Таяуда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін өңірдегі БАҚ өкілдері Бәйтерек ауданына барды.
Қазіргі кезде өңірдегі аудандарда кәсібін бастауға, шаруашылығын дамытуға талпынғандардың саны артып келеді. «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты да сол – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, кәсіп бастауына мүмкіндік жасау және әлеуметтік жағдайын көтеру. Биыл шілде айында осы бағдарлама бойынша облысқа 6,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі күні соның 5,4 млрд теңгесі үміткерлерге берілді. Бұл жөнінде «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Ержан Досмақов айтып берді.
– «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мақсатында 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес жұмыстар атқарылып келеді. Құрылған жұмыс топтары аудан-ауылдарды аралап, тұрғындарға бағдарламаның тиімді тұстарын түсіндірді. Жоба бойынша несие алуға ниет білдіргендер баршылық. Қазіргі таңда 1010 адамға несие беру мақұлданса, соның 817-сіне беріп үлгердік. Оның көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуға, яғни сүтті бағыттағы сиырларды алуға ниетті. Бұл бағыт бойынша Бәйтерек, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау, Бөрлі және бұрын мүлде болмаған Қаратөбе аудандарында жұмыс істеп жатқан азаматтардың саны артуда, – деді Ержан Нұржанұлы (суретте).
Біз алдымен Переметный ауылындағы Тәттіғұлов Арман есімді тұрғынның үйіне тоқтадық. Оның дөңгелек жөндейтін «Ар-Макс» жеке кәсіпкерлігін ашқанына жылдан аса уақыт болса, «Ауыл аманаты» жобасына жүгінгеніне жарты жылға жуықтаған.
– Әуелі бұл бағдарлама жөнінде ауыл әкімдігінің мамандарынан естіп-біліп, тұрақты кеңес алып жүрдім. Кейін мамыр айында қажетті құжаттарды тапсырып, қараша айында қолыма 3 935 000 теңге алдым. Мұнда екі адам жұмыс істейтін болады. Автокөлік дөңгелектерінің техникалық талаптарға сай болуы үшін қажетті құрал-жабдықтар мен қондырғыларды толықтай сатып алдым. Десе де, жұмысты әлі бастай қоймадық, – деді жеке кәсіпкер.
Бүгінде 32 жастағы Арман Бидалыұлы осы уақытқа дейін де ауыл ішіндегі автокөліктерді жөндеп жүрген. Өзінің айтуынша, ауылда 3000-ға жуық көлік бар. Ал сол автокөліктердің дөңгелектеріне техникалық қызмет көрсететін шиномонтаж саны енді үшеу болды. Демек, шебер көмегіне жүгінетіндердің қарасы қалың, сұраныс бар.
Келесі кезекте Қаражар ауылдық округіне бет алдық. Мұнда 23 жастағы кәсіпкер Әділет Бақыт сүтті сиырларды бағуда. Әкесінің ақыл-кеңесімен «Ауыл аманатына» жүгініп, 14 миллион теңге алған. Олардың бұрыннан 40-тан астам сиыры бар. Жақында ғана 12 миллион теңгесіне Ақмола облысындағы Жақсы ауданынан 15 бас голштин тұқымды сиыр әкелген. Бүгінде 60 бас сиыр болды.
– Осы ауылға көшіп келгенімізге 5 жыл болды. Жалпы мал шаруашылығымен айналысып, соның пайдасын көрудеміз. Көбіне әкем бағыт беріп отырады. Қазіргі кезде шаруа қожалығымызда отбасымыздан бөлек екі жұмысшы бар. Жазғы мезгілде қалада жеке сүт қабылдайтындарға күніне 150 литрден жоғары көлемде тапсырамыз. Қазір енді оның көлемі азайды, – деді Әділет Жасұланұлы. Олар биыл қысқа 300 орамшөп сатып алған. Жалпы қожалық иесінің мақсаты – өңірде голштин тұқымды сиырдың көбеюіне үлес қосу, мал басын арттырып, шаруашылықты кеңейту.
Әрі қарай біз Трекин ауылындағы Талшын Қаракөзованың кілем жуатын шағын орталығына табан тіредік. Ауыл тұрғынының шағын кәсіпті дамытуға деген талпыныс-құштарлығын көріп, риза боп қалдық. Көлікжайын кілем жуатын орталыққа айналдырған ол – осы «Каракөзова» жеке кәсіпкерлігінің иесі.
– Әрине, бір іске бір ой түрткі болады ғой. Көлікжайдың құрылысы жүріп жатқанда көршілеріміз осындай ой тастады. Кейін соны жүзеге асыру үшін шындап кірісе кеттік. Содан шілде айында «Ауыл аманаты» бойынша 4 миллион теңге алдық. Қазір айына таза пайда 600-700 мың теңге көлемінде табыс тауып отырмын. Жалпы бағдарлама бойынша жеңілдетілген несие алудың тиімді тұстары баршылық. Жазда кілем жудыртатындар көбейеді. Бастысы, тынбай еңбек ету керек. Сонда ғана табысың артпақ, – деді Талшын Маратқызы.
Бүгінде оның кілем жуатын орталығында өзімен бірге бір жұмысшы істейді. Жазда қызмет алушылардың көптігіне қарай екі жұмысшы, бір тасымалдаушысы болған. Кілемнің 1 шаршы метрін 500 теңгемен есептейді екен. «Ауыл аманаты» бойынша берілген жеңілдетілген несиеге кілемді жуатын, кептіретін аппараттар сатып алған.
Аманжол Исламғали,
«Орал өңірі»