7.12.2023, 17:30
Оқылды: 43

Соңғы хатта – сағыныш жыры немесе қилы кезеңдегі қимат-тағдыр

Жуырда редакцияға Орал қаласының тұрғыны, Жаңақала  ауданындағы Жаңақазан ауылының тумасы Орынғали Дәулетқалиев бас сұқты. Ол өзі туралы айта келе, нағашы атасы Қимат Мұстафиннің Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігін ел-жұртқа насихаттағысы келетінін айтты. Біз оның ұсынысын қуана-қуана қабылдап, ардагерге қатысты мағлұматтарды жинай бастадық.

калам

Қимат Мұстафаұлы 1896 жылы Жаңақала ауданының Жуалыой елді мекенінде өмір есігін ашқан. Ол сол ауылда ұста-көрікші болып жұмыс істеген. Үлкендер оның шеберлігіне сүйсініп, атқарған қызметіне жоғары баға беріп отырған. Ерінбей-талмай еңбек етіп, отбасын асырап, ауыл-аймағында абырой-беделге ие болған. Ал жұбайы Рәш үй шаруасымен айналысқан. Балқия, Сапарғали, Аманғали, Елеуғали, Жәлен, Қилан, Шәки және Балсекер  секілді  бауырлары болған.

1942 жылы әскерге шақырылып, сұрапыл соғысқа аттанған. Ленинград қаласының төңірегіндегі қиян-кескі шайқастарға қатысқан. 1944 жылы екі рет жараланып, емделіп шығады. Ерлігі ескеріліп, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталып, ефрейтор шенін алған. Өкінішке орай, ержүрек ефрейтор Қимат Мұстафин 1945 жылы Польша мен Ресей шекарасындағы жарылыс салдарынан қаза тапқан. Польшадағы Цыбинка қаласында жерленген.

– Нағашы атам 1910 жылы жарық дүниеге көрінген Рәш Кенжешқызымен отау құрып, Кәрім, Мәлика, Мастура, Нәзира, Қуаныш есімді бес перзент тәрбиелеген. Тұңғышы Кәрім (1930 жылғы) сәби кезінде шетінеген. Қызы Мәлика (1931 жылы туған) 2021 жылы о дүниелік болды. Ал 1933 жылы туған Мастура қазіргі таңда Ресей Федерациясындағы Новоузенск қаласында Абат деген кенже баласының қолында тұрады. Бұйырса, биыл 17 желтоқсан күні 90 жасқа толады. Біз апамызды мерейтойымен құттықтап, амандық-саулық сұрасып, емен-жарқын әңгімелесу мақсатында аталған қалаға бармақ ниеттеміз. Үшінші қызы – менің анам Назира (1936 жылы туған) 2019 жылы қайтыс болды. Қуаныш (1938 жылғы) атты кенже ұлы да ерте шетінеген. Шешем әкесінің мінезі ашық-жарқын болғанын жиі айтып отыратын еді. Оның сөзінше, Қимат ата мейірімді, қамқор жан болған көрінеді. Қыздарына қабағын шытпаған, керісінше, еркелетіп өсірген. Күні ертең-ақ 90-ға толатын Мастура апамыз осы мақаланы оқып, әке ерлігінің жаңғырып жатқанын көріп, қатты қуанатын шығар. Нағашы атамның ерлігін қос ұлыма үлгі еткім келеді, – дейді Орынғали Серікқалиұлы.

«Соғыс әрдайым кісіні асықтырады» дейді қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салған жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаев «Солдат соғысқа кетті» романында. Соғыста жүрген кісіні асықтыратын не? Соғыста жүрген кісіні асықтыратын – өмірге деген құштарлық. Солдат майдан даласына асыққанда өлімге емес, бейбіт өмірге қол жеткізу үшін жанын шүберекке түйіп бара жатады. Оларды аман сақтап қалатын да, оларға күш-қуат беріп, ұйқысынан жұлқып оятатын да жеңіске, жайма-шуақ бейбіт өмірге деген құштарлық. Ал соғысқа бармаған кісі неге асығады? Соғысқа бармаған кісі соғыста жүрген ағайын-туысымен, туған бауырымен аман-есен қауышуға асығады.

Көңілі қапалы Қимат Мұстафин соңғы хатын 1945 жылы 20 сәуір күні жазған екен. Ол соғыстың суық та сұрқай шебінде, от пен оқтың ортасында жанары жәудіреген қыздарына, ел-жұртына, ағайын-туысына деген сағынышын, ішкі бұлқынысын, жан тебіренісін тоғыз шумақ өлеңге сыйғызыпты. Қан майданда жүрген жауынгердің аңсар жыры соғыста қағазға түскен  сол  бір  соңғы  хатқа  енгізілген:

Ғизатлы сөз жазамын ағаларға,

Шыбын жан, жер таппадым паналарға.

Бір пайда бола ма деп шыбын жанға,

Сыйындым бұрынғы өткен бабаларға.

Көрінген оң жағымнан туған айым,

Қолыма қалам алып хат жазайын.

Кеткенде мен солдатқа қалды әкем,

Оларға көмектесер ағам, інім.

Жатырмын Ленинград қаласында,

Мен жүрмін қызыл әскер арасында.

Қосылған жас басымнан серігім-ай,

Жолдасым қияметтік амансыз ба?!

Жылқыда бұлаң өскен ала тайым,

Көңілді айтып өлең жұбатайын.

Зарығып осы жақта мен жүргенде,

Аман ба артта қалған үш қарғатайым?!

Базардан алып келген құнандарым,

Кетпейді көз алдымнан ауылдарым...

Бірге өскен, бірге туған, бірге жүрген,

Аман ба артта қалған бауырларым?!

Базардан алып келген кілемдерім,

Сонда да оған берген теңгелерім.

Орнымен ара-тұра әзілдескен,

Аман ба артта қалған жеңгелерім?!

Ер салып, қамшы бастым Қаракерге,

Нұр жауар деген сөз бар талапты ерге.

Шыққалы екі жылдан болды-ай артық,

Сағынып сәлем жаздым туған елге.

Ауылда қалған сол бір дуалым-ай,

Жатам да мен сендерді ойлаймын-ай.

Хат алып, хаттарыңды оқығанда,

Сағыныш тереңіне бойлаймын-ай.

Шалғыны бітік пе екен терең сайдың,

Жатам да әрбір ойды мен ойлаймын.

Ойласам мен сендерді көп зарығам,

Аяғы осыменен болар тәмам.

Мастура Қиматқызы:

– Менің балалық шағымда ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайы өте нашар еді. Көлік мүлде болған жоқ. Әкем сол уақыттарда бізді ақ-адал еңбегімен бағып-қақты. Ол айналасындағыларға көмектесуден жалықпады. Аштық кезінде аңшылыққа шығып, қоян атып, олжасын өзгелермен бөлісті. Өзінің жұмыс істейтін шоланында ауыл тұрғындарының құрал-саймандарын жөндеп, оларға барынша қол ұшын созуға тырысты. Мен әркез әкеме қолғабыс болып жүретінмін. Ол мені үнемі жанына ертетін. Көрікке қыздырылған темірді әкем балғамен қайта-қайта соққылайтын. Сол кездер есімде қалыпты. Әскери қызметшілер қыс мезгілінде ауылға ат жегілген шанамен келіп, соғысқа жарамды ер-азаматтарды әкетті. Солармен бірге менің әкем де кетті. Кейін ол үш қызыма деп үш темір ілгек беріп жіберіпті. Соны біз мойнымызға тағып, сақтап жүрдік...

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале