Соғыстың бас кезінде Алматыға «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудияларының көшірілуі Қазақстанда кино өнерінің дамуына негіз болады.
Эвакуацияланғандар арасында режиссерлер, сценаристер және басқа мамандардың 500-дей өкіл келді. Олардың ішінде Одаққа танымал С.Эйзенщтейн, Ф.Эрмлер, Н.Черкасов, М.Жаров, Л.Орлова сынды аса көрнекті кино шеберлері болды.
1941 жылы қарашада Алматы кино студиясы мен көшіп келген «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудияларының негізінде Орталық біріккен көркем фильмдер киностудиясы ұйымдастырылды.
Біріккен Орталық киностудиясының бастамасымен түсірілген «Аудандық комитет секретары», «Әуедегі жүк тасушы», «Күт мені», «Котовский», «Иван Грозный», «Актриса» және тағы басқа фильмдер қазақ жерінде түсірілген алғашқы туындылар еді.
Соғыстан кейін «Мосфильм» мен «Ленфильм» қайта өз елдеріне көшірілген соң Алматыда қалған негізгі техникалық құралдар негізінде Алматы көркем фильмдер студиясы құрылады.
Осылайша Алматы студиясының қазақ жауынгерлерінің Отан соғысындағы ерлігі туралы баяндаған «Алып туралы жыр» және колхозшылардың тылдағы еңбегі туралы шыққан «Ақ раушан» киноновеллаларының шығуы Қазақстанда кино өнерінің қалыптасуының негізі болады.
Зұлқожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz