13.12.2023, 15:15
Оқылды: 46

«Желтоқсан» оқиғасы: буырқанған бұла буын

Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында біз де сол тұста Алматыда оқып, осы Желтоқсан оқиғасының куәсі болған жандарды іздестіріп көрдік.

IMG-20231212-WA0133

Бәйтерек ауданы Белес ауылының тұрғыны Ұштап Бекқалиева 1986 жылдың желтоқсанын Алматыдағы медициналық училищенің І курсында оқып жүрген кезім деп еске алды. Естелік суреттерден байқағанымыздай, кейіпкеріміздің үріп ауызға салғандай әдемі, сол кездің өзінде сабақтан тыс уақытында балабақшада жұмыс істеп, еңбектен де тайсалмайтын алғыр ару болғанын бірден аңғару қиын емес. Мінезінен турашылдығы танылады.

- Ол уақытта небары 19-дамын. Оқып әрі онкологиялық университеттен машықтан өтіп жүрмін. Әрі қосымша жұмыс жасаймын. Құлағымда қалғаны, түнде даладан қазақша ұрандатқан дауыстар шықты. Мен медучилищенің жатақханасында жатамын. Бізге бір институтының шет тілі факультетінің жатақханасы жақын орналасқан еді. Бұл жер Республика алаңнан шеткері әрі қалтарыс-бұлтарыстары бар тұс болатын. Соңынан ойланамын, шеруге шыққан жастар талап-тілектерін айтып таса көшелермен де жүріп өткен ғой. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуы жастардың наразылығын тудырды. Жетім баланың күйін кешіп, өз ана тілінде сөйлеу мұңға айналған, сол үшін де қазақ тілінің болашағына алаңдаулы студенттерге бұл хабар соққыдай тиген болса керек. Бұл бейбіт шерудің соңы қанды оқиғаға ұласарын кім білген?! Одан кейін әр білім ордасындағы студенттерді, тергеу-тексеру, қадағалау күшейді. Біздер Мәскеуден шенділер келді деп естідік. Вахтада әр қимыл-қозғалысың, қайда барғанын, қайдан келгенің қатаң жазылады. Содан 1988 жылдың 31 желтоқсанында оқуымды бітіріп, елге ораламын деп ұйғардым. Кейін жолдасым Жайлау Бекқалиевке тұрмысқа шығып, отау көтердік. Ол кісінің мамандығы – мал дәрігері. Екі ұлымыз көрінді. Осылай өмір ағынымен жүріп, көп жағдай тек жанымызда, санамызда қалады ғой. Айту керек, ол күндерді еске алу біздерге ауыр. Өйткені, қыршыннан қиылған, азап көргендердің арасында досымыз, таныстарымыз, замандастарымыз бар.

Ол оқиға өрімдей жастардың тағдырын төңкеріп кетті десем артық айтқандық емес. Өмірін сақтай алмағаны, арын ақтай алмағаны қаншама?! Аяусыз соққы мен тепкіден, сақылдаған сары аязда мұздың үстінде қинап, кейіннен ұрпақ сүйе алмағаны қаншама?! Мүгедек болғаны қаншама?! Оның зардабы мен зары талай ата-ананы бірге жұтты, әр қазақтың жүрегін қан жылатқаны рас! Тәуелсіздік туралы айтқанда, біз мұны ұмытпауымыз қажет,- дейді Ұштап Хабесқызы.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале