7.12.2023, 20:00
Оқылды: 67

Еліміздегі ең танымал спортшылар туралы кітап басылды

Қазақстанда «Чемпиондыққа жетелеген арман» атты отандық чемпиондар жайлы жазылған алғашқы кітаптың тұсаукесері өтті. Туынды «Sana Holding» компаниясының қолдауымен екі тілде басылған. Авторы – жас жазушы Унзила Мыңбай және бұл кітап оның тұңғыш еңбегі.

InShot_20231207_190830783

Кітаптың басты ерекшелігі – оны дайындауға кейіпкерлердің өздері және олардың ата-аналары қатысты. Балаларды шабыттандыратын жинаққа өз бағыттарында көшбасшы саналатын 17 спортшының естелігі енгізілді. Кітапты отандық суретші Марат Көмеков безендірген.

«Еліміздің олимпиада комитетінде қызмет еткен кезде, осындай кітап шығаруды армандайтынмын. «Барлығы спортшылар үшін» деген қағидам бұл туындыға да негіз болды. Біз кітапты қазіргі чемпиондардың болашақ чемпиондарға сыйы ретінде дайындадық. Алғашқы жинағымызда 17 спортшының естелігі қамтылды. Бекзат Саттарханов пен Денис Тенниің аналары да ұлдарына қатысты жан тебірентер оқиғаларды бөлісті. Мұнда еліміздегі ең танымал спортшылардың балалық шағы мен қалыптасу кезеңі суреттелген. Олар – Олимпиада мен Паралимпиада чемпиондары, жас ұрпаққа үлгі болатын тұлғалар. Өз арманыңа ұмтылсаң, қолдан келмейтін нәрсе жоқ екенін дәлелдеген жандар», - дейді идея авторы және жоба жетекшісі Жанар Утешева.

IMG-20231207-WA0215

Баспагерлер атап өткендей, әрбір оқиға бірегей болып есептеледі. Бірақ барлық оқиғаға ортақ бір ұқсастық бар – бұл олардың өз армандарына берік болып қалуы.

«Кез келген арманды орындауға болады. Бұған Аяз атаның ғажайып күші емес, өзіміздің жігеріміз қажет. Кітапты жазу барысында осыған көзім жетті. Арасында туындыны орта жолдан тастамақ болған кездерім де бар. Алайда, кітап кейіпкерлерінің де өз арманына жетер жолда қолын бір сілтегісі келіп, кейін қайта жиналғаны еске түсті. Қиындыққа, сәтсіздікке, спорттағы түрлі жарақаттарға қарамастан, олар қайсарлығымен көзге түсіп, діттеген армандарына жетті. Спортшылар секілді үш айналым аксельді орындап, он бес метрге секіріп, қарсыласымды жамбасқа лақтыру қажет болмаса да, өзімнің жазушы ретіндегі «қарсыластарым» мен «олимпиадалық» армандарым бар еді. Байқағанымдай, үлкен армандардың айтарлықтай айырмашылығы жоқ екен. Бұл оқиғалар желісі маған үміт сыйлады: алған бетінен қайтпай, табандылық танытса, әрбір еңбекқор адам міндетті түрде арманына жетеді», - дейді кітап авторы Унзила Мыңбай.

IMG-20231207-WA0213

Жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин алғашқылардың бірі болып кітапты қолына алды.

«Спорттық мансабымдағы сәтсіздіктер сериясы жалғасып жатқанда, маған осындай кітаптың көмегі үлкен болар еді. Жеңіске жетер жолда барлық чемпионның ұтылатынын, бұл тек менің басымдағы жай еместігін, түбінде жетістікке жетерімді білгім келетін. Барлық жас спортшыларға осы кітапты оқуға кеңес беремін», - деді чемпион.

Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Әлия Юсупова да жаңадан жарық көрген туындыға тәнті болды.

«Ана ретінде де, жаттықтырушы ретінде де – осы кітапты барлық болашақ чемпионға оқуға кеңес беремін», - деді ол.

Алдағы мерекелерді ескере отырып, баспагерлер «Арман кітап» атты «жақсы науқанды» бастамақшы. Мұнда әркім өзіне немесе жас спортшыларға кітап сатып алуы арқылы өз таңдауымен балалар үйіне немесе ауыл мектебінің кітапханасына жібере алады. Балалардың чемпиондар жайлы кітап оқуына мейілінше көбірек мүмкіндік сыйлайық.

Кітап бүгіннен бастап кітап сөрелерінде пайда болады. Оған онлайн тапсырыс беруге де болады.

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале