12.12.2023, 22:00
Оқылды: 65

Теректілік «Дат» театры жаңа қойылым ұсынды

Теректі аудандық мәдениет үйінде халықтық «Дат» театрының жас әртістері «78:8» атты қойылымды көрерменге ұсынды. Қойылымның авторы әрі режиссері аудандық мәдениет үйіне келген жас маман – Ақниет Мақсотова.

IMG-20231212-WA0220

Бұл режиссерлік білім алған Ақниеттің үлкен сахнадағы алғашқы қадамы. Жастарға арналып жазылған қойылымның басты арқауы – махаббат ұғымы. Содан шығар, залға жиналған көрерменнің дені жастар. Құрметті қонақтардың қатарында Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров, «AMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраев, Теректі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Лунара Сердалиева және Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы директоры Арман Сағидоллин болды.

IMG-20231212-WA0217

Жастарды әрі-сәрі күйге түсіріп, махаббат деген ұлы сезімнің тылсымына бойлатқан «78:8» қойылымының актерлық құрамында мектеп оқушыларының да көп болғаны қуантты.

IMG-20231212-WA0222

Амирдің кішкентай кезін сомдаған Арман Жұмалиев, Мәриямның балаң кезін сахнаға алып шыққан Жанерке Бауыржан, Амирдің бозбала кезін ойнаған Данияр Балқасимов, Мәриямның бойжеткен кезін сомдаған Ақниет Мақсотова, Мәриямның анасы болған Әлия Шин, басты кейіпкердің құрбысы Әлияны ойнаған Бақытгүл Қабашева көрермен қошеметіне ерекше бөленді.

IMG-20231212-WA0225

Жалпы қойылым қазіргі замандағы махаббат хикаясын баяндайды. Заман өзгергесін бе, шыны керек қойылымда қыз бен жігіттің арасындағы диалогта еркіндік қатты сезіледі.

IMG-20231212-WA0224

Анасы мен қызының арасындағы әңгімеде де бүгінгі қазақ қызы жігітке деген сезімін еш қымсынбай үлкендермен бөлісе алатындығы ойлантты.

IMG-20231212-WA0218

Әрине, екі ғашықтың ішкі арпалысы, қыздың айықпас дертке ұшырауын суреттейтін тұстар әдемі қойылған. Алайда, көрермен қойылымға «тоймай» қалғандай сезілді.

IMG-20231212-WA0221

40 минуттан сәл асқан спектакль әлі де шарықтау шегіне жетсе, әлі де қойылымды жетілдірсе деген тілекпен тарқастық. Мүмкін, жас режиссердің де көздегені осы болар. Сондықтан аудандық мәдениет үйіне келген Ақниеттей маманнан әлі де тамаша туындылар күтеміз.

IMG-20231212-WA0219

Бұл ойымызды Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров те нықтай түсті. Қалаубек Баубекұлы Теректі ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанованың ықылас гүлі мен Алғысхатын режиссер Ақниет Мақсотоваға ұсынды.

Әділет Әлібекұлы, 

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале