасауға тырысқан, ақпарат алдымен мемлекеттік қазақ тілінде жазу керектігін қаперіне де алмайтын, мәтінінде қате өріп жүрген, көргенсіз мазмұнмен сөз ойнатқан қоғамға тауар, қызмет ұсынғандар күннен-күнге артып отыр. Сондықтан бизнес өкілдері тек ақшаны ғана емес, арды да, мәдениетті де ойлағаны абзал.
– Алтынбек Әбутәліұлы, дегенмен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, қазақы бизнеске мән беріп жүргендер бар шығар. Жалпы көрнекі ақпарат тарату бағытында қандай жұмыстар қолға алыну керек?
– Әрине, қоғам өмірдің арнасында түрлі ағынмен өзгереді. Жаңа толқын өзінің жаңалығын ала келеді. Бүгінгі адамдардың бірқатары шетелді, ғаламтор желісін, сөз ойынын, түстердің құбылуын жақсы көрсе, ұлтының құндылығымен қауышып, ұлттық бояуды өз өмірінен көргісі келетіндердің саны да өсіп келеді. Бұл сән үлгілерінде: киімде, жиһазда, бұйымда, әшекейде анық көрініп жүр. Кей сәтте осы үрдіс тілден де байқалып жатады. Бүгінгі таңда қазақ тілі әлеуметтік желідегі бизнесте әжептәуір даму үстінде. Қысқа да нұсқа әдемі жазбалар да көрініп жатады. Талпыныс бар, ұлттық тілге деген сұраныс та осы ретте молаюда. Алайда мәселелер де жоқ емес. Бұл, негізінен, біздің өңірде көрнекі ақпарат тарату өнерінің дұрыс дамуына кедергі десе де болады: мемлекеттік тілде жарнама тілінің кешеуілдеп дамуы (үлгілік тіркестер, сөз ойнатулар, құбылтулар, әр саладағы терминдер, тұрақты оралымдар т. т.), бүгінгі жарнамашылардың қолданысында, диалектілік сөздердің, тұрмыстық лексиканың көп кездесуі орын алып жатады. Бұл бағытта көрнекі ақпаратты аударатын, жалпы онымен жұмыстанатын маман тапшылығы, арнайы курстардың жоқтығы айтпаса да сезіліп тұр. Осы жұмыстарды қолға алған дұрыс болар еді.
– Жоғарыда бақылау тобымен нысандарды жиі аралайтыныңыз туралы айттыңыз. Соңғы рет қандай нысандарға барып едіңіз?
– Бір апта бұрын қала орталығынан орын тепкен бірнеше сұлулық салоны мен киім сататын дүкендерге арнайы бас сұқтық. Олардың қатарында Violet, HALR S, IDEAL, Marafet, Monika, Парижанка нысандары болды. Әдеттегідей сыртқы, ішкі көрнекі ақпараттардың заңға сәйкестігіне назар аудардық. Бірқатарына ескерту қағаздары берілді. Біз барған Marafet, Парижанка сұлулық салондарында бәрі орнымен, екі тілде, заңға сәйкес жазылған. Киімдер дүкенінде латын тілінде жазамын деп, әріптік қателерге бой алдырып, өрескел қате жіберген. Жалпы латын таңбасына қатысты айтарымыз, көбіне бизнес өкілдері бекітілмеген графиканы қолданамын деп үлкен қателіктерге ұрынып жатады. Сондықтан көпшіліктен латын таңбасымен жазуға асықпауын сұраймыз. Көрнекі ақпараттардың мемлекетімізде бекітілген кирилл таңбасымен жазылғаны дұрыс деп есептеймін.
– Соңғы кездері сізді көрнекі жарнамадан бөлек қандай мәселе толғандырып жүр?
– Соңғы кездері тілден өзге, графикалық шарттылық белгілермен өзге таным, өзге елдің мәдени құндылықтары паш етілетін қоғамдық орындар, жарнама мәтіндері пайда болды. Мәселен, «қара жұма» дегендей түсінік керағарлығы бар сөз қолданысы қоғамға ұсынылып, бір жақсы қадамның белгісіндей телінсе, ұлттық немесе белгі-лі бір стильдік негізге байланып, өзгешелеу танымды да таныстыра отырып, насихаттаған орындар да бар, «Слобада», «Генецвела», «Баку», «B&C Burger» секілді. Керісінше, өз елінде қазақтың танымы мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын насихаттайтын қоғамдық орындар (кафе, мейрамхана т. б.) біздің облысымызда мүлде жоқ десе болады. Біз өз жұмысымызда осындай бағыттарға да көңіл бөлеміз. Ұлттың, ұл-қыздарымыздың келешегі үшін, ел тұтастығы жолында бұл жайттар да назардан тыс болмауы керек деген ойдамыз.
– Әсерлі әңгімеңізге көп рақмет!
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»