– «AMANAT» партиясы – еліміздегі көшбасшы партия. Азамат Сафималиұлы, биыл «AMANAT» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы болып тағайындалдыңыз. Білек сыбанып кірісіп жатқан боларсыз. Жұмыс жоспарыңыз туралы кеңірек баяндасаңыз?
– Мемлекеттік қызметте 20 жыл болдым. Партия ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытын толығымен қолдайды. Бір қарағанда, мемлекеттік қызмет пен партия қызметі өзара ұқсас секілді. Бірақ жұмыстың бағыт-бағдарын қарап отырсам, әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға және нығайтуға бағытталған барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарларды қолдаймыз. Барынша партиялық жобалар арқылы іске асырудамыз. Соның ішінде өткен сайлауда берген уәделеріміз бен елден жинаған аманаттардың орындалуына баса назар аударып, қатаң бақылауда ұстаудамыз. Біздің партия атынан сайланған депутаттар қазіргі таңда әрбір мемлекеттік саланың дамуына қаржыны бөлуге тікелей жауапты. Яғни бұл тұрғыда, партия, ең алдымен, халыққа берген уәдені іске асыруға тиісті. Ал біз қандай уәде бердік? Балалардың жайлы мектепте білім алуына, дәрігерлердің жақсы жағдайда тұрғындарға ем-дом жасауына, күнделікті тұтынатын қарапайым дүниелердің, яғни жылу, жарық, су тарифтерінің қолжетімді болуына, ауылдағы ағайындардың жол азабын шекпеуіне мүдделіміз. Міне, осы мақсатта қаржы бөлуге келісім берген депутаттық корпус енді оның тиімді пайдалануына бақылау жұмысын күшейтуде. Осы тұрғыдан алғанда, біз міндетті түрде халықтың айтқанына, оның үніне құлақ асуымыз қажет. Дұрыс болмай жатыр десе, мәселе көтерілген жерге аяқтай барып, тұрғындарға жолығамыз. Одан соң партиялық алаңдарда талқылап, түйткілдің түпкілікті шешілуін бақылауға алып, қажет болса жауапты лауазымды тұлғаларды партиялық жауапкершілікке тартуымыз керек.
Азамат Сафималиев, «AMANAT» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы
Саяси бәсекені ескере отырып, өзіміздің сапалық құрамымызға, соның ішінде мықты жақтастарымыздың қатарының көбеюіне жұмыстанудамыз. Бүгінгі күннің дәлелі, әр партия өзінің қатарындағы мықты серіктестерімен өзінің қуатын таныта алады. Осыны басты назарда ұстап отырмыз. Мейлі тізе қосып, бірлесіп атқаратын жұмыс болсын, сыни пайым болсын, барлық ұсыныс-пікірді тыңдауға, жұмыстануға ашықпыз.
– Партияның сапалық құрамы туралы айттыңыз. Осыған сәйкес облыста партияның қанша бастауыш ұйымы бар? Қанша адамға партия билеті берілді? Биыл партия филиалы ықпалымен қандай ілкімді істер атқарылды?
– Облыс бойынша 213 бастауыш партия ұйымы бар, оның 35-сі Орал қаласында. Биыл 935 адам партияға қабылданып, оларға партиялық билеттер табысталды. Партия қатарына, жас мамандармен қатар, бұрын партияда болмаған, кей жерде сыни көзқараста болған мүшелеріміз де бар. Яғни ашықтық принципіне ризашылық білдіріп, партия қатарында болғым келеді деген жақтастарымыз да бар.
Бүгіндері бастауыш ұйымдар белсенді жұмыс атқаруда. Ауқымды іс-шаралардың бірін атап өтсек, орталықтан бөлінген нысаналы трансферт бойынша Орал қаласы мен барлық ауданда «Баланы мектепке даярлайық» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында бастауыш партия ұйымдары 1683 баланы оқу құралдарымен қамтыды.
– Партия бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аудан-ауылдарда қалай жүзеге асуда? Биыл өңірімізге қанша қаражат бөлінді? Қанша адамға жеңілдетілген несие мақұлданды? Қандай жобаларға көңіл бөлудесіз?
– Шағын несие беру арқылы ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 6 456,6 миллион теңгеге 1008 өтінім қабылданды. Соның ішінде, 6437,2 миллион теңгеге 1004 жоба мақұлданып, 5033,6 миллион теңгеге 741 несие берілді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58,8 мыңға жетті. «Ауыл аманаты» жобасы – сайлау науқанында сайлаушыларға берген уәделеріміздің бірі. Көріп отырғандай, мемлекет тарапынан үлкен қолдау тауып, қазіргі таңда нақты адрестік іс-шаралар атқарылуда.
– Облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракция мүшелерінің жалпы саны нешеу? Ел аманатын арқалаған депутаттар жергілікті деңгейдегі мәселелердің шешімін табуға қаншалықты ықпал етеді?
– Өзіңіз білетіндей, биылғы 30 наурызда ҚР мәслихаттары депутаттары сайланды. Сайлау қорытындысы бойынша облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда барлығы 188 депутат сайланды. Олардың 134-і – біздің «аманаттықтар». Атап айтатын болсақ, облыс бойынша 23 депутат, қалада 15 және 12 ауданда 96 депутат сайланған болатын.
Депутаттарымыз үгіт-насихат кезінде сайлаушылар аманаттарын орындап келеді. Белсенді екендерін байқап жүрміз, облысымызға қатысты ауқымды, проблемалық мәселелерді көтеріп жүр. Мысалы, оңтүстік аудандардағы киік мәселесі, әуе рейстері мен билеттері, шалғай ауылдарға медицина қызметкерлерін тарту үшін берілетін бірреттік көтерме жәрдемақы, шаруа қожалықтарына берілетін дизельдік отын бағасын мәслихаттар отырыстарында талқылаймыз. «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасының іс-шаралар көрсеткіштерінің орындалуы да жіті қадағалауда. Әр депутатқа бағдарламаның орындалуын бақылау мақсатында өздеріне тиесілі тармақтар бойынша міндет жүктелді және бақылау кестесін Бюро бекітті. Фракция отырыстарында да өзекті мәселелерді көтеріп келеді. Жол картасының орындалуын бақылап, тиісті мемлекеттік органдардың есептерін тыңдаймыз. Тапсырмалардың орындалмау қаупі бар болса, бақылау жұмысын күшейтеміз.
Облыстық мәслихаттағы депутаттарымыз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына облыс көлемінде шешілмеген мәселелерге ықпал ету мақсатында депутаттық сауалдар жолдап, олармен тығыз байланыс орнатуда. Маусым айында мәслихатқа сайланғандар елімізде алғаш рет ұйымдастырылған І республикалық депутаттар форумына қатысты. Онда әр депутат өзін толғандыратын мәселелері бойынша әр түрлі секция отырыстарында министрлермен тікелей кездесіп, өз сұрақтарын қойған еді.
Бұйырса, сол үрдісті жалғастыру мақсатында биылғы 7 желтоқсанда облыстық депутаттар форумын ұйымдастырғалы отырмыз. Бұл дегеніміз депутат пен халық арасындағы байланысты нығайтуға зор септігін тигізеді деп ойлаймыз.
– Азамат Сафималиұлы, «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімі жыл бойы жұмыс істейтінін білеміз. Биыл облыстық филиалдың қабылдау бөліміне қанша адам жолықты? Тұрғындарды қандай мәселелер толғандырады? Соңғы үш жылда тұрғындар өтініші мен арыз-шағымы негізінде қандай шешімдер қабылданды? Өтінімдердің орындалуы бойынша пайыздық көрсеткішін атап өтсеңіз.
– Партияның қоғамдық қабылдау бөлімі – билік пен бұқара арасындағы алтын көпір. Жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдау бөлімдеріне 1801 өтініш түсті. Олардың 47 пайызы оң шешімін тауып отыр. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау құрылымдары басшыларының қатысуымен 1189 қабылдау шарасы ұйымдастырылды. Тұрғындар көбіне тұрғын үй, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, коммуналдық салаға қатысты сұрақтармен жиі жолығады.
Партияның қоғамдық қабылдауында ережеге сәйкес, мемлекеттік құзырлы құрылымдардың басшылары мен депутаттар тоқсанына бір рет қабылдау өткізуі қажет. Дегенмен тұрғындардың сұранысына сәйкес, депутаттар ай сайын қабылдайды. Әр аптада өңірдегі партия филиалының басшысы ретінде қабылдау жүргіземін. Өйткені әрбір тұрғынның өтініші маңызды. Күн сайын жауапты қызметкерлер өтініш берушінің аманатын арқалап, түйткілдің шешімін табуға, заң аясында көмек беруге жұмыстануда.
Жоғарыда атап өткендей, тақырыптық, салалық бағытта қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылуда. Мәселен, жалпы жыл басынан бері 55 елді мекенде «Мобильді қабылдау» жүргізіліп, 202 өтініштің 37 пайызы оң шешілсе, «Құқықтық көмек» жобасы аясында 44 қабылдаудағы 113 өтініштің 30 пайызы шешілді.
Азаматтардың өтініштері мен шағымдары міндетті түрде жазылып алынып, біздің сайлауалды бағдарламамызға енгізіліп отырады. Осының негізінде жол картасы жасақталды. Жол картасында белгіленген міндет-меженің орындалуы – ұдайы партия назарында. Мәселен, күні кешегі Казталов ауданының Қараоба ауылындағы медицина нысанының күрделі жөндеуден өтуі, Бәйтерек ауданы Сұлукөл, Волорадка ауылдарындағы балалар алаңдарының, Теректі ауданы Подстепный ауылындағы мектептің құрылысының басталуы да осы өтініштер мен шағымдардың, халықтың сұранысының негізінде жасалып отыр. Сонымен қатар ауыл мен қала көшелеріне шамдар орнату, бағдаршам қою, жол белгілерін салу тағы басқа да мыңдаған сұрақ шешімін тауып жатыр.
Қазақстан ортақ Отанымыз десек, іргетасын берік ұстап, ең бастысы тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту, әл-ауқатын арттыру – біздің басты ұстанымымыз.
– «AMANAT» партиясының бағдарламасында «Бақуатты өмір, лайықты жұмыс пен еңбек жағдайы», «Қуатты әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін экономика» блоктары бар. Осы бағытта партия жетекшілігімен облыста нақты қандай жобалар іске асырылады?
– Сұрағыңыздың төркіні біздің партиямыздың 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасымен тікелей байланысты. Сайлауалды бағдарламаны өңірде жүзеге асыру үшін жол картасы бекітілді. Жалпы алғанда, ағымдағы жылдың 10 айында жол карталары шеңберіндегі 112 іс-шараның 46-сы (41%) орындалды, 66-сы орындалу сатысында (59%).
2023 жылдың басынан 20,5 млрд теңгеге 769 жұмыс орнын құрумен 18 жоба іске қосылды. Соның ішінде сүт-тауарлық фермасы («Ringo-Milk» ЖШС, құны – 3,9 млрд тг, 39 жұмыс орны ашылды), қонақүй («Nurbergen Health Resort» ЖШС, құны – 800 млн тг, 30 жұмыс орны), фанера өндірісі («PlayCom Uralsk» ЖШС), медициналық орталық («Талап» АҚ), силикатты кірпіш зауытын кеңейту («БҚҚМК» АҚ), медициналық орталық («OLYMP» ЖШС), сауда үй және автокешен («ТД «Мерей» ЖШС), ветеринариялық дәрмектер («Эпсилон» ЖШС), терезе төсенішін өндіру («ЭкоПласт Қарасай» ЖШС), құрама жем өндірісі («Диана» ЖК).
1 қарашаға дейін 16085 жұмыс орны құрылды, соның ішінде тұрақты жұмыс орны – 8759.
Облыстық, аудандық маңызы бар және Орал қалаішілік жолдардың 334,7 шақырымы күрделі жөнделді. Ауданаралық және қалаішілік маршруттарды қамтамасыз ету үшін тасымалдаушылар 31 автобус сатып алды, 22 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау нысанының құрылысы жүргізілуде, 402,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Мемлекеттік қаражат есебінен – жалпы аумағы 20,4 мың шаршы метр 4 мектеп (Бәйтерек ауданының Жалын ауылындағы 54 орындық НОББМ, Казталов ауданының Жұлдыз ауылында А. Құсайынов атындағы 108 орындық мектеп, Казталов ауылындағы Алма Оразбаева атындағы жалпы білім беретін 600 орындық мектеп, Теректі ауданының Пойма ауылындағы 108 орындық мектеп), мектепке дейінгі 29 ұйым ашылды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде ауылдық жерлерде 3 (Бәйтерек ауданының Новенький ауылы, Сырым ауданының Өлеңті ауылы, Теректі ауданының Барбастау ауылы) фельдшерлік-акушерлік пункт, Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында Хан ордасы музей қорығының визит орталығы мен әкімшілік ғимараты іске қосылды, 7 спорт алаңы және Ақжайық ауданының Чапаев және Тайпақ ауылдарында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Орал қаласында М. Өтемісұлы атындағы БҚУдың студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана пайдалануға берілді.
– Партия әрдайым жастар саясатын қолдайтынын білеміз. «Жастар рухы» жастар қанатын ширату үшін қандай қадамдар жасалынады? Жастарға серпін беретін әлеуметтік қолдау тұрғысынан тың жобалар бар ма?
– Партиямыздың Жастар қанаты әрдайым біздің назарымызда. Өңірімізде «Жастар рухының» жұмысы жоғары деңгейде атқарылуда. Партиялық жобалармен қатар, «Жастар рухы» Жастар қанатында жобаларын іске асыруда. Атап айтар болсақ, жастарды отансүйгіштікке баулу мақсатында «Qaisаr» жобасы, «ТазаLike» экологиялық жобасы жүзеге асуда. Сонымен қатар 15-ші жыл қатарынан жоғары деңгейде жүргізіліп келе жатқан «Жас саясаткерлер» мектебі қарқынды жұмыс атқаруда. Жыл сайын осы мектепке қабылданған студент-жастар өздерінің саяси сауатын арттырып, мемлекеттік немесе саяси қызметте қандай жұмыстар атқарылатынымен танысып, өздерінің болашақтағы қадамын жоспарлауларына мүмкіндік алады.
Тың жоба ретінде биыл бастау алған Орал қаласының студенттері арасында өткен «Орал жастары» және облыс жастары арасында өткен «Жайық жастары» фестивалін айтуға болады. Биыл алғаш рет өткен бұл жобаларымызды дәстүрге айналдыру жоспарымызда бар. Оған қоса, «Сөйле» спикинг-клубы біздің өңірде қарқынды түрде жүзеге асып отыр. Әр апта сайын бейсенбі-жұма күндері қазақ тілін меңгеремін деушілерге жастар қанатының арнайы лекторлары сабақ береді. Бүгінгі күні 30 шақты тыңдаушы бар. Оған дейін 25 адам 3 ай оқып сертификат алды. Онлайн байланыста тілді меңгеруге бағытталған уатсап тобы құрылған, қатысушылар саны 100-ге жуық. Бұл бағытта біз барлық құралды тиімді пайдалануды жөн көрдік. Бастысы, тілді үйренемін, меңгеремін деушілерге нақты көмек көрсетуіміз қажет. Оқу курстары тегін екенін атап өткім келеді.
– Азамат Сафималиұлы, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды. Бұл ретте «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет» деп тапсырды. Осы бағытта атқарылатын шаралар туралы айтсаңыз. Бұдан басқа да жобаларыңыз бар шығар?
– «АMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірлесіп «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосты. Соның аясында проблемалық берешегі бар жандардың қаржылық сауатын арттыру көзделіп отыр. Яғни өз қаражатын тиімді жұмсау, несиелік қарыз санын азайту сынды тақырыптар қозғалады. Дәрістер мамырдың 2-сінен басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Бір топтың оқу мерзімі 5 күнді құрайды.
Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық ауданда 31 қарашаға дейін 8621 адамды оқыту жоспарлануда. Жалпы облыс бойынша 8524 адам қолдарына сертификаттарын алды. Соның ішінде Орал қаласында 2812 адам оқыды.
Оқу бағдарламасы келесі санаттағы азаматтарға арналған. Олар – несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі тұрғындар, дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқ адамдар және несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер.
Жобаға қатысушылар өз қаржысын тиімді басқаруды және шығындарын оңтайландыруды үйренеді. Олар қаржылық мәселелердің қалай туындайтынын, несиелік қарыздар санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді қалай анықтауға болатынын үйренеді. Ал ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер компания бюджетін қалыптастыру тәртібі, салық есеп-қисабын ұсынуды және мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша қаржыландыру шарттары туралы құнды ақпарат алады. Сонымен қатар партиямыздың дәстүрлі «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Халыққа көмек», «Құқықтық көмек» және тағы да басқа партиялық жобалар аясында жылдың әрбір тоқсаны сайын желілік кесте жасақталады. Сол кесте бойынша әр тоқсанда 130-дан астам шара өтуде. Жыл сайын аудандық филиал, бастауыш партия ұйымдары.
Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері және «Мирас» қоғамдық кеңестері де өзекті мәселелерді көтеруде. Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударды. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. «AMANAT» партиясы Президенттің осы бастамаларын қолдап, баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды және барлық өңірде «КІТАП-AMANAT» кітап дүкендерін ашуды қолға алды.
«КІТАП-AMANAT» жобасы аясында кеше өңірімізде алғашқы болып Бәйтерек аудандық партия филиалы жанында мәдени-ағарту орталығы ашылды. Сонымен қатар нәтижелі жобалардың бірі - «Жер аманаты» жобасы.
Жоба аясында комиссиялар жұмыс атқаруда. Комиссия отырыстарының қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы құрылымдарға 7 ұсыныс жолданып, оның 3-еуі шешімін тапты.
Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»