7.12.2023, 11:15
Оқылды: 62

Марат Сарбөпеев: «Мен үшін туған ауыл-аймағымның көркем табиғатынан асқан муза-музыка жоқ»

Алдағы сәрсенбіде, яғни 13 желтоқсан күні Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында батысқазақстандық белгілі әнші, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Марат Сарбөпеевтің «Әнім менің – әлемім» атты жеке шығармашылық кеші өтеді. Есеп беру концертінің қарсаңында танымал әнші-композитормен тілдесіп, шығармашылығындағы жаңалықтарын сұрап білдік. 

46401498_1242266925912181_6819399547597357056_n

Марат  Сарбөпеев, республикалық  және халықаралық байқаулардың лауреаты

 

– Марат аға, әңгімемізді мектеп қабырғасындағы бала болмысыңыздан, кие-лі сахнаға қадам басқан сәттерден бастасақ… Әншілік өнерге қалай келдіңіз?

– Меніңше, әр балаң дарынның өнерін оятатын оның отбасы мен өскен ортасы. Өзім көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Біз тоғыз ағайындымыз, мен кенжесімін. Ес білгелі үйіміз түрлі музыкалық аспаптарға толы болатын. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында, менің бала кезімде ағаларым вокалды-аспаптық ансамбльдің құрамында өнер көрсетті. Үйде болғанда үнемі гитарда ойнап, ән шырқайтын. Ал марқұм әкем сырнайда шебер ойнайтын.  Әулетіміз ән мен күйге жақын болғандықтан, әншілік өнерге ерте жастан әуестендім. Әлі күнге көз алдымда, маған алғаш аккордеон аспабын алып беріп, аспапты игере алмай көп әуреленген едім. Аккордеон үлкен ғой, қолдарым жетпей, бір жағын аяғыма қыстырып, екінші жағын қолыма алып, пианино сықылды етіп тілін табуға тырыстым. Сөйтіп, жүре бара әуендерді ойнай бастадым. Көбінесе ағаларыма қарап үлгі алатынмын. Олардың өнерге әуестігі маған үлкен әсер қалдырып, сол ағаларымның арқасында әншілікке келдім деп есептеймін.

Қаршадайымнан өнерге жақын болғаныммен, өнер иесі, сахна жұлдызы боламын деп ешқашан ойламаппын. Мектеп қабырғасында өзім құралпы балалар сынды ғарышкер, ұшқыш, тіпті бастық болуды армандаушы едім. Мен өнер жолын есейе келе, саналы түрде таңдадым. Мектеп бітірер шақта өзім құралпы бозбалалармен өзімізше кішігірім ансамбль құрғанбыз. Сол шағын құрамымызбен ауылдық клубтың сахнасында өнер көрсетіп, аудан-ауылдарды аралап, концерт бере бастадық. Сол кездері менің сахнаға деген құштарлығым артып, көрерменнің ыстық ықыласы өнерге деген ынта-ықыласымды өршітті.

– Әрине, сахнаға жеткенге дейінгі жолда ұстаздардың еңбегі орасан. Осы орайда өнер жолына жетектеген ұстаздарыңыз жайында айтып өтсеңіз.

– Менің өнерге деген құштарлығымды арттырған 1965 жылы туған Талап деген ағам. Өкінішке орай, 25 жасында ағамның өмірі қыршыннан қиылды. Ол 2-класта оқып жүрген менің қолыма гитарын ұстатып, киелі сахнаға қадам басуыма септігін тигізді. Гитарды дұрыс ұстауды, аккордтарды, дыбыс үндестігін ағамнан үйрендім. Мені өнер әлеміне алғаш жетелеген Талап ағам. Кейін мектеп бітірген соң Орал қалалық мәдени-ағарту училищесіне оқуға түстім. Бұл жерде көптеген кәсіби музыкант, талантты композиторлардың алдын көрдім. Сол ұлағатты ұстаздарымның бірі – Мәлік Өтегенұлы Демесінов. Ол мені өзінің қамқорлығына алып, Мәлік ағамның жетекшілігімен сахналық өнерге шындап дағдыландым.

– «Әннің бағын әнші ашса, әншінің бағын ән ашады» деп тегін айтылмаса керек. Сіздің бағыңызды ашқан қай ән болды?

– Менің бағымды ашқан бір ән емес, бірнеше ән. Әннің танымалдығы артуы үшін әнді жеткізетін жақсы әнші, сөзін жазатын қаламы қарымды ақын, әуенін өңдейтін әрлеуші қажет. Алғаш республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, өнердегі еңбек жолымды бастаған сәтте дарынды композиторлар – Байдалы Рыспамбетовтың «Аңсарым», Ренат Ғайсиннің «Ақ сезім» атты әндері мені көпшілікке танымал етті. Бұл әндер көптеген байқауда маған жүлде сыйлады. Бұған қоса табиғатыма драматикалық әндер жақын болғандықтан, өзге де сахналарда, жиындар мен концерттерде Александр Серовтың репертуарындағы әндерді орындағанды ұнатамын. Соның ішіндегі «Мадонна» деген ән менің бағымды ашқан туындының бірі болды.

– Қазіргі таңда шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Өнерпаздың тынымсыз ізденісте болғаны абзал. Жалпы қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Сондықтан шығармашылығымда болып жатқан жаңалықтармен бөліскенді ұнатпаймын. Себебі ойлағаным іске аспай қалады деп қауіптенемін. Жуырда Аружан Бисембай деген шәкіртім «Түркістан дауысы» атты халықаралық сайысқа қатысып, лауреат атанды. Бұл жаңалық мерейімді өсірді. «Ұстаздан шәкірті озса игі» дейді халқымыз. Шәкірттерімнің жеңіс-жетістігіне әр кез балаша қуанамын. Бұған қоса, алдағы аптада мерейлі 50 жасымды атап өткелі отырмын. Осыған орай үлкен шығармашылық кешімнің өтетінінен көпшілік хабардар. Қазір қызу дайындық үстіндеміз.

– Жастарды өнер жолына баулып, шәкірт тәрбиелеп жүргеніңізді айтып қалдыңыз. Шәкірттеріңіз көп пе?

– Шәкірттерім, шүкір, баршылық. Әр ұстаздың өзінің жетпеген жетістігіне шәкіртінің жеткенін қалайтыны аян. Шәкірттерім өзімнен озса, менің ізденісім мен еңбегімнің бір жемісі. 1998 жылы халықаралық «Жас қанат» байқауына қатысып, лауреат атандым. Алайда бірінші орын ала алмадым. Тура 10 жылдан кейін шәкіртім Дәуренбек Мерғалиев дәл осы «Жас қанат» конкурсында жеңімпаз атанды. Бұл – мен үшін, шынында, үлкен қуаныш. Сондай-ақ жоғарыда атап өткен Аружан Бисембай, Ибрагим Жантөрин, Асланбек Шайхин – болашағынан үлкен үміт күттіретін, түрлі деңгейдегі байқауларда жүлдегер атанып жүрген жас әншілер. Тағы басқа жасындай жарқылдап көрініп жүрген шәкірттерім бар. Алла қаласа, шығармашылық кешімде осы екі шәкіртім – Дәуренбек пен Аружан қосыла ән шырқайды.

– Марат аға, сіз үнемі талғаммен киініп жүресіз. Оралдағы киім-кешек дүкендерінен киінесіз бе, әлде өзіңізге арнайы киім тіктіресіз бе? 

– Мұндай сұрақ маған бірінші рет қойылып тұр (күледі). Күнделікті киімді арнайы тіктірмесем де, сахналық киімді тапсырыспен тіктіремін. Өйткені оның өзінің ойластырылған дизайны болады. Алдағы күндері өтетін шығармашылық концертіме бір костюмімді Алматы қаласындағы «Мико» деген салонда тіктірдім. Ал күнделікті киімді сайыстар мен байқауларға қатысу үшін шетелге шыққанда аламын. Себебі ол жақта бренд киімдер көп. Елімізде сауда-саттықтың өрісі кең болғандықтан талғаммен киінуге мүмкіндік мол. Сондықтан арасында қаламыздағы немесе Астана, Алматыдағы дүкендерден де киім-кешек сатып аламын.

– Бос уақытыңызда немен айналысқанды жақсы көресіз? Жүйелі шұғылданатын хоббиіңіз бар ма?

 – Қолым қалт етсе, отбасымды алып, ауыл жаққа жол тартамын. Білмеймін, жасыма жас қосылған сайын шығар, ауылды қатты аңсаймын. Мен үшін туған ауыл-аймағымның көркем табиғатынан асқан муза-музыка жоқ. Қазір ат ізін суытпауға тырысып жүрмін. Ауылдың түтіні мен жусанының иісі жан дүниемді сергітіп, жалын-жігер, күш-қайрат береді. Сол жерде бала кезден бірге өскен достарым, тума-туысқан, әкем мен анамның қатарластарын көріп, бір жасап қаламын. Ал хоббиім жайлы айтатын болсам, спортпен шұғылданып, бой сергіткен ұнайды. Футбол, волейбол, үстел теннисі ойындарын ойнап, саламатты өмір салтын ұстануға тырысамын.

– Әлі күнге дейін істей алмаған, бірақ қатты қалап жүрген нәрсеңіз не? Сізге не бөгет?

– Кәсіби музыкант, композитор болғаннан кейін, әлбетте, әндерімнің  көп болғанын қалаймын. Ойлап қарасам, осы күнге дейін тек 15 ән жазыппын. Бірақ өзімнің бір ұстанымым бар – аз жазсам да, әндерімнің әуенді, танымал болғанын қалаймын. Әрине, күнде ән жазуға болады. Бірақ көптің көңілінен шығу үшін әннің төрт құбыласы сай болуы тиіс. Алдағы уақытта классикалық жанрда музыка жазғым келеді. Кейде «Осы уақытқа дейін неге соларды жазбадым?» деген сұрақ туындайды. Шынымды айтсам, маған не кедергі болғанын білмеймін. Дегенмен әлі де кеш емес, енді композиторлық шығармашылығымды жандандырмақпын.

– Шығармашылық кешіңіздің қарсаңында ән қоржыныңызды қандай әндермен толықтырдыңыз?

– Шығармашылық кешімде орындалатын әндердің 90 пайызы – жаңа әндер. Мен осыған дейін үш жыл бойы жеке концертімді берген жоқпын. Осы уақыт аралығында нендей жұмыс істеп, қандай туынды жазғанымды есеп беру концертімде тамашалауға болады. Атап өтетін болсам, туған жер тақырыбында жаңа әндерім бар, жергілікті композиторларымыз – Ербол Ақбасов, Жаскелең Ғайсағалиев, Ләззат Қажығалиева сынды әріптестеріміздің әндері орындалады. Сонымен қатар алдағы концерттің соңғы бөлігіндегі 8-9 шығарманы алғаш рет үш оркестрдің сүйемелдеуімен және хормен бірге шырқаймын. Бұған қоса сүйікті музыкалық аспабым – гитармен де бір композиция дайындап жатырмын.

– Алдағы күндері өтетін концертіңізге Алматы, Астана сықылды қалалардан қандай әншілер келіп атсалысады?

– Жеке шығармашылық кешім болғандықтан, көп әншілерді қоспадым. Қазір байқағаным, шығармашылық кеш бергенде қонақтармен нөмірлерді толтырып, концерт 3-4 сағатқа созылып кетеді. Көрермендер шаршайды. Әсіресе, үлкен кісілерге обал, берекеті кетеді. Қандай керемет әртіс-әнші болса да, концерт 1,5-2 сағаттың төңірегінде болуы керек, меніңше. Өзімнің жаңа әндерімді қосқанда сол 1-2 сағаттың төңірегіне сиятын 20 шақты нөмір дайындалды. Кешіме Алматыдан өнердегі досым, әнші, композитор Медеу Арынбаевты, көршілес Ақтөбе, Атырау облыстарынан достарымды шақырдым. Атырау облысындағы атақты композитор Болат Қоқаманов ағамыз келіп, екі жаңа әнінің тұсауын кеспек. Оркестрге партитура жазып жатқан Әли Ермекбаев деген жолдасым және өзімнің шәкірттерім концерттің өтуіне атсалысады.

 

Сұхбаттасқан Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале