5.12.2023, 11:00
Оқылды: 45

Берік Молжігіт: «Өнер – адамның рухани әлемі»

Берік Молжігіт 1952 жылы Сырым ауданындағы Тасқұдық ауылында туған. Қазақстанның құрметті сәулетшісі (2009), ҚР Сәулетшілер және Суретшілер одағының мүшесі, Болгария Сәулетшілер одағының «Алтын капитель» сыйлығының иегері, «ИНТЕРАРХ – 2012» XII Дүниежүзілік сәулетшілер триенналесінің «Алтын медаль» иегері.

641319c3-d4c3-4d82-9398-931e22284539

1973 жылы Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін, 1984 жылы Ленинградтағы КСРО Көркемөнер академиясы жанындағы И. Репин атындағы сәулет мүсін және кескіндеме институтының сәулет факультетін  сәулетші-суретші мамандығы бойынша бітірген.

Алматы әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалы (2003), Тараз қаласындағы спорт сарайы (2011), Астанадағы «Керуен» ойын-сауық кешені (2008), Думан шағынауданындағы 1000 орындық мектеп (2003) және т. б. көптеген жобаның ауторы. Жақында Берік Ұзақбайұлы Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасының көрме залында «Өнерім – қос қанатым» атты жеке көрмесін өткізді. Енді, осы қос өнердің хас шеберінен алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Туған жеріңізге қош келдіңіз, аға! Басында бала Берікті суретшілікке бағыттап, қанаттандырған кімдер еді?

– Әкем шәй басында балам зоотехник немесе агроном болады деп отыратын. Мен 7-8-сыныпқа келгенде «Сынып бұрышын» безендіріп, оған Ленин, Ыбырай, Маяковскийларды салып жүрдім. Ұстаздар мына бала керемет суретші деп мақтайтын. Жылқышының баласымын ғой, интернатта бір бөлмеде 5-6 бала жатып оқыдық. Бір күні ұйқыға жатқанымыз сол еді, біреулер есік қағады. Сөйтсек, ол мектеп директоры, завуч, қасында ауданның білім бөлімінен келген өкіл бар, менің бөлме қабырғасына ілінген «көрмемді» тамашалауға арнайы келіпті. Мектеп басшысы «Бұл Ұзақбайдың баласының суреттері» деп мені мақтап жатыр. Мен ұялып тұрдым, бірақ сол сөздер бала көңілімді қанаттандырды. Содан көп уақыт өтпей, суретші болғым келеді деп, Алматыда журналда істейтін суретші Казанцевқа хат жаздым.

 – Сіздің суретшілік өнерге бет бұруыңызға, сол Николай Казанцевтың  да әсері болған сияқты ғой.

– Иә 8-сыныпты бітіргесін сол кісінің айтуымен Алматыдағы сурет училищесіне барамын деп шештім.

Бұрын Жымпитыдан әрі шықпаған баланың әке рұқсатын алып, бейтаныс үлкен қалаға тәуекел қылып жолға шығуы – менің маңдайыма жазған тағдырдың сыйы екен. Ақсай қаласынан  әкем мені пойызға отырғызды. Вагонда жан жоқ. Әкейдің мені қимай көзіне жас алғанын көріп, өзегім өртеніп келе жатсам, алдымдағы купеден бір ағай кезіге кетті. Қол алысып амандасып, қасындағы бос орынға жайғастым.

– Інішек, қайда барасың? – деп сұрады, мен Алматыға оқуға бара жатқанымды айттым. – Қандай оқу орнына?

«Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне» – дедім. Ол орнынан ұшып түрегеліп, қолын созып: «Мен де сонда бара жатырмын оқуға» деп қолымды қысып, құшағына тартты.

Ол кісі Алматыға барғасын мені досы, суретші Дияс Сейдахметовке ертіп апарды. Сурет училищесіне түсу үшін мені екеуі мықтап дайындады, соның арқасында оқуға қабылданып, оқып, үздік бітірдім. Училище басшылығы менің дипломдық жұмысымды талдап, сараптай келе, маған сәулетші болуды ұсынды, ол үшін Ленинградтағы кескіндеме және сәулет институтына бару керектігімді айтты.

Ал пойыз вагонында кезіккен ағай кейін қазақтың атақты график-суретшісіне айналған тұлға – Саламат Өтемісов еді. Ол училищеден бұрын Орал пединститутының тарих және филология факультетін бітірген азамат екен.

– Өнер жолында қызықты сәттер көп болған шығар, десек те ең маңыздысын айта аласыз ба?

– Петербордағы көркемсурет академиясына үшінші рет құжат тапсыруға барған кезім. Жылына одақ бойынша небары 45 студент қабылданады, онда да қолыңда жолдама болуы шарт. Сол жердегі қабылдау комиссиясы маған тез арада Қазақстанның Мәдениет министрлігіне хабарласып, шұғыл жолдама жеткізу керектігін айтты. Сөйтіп қалтама екі уыс он бес тиындықтарды толтырып, «Дворцовая площадтағы» телефон аутоматына келдім. Бірақ біздің мәдениет министрлігіне қалай хабарласарымды білмеймін. Кезек азайған сәтін пайдаланып, тұрған екі әйел адамның бірінен біздің министрлікпен қалай тілдесуге болатынын сұрадым. Ол Аймановтардың пәтерінің телефонын беріп тұрып, үйде бір қыз болады, содан телефон нөмір­ді сұра, ол береді деді. Аутоматқа бір тиынымды салып, жауап қатқан қыздан Мәдениет министрлігінің теле­фонын алдым. Тағы бір тиынды тастай салысымен арғы жақтан «алло» деген дауыс естілді, Көркемсурет академиясының архитектура факультетіне түсуге жолдама қажеттігін айттым. Сен онда қалай бардың дегенде, мен өз бетіммен келгендігімді айттым.

– Фамилияң қалай? – Молжігіт, енді есімімді айтуға оқтала беріп едім, телефон тұтқасын қоя салды. Үлгермей қалдым. Басым айналып, Ленинградтың кең көшесінде есеңгіреп келе жаттым.

Екі күн өткен соң қабылдау комиссиясындағылар мені көріп құттықтап жатыр, жолдама келді деп. Осы оқиғаны қазір есіме алсам, өте қызық, ол күндерде тіптен де қызық болмап еді...

– Өнеріңіздің өрлеуіне дем берген ұстаздарыңыз туралы айтсаңыз.

– Көркемсурет училищесінде оқып жүргенде сурет салудың небір әдіс-тәсілдерін үйретіп, қыр-сырына қанықтырған Василий Поляков, Тобанияз Кәрібжанов, Кенжебай Дүйсенбаевтар болды. Кенжебай аға өмірден өткенше, көрген жерде, училищеде қалай жұмыстанғанымызды айтып, мерейімді өсіріп, мақтап жүретін. Ал академияда КСРО Халық сәулетшісі Игорь Фомин дәріс берді. Оның әкесі Иван Александрович Фомин, Василий Желтовскийлер – Лениннен тікелей тапсырма алып, жаңа кеңестік сәулет-құрылыс нысандарын жасауға атсалысқан жандар. Міне, осындай ұстаздардың тәлім-тәрбиесі мені әлі күнге алға жетелеп келеді.

– Берік аға, өнер жолы ауыр ғой, күйзеліске түсіп, қиналған сәттеріңіз болды ма?

– Күйзеліске түстім деп айта алмаймын, ал аздап қиналған сәттер болады ғой. 1993 жылғы бір жағдай есімде қалыпты. Архитектурадағы жобалар тоқтап, кескіндемеге көше алмай жүрген уақыт еді. Бір күні осы «Бұқалар» триптихының қаңқасын есік алдына шығып, қолдағы бар материалмен соқпалап жасап тастадым. Оны көрмеге шығарғанда өнертанушы Барманқұлова көріп қойып «Что за рама?» деп қатты таңғалғаны бар. Жеңгеңіз, жарықтық, жақсы адам еді, шығармашылығыма ылғи да демеу беріп, қолдап отыратын. Сол тұстағы менің жоқтан бар жасап, қиналып жүргенімді көрген ол подрамниктердің жүз шақтысын сапалы етіп жасатып әкелді. Оларды әлі  күнге дейін пайдаланып келемін. Сол жұбайымның дүниеден өткеніне де он жылдай уақыт болды. Ұлым Астанаға шақырады, бірақ өскен орта мен достарым, шығармашылығым осы Алматыда, жеңгеңіздің үйде өсірген гүлдерін де қимаймын, әлі баптап, су құйып, мәпелеп отырамын.

– Жасаған сәулет жобаларыңыздың ішінен ең жаныңызға жақыны қандай?

– Ұлттық музей жобасы. Оның дүниеге келуі де, кейінгі тағдыры да қызық. Азулы сәулетшілер Шухрат Юсупов, Төлеген Әбділдалар бұл жобаға әу баста-ақ оң бағасын беріп қойған. Басынан жобаны сәтті шықсын десеңіз, оның негізгі «кілтін» тауып алғаныңыз жөн, әйтпесе, ол қалай еңбектенсең де сәтсіз шығады. Бұл жобаның идеясы, яғни кілті сонау балалық шақтан жүрегімде сақталыпты. Ауылда, Аққұдықта жазда үй көлеңкесінде далаға ұзақ қарап отырғанда көкжиектегі төмпешіктерді көретінмін, сырын білмекке құмартып, әкемнен сұрасам, ол жаугершілік заманда қаза болған батырларды аттарымен бірге жерлеген оба деп түсіндірді. Сәске кезінде сағым пайда болып, сол обаларды бірнеше бөлікке бөледі. Сонда деймін-ау, осы «Алтын медальға» қол жеткізген жобаның негізгі идеясы, сол жадымда сақталған балалық балғын шақта көрген жазық дала, төмпешіктер мен белестерден басталған болып тұр ғой.

– Сіз өз жұмыстарыңызда сәулет, кескіндеме, абстрактілі эскиздер мен графиканы өте оңай және еркін біріктіріп жүресіз.

– Басқа суретшілер немесе қарапайым адамдар сияқты мен де, ең алдымен, кез келген композициядан кәсібилікті көргім келеді. Иә, дұрыс айтасыз, менің шығармаларымның ішінде абстракцияда, реалистік мәнерде жазылған жұмыстар да бар.  Реалистік өнер –  ол шеберлік, ал суретші қиялы заманауи өнерді тудыратынын білеміз. Мысалы, қарапайым үйдің кескінін салғанда, тек сыртқы көрінісін салып қоймай, оның ішкі бөлмелерін, ондағы жайлылық пен  жылылықты сезіп отырып бейнелеу керек. Көп жағдайда осыны ескермей жатамыз, нәтижесінде суық, тартымсыз дүниелер шығып жатады. Сәулет жобаларымен жұмыстанғанда да соны ескерген абзал.

Мысықтар бейнеленген «Достар» деген графикалық жұмысымды көріп, Баян Барманқұлова «Қызық картина екен, Инь мен Янь» деді. Яғни өнертанушы оның түп-тамырын, негізін көріп, сезді. Картинаның атауын ойлап табудың өзіне де жоғары көркем білім керек.

– Беке, жұмыстарыңыздың арасынан Казимир Малевичтің «Қара шаршысын» еске түсіретін бір картинаңызды көрдім...

– Мен қажылық парызды өтеген жанмын. Онда адамдар тазару және дұға ету үшін барады ғой. Өзімді қатты исламшыл санамаймын. Өнер рухани дүниенің тазалығына жетелей­ді.  Бұл қара шаршы – кәдімгі сол «Қасиетті Қағбаның» көрінісі. Бұл циклда бірнеше графикалық дүниелер жаздым және  олар бейнелеу өнерін бағалаушылардың ықыласына ие болғанын жасыра алмаймын.

– Өткен күндерді көз алдымызға әкеліп, шынайы сұхбат бергеніңіз үшін рақмет! Аман жүріңіз!

Сұхбатты жүргізген:

Қуандық Мәдір,

«Атамекен» өнер ордасы көрме ұйымдастыру бөлімінің

басшысы, «ҚР БҚО Суретшілер одағы» ҚБ төрағасы, өнертанушы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале