14.12.2023, 10:30
Оқылды: 43

Сексеннің сеңгірінде де сергек

Бүгінгі еңбек ардагерлерінің дені – сонау жылдарда комсомолдың жарқылдап жүрген жастары екен. Шеттерінен қоғамшыл, белсенді болып, ылғи да екпінді еңбектің алғы шебінен табылыпты. Комсомол ұйымының қазанында қайнаған олар кейін жоғары оқу орындарында оқып, есейгенде де белсенді жұмыстарымен елдің, халықтың назарында жүрген. Ал беріректе тәуелсіздіктің іргесін қалауға, аудан-ауылдардың көркеюіне белсене атсалысты. Бүгінде де олар сапта келеді. Қоғамдық жұмыстардың өріс алуына ұйытқы болып, өскелең ұрпаққа ақылкеңестерін айтудан жалыққан емес. Солардың бірі – осы күндерде 80 жасқа аяқ басқан Сәния Хамзина апамыз.

fa264583-099f-49b8-9730-31469e469306

М. Мәметова кеудемүсінінің ашылуында сөйлеп тұрған С.Хамзина

Алдымен кейіпкеріміздің өмірбаянын қысқаша тарқата кетейік. Сәния Құрмашқызы 1943 жылы 18 желтоқсанда Жәнібек ауылында дүниеге келген. 1950-1960 жылдар аралығында Жәнібек ауылындағы орыс мектебінде оқиды. Кейін А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының сол кездегі тарих-филология факультетіне, қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту мамандығы бойынша оқуға түседі. Еңбек жолын Жәнібек ауданының Калинин орта мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі қызметінен бастаған. 1966-1972 жылдар аралығында Қазақстан Лениншіл комсомол жастар одағы Жәнібек аудандық комитетінің II хатшысы, одан соң I хатшысы қызметтерін атқарады. Алматы қаласындағы жоғары партия мектебін бітіреді.

Сонау бір қиырда қалған комсомол шағын Сәния апайымыз былай деп сағынышпен еске алады:

– Ол кезде комсомол ұйымдарының жұмысы бұрқ-сарқ қайнап жататын. Өздері ылғи жалындаған жастар болғасын, олардың жүрген жерлері де солай болу керек қой. 1972 жылы Орда ауданы құрылғанға дейін Жәнібек пен Орда бір аудан-тұғын. Билет ауыстыру іс-шаралары, слеттер ұйымдастырылатын. Бірде Мәншүк Мәметованың өмірбаяны жазылған қолжазбаны тауып алдық. Онда қазақтың қаһарман қызы Жәнібек ауданының Ақоба ауылында дүниеге келгені айтылған. Содан 1971 жылы болуы керек, жәнібектік комсомолдар Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнатамыз деп ақша жинай бастады. Оған комсомолдың «інілері» - пионерлер мен октябрятьтар қосылды. Апта сайын сенбілік. Оған қатыса алмай қалғандар біркүндік жалақыларын аударатын. Мен жинақ банкіден («Сбербанк») арнайы шот ашып, ақша тапсырғандарға хаттама толтырып, қол қойғызып алатынмын. Сөйтіп, 22 мың сом ақша жиналды. Ол кезде мұндай қаржыға үш «Волга» автокөлігін сатып алуға болатын. Содан райком мен комсомолдан басшы-қосшы болып, олардың қатарында мен де бармын, Мәскеудегі Мытищинский зауытына бардық. Ондағылар бізге «Ескерткіш орнатуға ақшаларыңыз жетпейді, кеудемүсінді сапалы етіп жасап береміз» деді. Келістік. Қола мен граниттен керемет кеудемүсін жасады. Аудан орталығына алып барып орналастырдық. Кеудемүсіннің ашылу салтанатына Мәншүк Жиенғалиқызының анасы Әмина да қатысты. Біз алғаш рет қаһарман қыз жерленген Ресейдің Невель қаласындағы зиратына туған жерінен топырақ апарып салдық. Ол кезде Қазақстан Лениншіл комсомол Жастар одағы Жәнібек аудандық комитетінің I хатшысы қызметінде едім. Жыл сайын 19 мамырда облыстық, аудандық пионерлер слеті өтеді. Оған мектептерден өнерпаз оқушылар, спортшы балалар қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салады. «Әкелер даңқы жолымен» атты дәстүрлі жиынға арнайы шақырумен Лениннен мандат алған, аты аңызға айналған революционер Хамит Чурин, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш инженер-металлург Мәдина Бегалиева және қазақтың тұңғыш генералы Шәкір Жексенбаев  қатысатын. Таң атқаннан күн батқанша бір тыным таппайтын едік. Арасында қызуы бет қаратпайтын комсомолдың жиналыстары бар. Шетімізден романтикпіз, «Ананы істейік, мынаны істейік» деп жарыса сөйлейміз. Шіркін, жастық жалынның әсері шығар, әсте шаршамайтынбыз...

1972 жылы Орда ауданы қайта құрылып, Рахметолла Егізбаев аудандық партия к­митетінің І хатшысы мен II хатшысы болып қызмет еттім. Орда тарихи мекен болғанымен, үйлері ескі болатын. Ағаштан салынған мешіт секілді тарихи нысандар өртеніп кеткен еді. Содан теміржол бойында орналасқан Сайқын ауылын аудан орталығы етіп бекіту үшін Мәскеуге бардық. Сапарымыз нәтижелі болып, аудан құрылды. Ауданның барлық ауылдарындағы мектептер мен мәдениет үйлері типтік үлгіде салынды. Жаңадан құ­рылған ауданда аз шаруа күтіп тұрмағаны белгілі еді. Ордадағы музей жәдігерле­рі ауылдағы Алма Оразбаева үйінде, қазынашылықтың ғимаратында болатын. Кейін қазіргі музейдің ғимараты салынды. Жәдігерлерді жинауда сол кездегі музей директоры марқұм Темірболат Махимовтың еңбегі зор. Кейін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, Бөкей ордасы тарихи-музей кешені қазіргі деңгейге жетіп еді.

*  *  *

Сонау бір жылдарда Ордада 60 адамнан тұратын халық-аспаптар оркестрі мен «Нарын» вокалды-инструмен­талды ансамблі қалай құ­рылғаны да Сәния апамыздың көз алдында. Ансамбль халықтық атағын алып, алғаш Мәскеуге концерт қоюға барғанда басы-қасында болып, іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына мұрындық болған. Өнер ұжымына арнап костюм тік­тіру, Алматыдан Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі Шамғон Қажығалиев бастаған тәлімгерлерді шақырып, оркестрді дайындау сықылды жұмыстардың ыстық-суығын мойымай көтерді. Бөкей ордасы ауданында Дина Нұрпейісова туралы фильм түсірілгенде де қызу тірліктің ортасында жүреді.

Сәния Құрмашқызы 1990-1992 жылға дейін Жәнібек аудандық партия комитетінің хатшысы болады. Содан соң 1992-2001 жылға дейін аудандық әкімдікте бөлім меңгерушісі, Жәнібек ауданының статистика бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарады.

– Жауапты қызметтер атқар­ған соң ұжымнан ең бірінші жауапкершілікті талап ете­тінмін. Қызметтестерімнің жеке басының кемшілігін, қателігін ешқашан айтқан емеспін. Тек жұмыс барысы туралы мәселе қозғалатын.

Елді мекендердегі шопандардың үйіне барғанда, келіншегінен әдейі айран, көже сұ­раймыз. Әйтпесе, әйелдер сиыр саууға ерінетін. Жалпы бізге партия қандай міндет­тер жүктеді, соны мүлтіксіз орындадық. Жастар елін-жерін сүйетін патриот, намысты және еңбекқор болуы қажет. Сонда ғана тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, еліміз дамып, көркейе береді, – деді кейуана.

8e526215-915f-48f1-b6fd-649e2ff50748

Ақ жаулықты ана бүгінде 80 жасқа толып отыр. 2001 жылы зейнетке шығып, Жәнібек ауданынан Орал қала­сы­на көшіп келген. Жұбайы Мұталлеппен бірге екі перзент тәрбиелеп өсірген. Өкінішке орай, арқа сүйер азаматы бүгінде арамызда жоқ. Кейуана немере-жиеннің қуанышы­на кенеліп, солардың тілеуін тілеп отырады. Сонау комсомол күнінен қанына сіңген қасиет шығар, қоғам­дық жұмыстардан да қалыс қалған емес. Қазақстан халқы ассамблеясының Аналар кеңесінің мүшесі.

Жасыңыз құтты болып, жасай беріңіз, Сәния апа!

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале