Қуанышы мен реніші, жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін бұл жалғанда ізгілікке ұмтылатын, саналы ғұмырын парасаттылыққа, жақсылыққа арнайтын жандар болады. Олардың өздері дүниеден өтсе де, есімдері ескірмей, халық жадында сақталады. Ұлағатты істерімен, қарапайым да адамгершілік қасиеттерімен көптің құрметіне ие болған жандар әрдайым халық жадында сақталмақ. Осындай шоқтығы биік азаматтардың бірі – Әскерғали Шамғонов.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрылғанына – 60 жыл толып отырған мерейтойлы жылда Әскерғали Шамғонұлы туралы аз-кем ой тарқатуды жөн көрдім.
Ол 1941 жылы 30-шы қаңтарда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Қалдығайты совхозы, Темірбек ауылында жұмысшы отбасында өмірге келген. Балалық шағы елдің ең ауыр кезеңінде өтті. Әкеден ерте айрылып, шешенің тәрбиесінде өскен ұл, балалық шағынан ұстамды, тәртіпті болатыны хақ. Ел соғыстан жаңа ғана шығып, тұрмыс тауқыметі ауыр болғанымен, әр отбасы балаларын оқытуға ұмтылды. Бастауыш сыныптардан бастап-ақ жаяулап-жалпы-
лап жүріп 1957 жылы Қаратөбе орта мектебін күміс медальмен бітіріп, үлкен жолға түсті. 1961-1964 жылдары әскер қатарында борышын өтеп, 1964 жылы Саратовтың экономикалық институтына оқуға түседі, бірақ кейін отбасы жағдайына байланысты Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына ауысады. Институтта 1967 жылы «Бухгалтерлік есеп және ауыл шаруашылығы статистикасы» кафедрасы ашылған болатын. Соны ең алғаш бітірген 50 маман қатарында үздік диплом иесі Ә. Шамғонов та бар еді. 1960 жылдардың екінші жартысында, ауыл шаруашылығы пайдасын ұлттық табыста қайта бөлу, ауыл шаруашылығы өніміне сатып алу бағаларын арттыру жөнінде реформалар басталды. Бұл реформаның маңызды элементі – ауыл шаруашылығын басқарудың әкімшілік әдістерінен демократиялық әдістерге көшу, сондай-ақ шаруашылық есепті кеңінен негіздеу болды. Үкімет ауыл шаруашылық саласын дамудың негізгі жаңа жолына көшіруді көздеді. Ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау үлкен саясатқа айналды. Арнайы оқу орындары ашылды, ғылыми кадрлар дайындау жүйесі қалыптасты. Оқу орындары ғылыми кафедраларға қат болды, сондықтан Ә. Шамғонов сияқты үздік оқыған студенттерді кафедраларға алып қалып, әрі қарай ғалым болып қалыптасуына жол ашылды.
Әскерғали Шамғонов 1968-1970 жылдары «Бухгалтерлік есеп және статистика» кафедрасында ассистент болып қызмет етті. Ал, 1971 жылы Волгоград ауыл шаруашылығы институты жанындағы арнайы аспирантураны бітіріп, 1973 жылы ғылым кандидаты дәрежесін қорғайды. Негізгі зерттеген мәселесі – ауыл шар-уашылығы ұжымдарындағы қоғамдық қорларды тиімді пайдаланып, есепті ұйымдастыруды жетілдіру. 1973 жылы институтқа оралып, «Бухгалтерлік есеп және статистика» кафедрасында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді. Ол жылдарда бұл мамандыққа 50 адам күндізгі бөлімге және сонша студент сырттай бөлімге қабылданатын. Кафедрада А. Вишневская, С. Гришина, С. Бисенов, А. Гринченко, Р. Шульманова сияқты білікті кадрлар жұмыс істеді.
1974 жылы Ә. Шамғонов кафедра басқарған кезден бастап, кафедраның материалдық және оқыту әдістемелік базасы нығайып, жоғары деңгейлі маман-есепшілер даярланды. Кафедра оқу-әдістемелік жұмыспен қатар ғылыми ізденістермен айналысты, бақылау мен есептің чектік формасын енгізу үшін келісімшарт жұмыстарын атқарды. Орал, Атырау, Ақтөбе облыстарындағы ұжымдарға бақылаудың чектік формаларын енгізуде Ә. Шамғоновтың басшылық ісі айта қаларлықтай болды.
Жалпы бухгалтерлік есеп кафе-драсында дәстүрге айналған адамгершілік, жанында жүрген әріптесіңді құрметтеу, қажет болса, әзіл-қалжыңмен де көңілін көтеру сияқты қасиеттер Әскерғали Шамғонов ағамызға тән еді. 1993 жылы экономикалық факультет құрамынан «Қаржы және бухгалтерлік есеп» факультет болып бөлініп шыққанда аймақтағы ең білікті тәжірибелі ғалым ретінде Ә. Шамғонов декан болып тағайындалды.
1981-1987 жылдарда Әскерғали ағамыз институт партия комитетінің хатшысы, кейінгі жылдары оқу орнының ардагерлер кеңесін басқарды. Сонау сексенінші жылдары ел тарихындағы күрделі қайта құрулар кезеңіне байланысты партия тарапынан жұмыстың мүлде жаңа қағидалары ұсынылды, қоғамдық көзқарас, саяси белсенділік артты. Міне, осындай өтпелі қайта құрулар кезеңінде Ә. Шамғонов институттағы қоғамдық саяси қызметтерді үйлесімді жолмен, соны әдістермен ұйымдастыра білді. Қоғамдық саяси белсенді тұлғалар қалыптасты, институт құрылымы басшылары даярланды. Ал, ғалым ағамыз Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, 1996 жылы Жаратылыстану академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды.
Ағамызбен ұзақ жыл етене араласа жүргенде байқағаным, Әсекең жан сарайы таза, кімге болса да достық, ізеттілік сезіммен қарайтын, сырты да, іші де сұлу, жарасымды жан екеніне көзім жетті. Менің өмірімде ерекше орын алатын, мен үшін асқан биік парасат иесі Әсағам жақсы адам атағына ең лайықты жан десем, еш қателеспеймін. Оның бойындағы күллі қасиеті, адамдық келбеті, ортамен қарым-қатынасы − барлығы дерлік ұнайды. Айта берсек, жеткен жетістіктері мен сіңірген еңбегі қаншалықты көп болса да асқақтамай, «Биік таулар, биікпін деп шіренбе!» деген өлең жолындағыдай, үнемі қарапайым қалпын сақтаған, қашан көрсең жарқын жүзімен күлімдеп баурап алатын Әскерғали Шамғонұлы – осындай жан.
Әскерғали Шамғонұлының өмірі, қызметі, жетістігі, мақсат-мұраты Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтымен, қазіргі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен тығыз байланысты.
Әскерғали Шамғонұлының ізденімпаздығы мен іскерлігі қашан да болсын алдындағы жолын айқындап берді. Қалап алған мамандығын шын жүрегімен мақтаныш санады. Ардақ тұтар ағаның өз мамандығы бойынша ғылым кандидаты, профессор атақтарының иегері болып, тағылым аларлық ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқанының өзі бір төбе. Ұстаз-ғалымның қолтаңбасынан шыққан шығармашылық ғылыми еңбектері де мол. Сонымен қатар ағамыздың ұлағаттап айтар ұстаздық еңбегі де әріптестерінің есінде. Ғылым саласында абырой арқалап жүрген шәкірттері де көптеп саналады. Олардың кандидаттық диссертацияларын сынақтардан сүрінбей қорғауына қажымай-талмай қаншама еңбек сіңірді десеңізші?! Баулып шығарған шәкірттері сондықтан да Әскерғали Шамғонұлын аса қадір тұтады.
«Әскерғали Шамғонұлының шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар берудегі еңбегі өте зор. Сондықтан да есімі университетімізден білім алып, жұмыс істеп жүрген мамандардың есінде білімді ұстаз ретінде қалыптасқан ерекше тұлға. Әскерғали Шамғонұлы – әр студентті жатсынбай жастайынан баурап, олардың экономикалық сауатын ашып, болашаққа жол көрсетіп, маңдайыңнан сипайтын адам. Профессор Әскерғали Шамғонұлы студенттерге дәріс оқуда, практикалық сабақтарды жүргізуде немесе дипломдық жұмыстарға жетекші-лік жасауда әрбір студентке бухгалтерлік есеп жөніндегі негізгі мәселелерді жеткізуге жанын салып түсіндіретін. Көп жыл бойы ақырын жүріп, анық басқан ұстаз болуымен қатар, бізді сабырлы мінезбен, салиқалы, салмақты ақылымен тәрбиеледі, әрқайсымыздың өмірден өз орнымызды табуымыз үшін ақыл-кеңестерін берді, осы қамқорлығы үшін рақмет айтып, шәкірттік ықыласымды білдіргім келеді», – деп еске алады шәкірті, экономика
ғылымдарының кандидаты А. Қазамбаева.
Университеттің мерейтойы қарсаңында біз дәстүр бойынша оның дамуына үлкен үлес қосқан тұлғаларды еске аламыз. Әрине, осындай адамдардың бірі – Әскерғали Шамғонұлы Шамғонов. Ол көп жыл бойы есеп пәндерінен сабақ беріп қана қоймай, факультетті басқарды, қазір Қазақстан Республикасы мен шет елдердің әртүрлі қалалары мен ауылдарында жұмыс істейтін жүздеген бухгалтерді дайындауға, сонымен қатар көптеген жас әріптесінің академиялық мансабына ерекше ықпал етті.
«Әскерғали Шамғонұлының тапсырмаларды беру қабілеті маған қатты әсер ететін. Біз жүзеге асырып жатқан іс-шаралар факультеттің дамуына қалай әсер ететінін нақты түсіндік, сондықтан оларды мүмкіндігінше жақсы орындауға тырыстық. Әскерғали Шамғонұлы маған оқуды қоғамдық жұмыстармен оңтайлы үйлестіруді, студенттерге қолдау көрсетуді, мүмкіндігіне қарай команданы бағалай білуді үйретті.
Сондай-ақ мен бүгінгі күнге дейін тәлімгерімнің күнделікті әріптестерімен жылы сөйлесуге, қиындыққа тап болған студентпен және әріптесімен жеке сөйлесуге уақыт таба алатынына таң қаламын. Өзінің жасына және лауазымына қарамастан ешкімді өзінің қадір-қасиетінен төмен деп санамады, жеке өзі кафедрадағы әріптесіне келіп, көңіл айтты немесе қолынан келген көмекті ұсынды. Маған басқа әріптестеріммен бірге оқуды жалғастыруға кеңес берген Әскерғали Шамғонұлы болды. Егер ағайдың кеңесі болмаса, менің диссертациямды бастауға батылым бармас еді. Ағайымды бәрінен бұрын үлкен жүректі адам ретінде есімде сақтадым. Қазіргі уақытта осындай жақсы адамдармен жылы әңгімелер жетіспейтінін мойындаймын», – деп еске ала-
ды шәкірті, экономика ғылымдарының кандидаты Зәм-зәгүл Сұлтанова.
Қай кезде де адамды бақытты ететін отбасы десек, бұл ретте профессор Әскерғали Шамғонұлының өмірлік сыңары бола білген Хамида Ихсанқызы отбасымен шектеліп қалмай, ғылыммен де айналысқан ұстаз, тарих ғылымдарының кандидаты болып, студенттерге осы күнге дейін білім беруде. Әсекең мен Хамиданың арасындағы балалары – Асқар мен келінінің, Дана мен күйеу баланың, немерелердің арасындағы осындай келісім, осындай үйлесім жалғаса берсе екен деймін.
Әскерғали Шамғонұлы қай кезде де зейін мен ілтипат ортасында болды. Жас ұрпақ ол кісіні ерен еңбегі үшін сыйлайды, ал біздің университеттің профессор-оқытушылар құрамы оған өлкеміздің дамуына қосқан жеке үлесі үшін аса үлкен құрметпен қарайды.
Өнегеге толы өмірінің бар белесін абзал азамат қалпында өткерген Әскерғали Шамғонұлы – болашақ жастарға үлгі-өнеге. Өмірді бай да, кедей де сүреді. Алайда Алланың өлшеп берген тағдырында өнегелі іс жасап, артында із қалдыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы тұрғыдан алып қарағанда Әскерғали Шамғонұлын ел үшін еңбек етіп, ұрпақтың қамын, кемел елдің келешегін ойлаған, ардың жүгін арқалаған азамат деуге толық негіз бар.
Қазыбай Бозымов,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрметті ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор