Облыстық мәслихаттың үлкен залында мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті. Халық қалаулылары 2024-2026 жылдарға арналған облыс бюджеті, мәслихаттың облыс аумағын дамыту туралы шешіміне өзгерістер енгізу және басқа да мәселелерді талқылады.
Алдағы үш жылға арналған облыс бюджетінің жобасы бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев баяндады. Оның айтуынша, 2024 жылғы бюджеттің кірісі болжам бойынша 364,8 млрд теңгені құрайды. Одан бөлек республикалық бюджеттен, Ұлттық қордан 74,6 млрд теңге шамасында нысаналы трансферттер бөлінеді. Бюджет қаржысының басым бөлігі әлеуметтік салаға шамамен 220,9 млрд теңге бағытталады. Бұл облыс қазынасының – 60,5 пайызы. Соның ішінде білім беру саласына – 182,9 млрд, денсаулық сақтауға – 8,9 млрд, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға – 18,3 млрд, мәдениет, спорт, ақпараттық кеңістік саласына 10,3 млрд теңге бөлінбек. Бұған қоса медициналық ұйымдарды жабдықтауға – 3,1 млрд, 12 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуге – 1,1 млрд, химия, физика стенд зертхананың 160 кабинетін сатып алуға 2,2 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Орал қаласындағы мүгедектерді оңалтуға арналған 150 орындық орталықтың құрылысын аяқтау, Жаңақала, Сырым аудандарында ауылдық дәрігерлік амбулаториялар салу, Теректі ауданындағы аурухана құрылысын жалғастыру бөлінетін қаражат есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, отын-энергетика кешеніне 27,2 млрд теңге бағыттау жоспарлануда.
Бірлескен отырыс барысында депутаттар бюджет жобасын талқылау барысында ұсыныстарын айтты. «Орал қаласындағы көпқабатты 27 үйдің 10 мыңнан астам тұрғыны баспаналарын жаңғыртуға қаржының бөлінуін тағатсыздана күтуде. Келесі жылдың бюджетінде осы мәселе ескерілсе дейміз. Өңірдің экожүйесін жақсарту – өзекті. Елді мекендердің 10 пайызынан қатты тұрмыстық қалдықтар тасып шығарылады. Өзгесінде қоқыс сол күйінде қалады. Заңсыз қоқыс алаңдары мәселесі шешілуі тиіс», – деді Азамат Бисенов.
Халық қалаулысы қаланы көгалдандырумен, ағаш күтімімен айналысатын мекеме құруды ұсынды.
«Жыл сайын тендер өткізіліп, басқа жақтан ұтып алған компания ағаш өскіндерінің алдағы уақытта жерсінетініне көп алаңдамайды. Сондықтан қай жердегі тал-теректерді кесу керек, қандай ағаш егу керек деген мәселелермен айналысатын арнайы мекемені құрғанымыз жөн. Әйтпесе, дарақтарды кесу керек болғанда, кімге, қайда баратынымызды білмейміз», – деді ол.
Сессияға қатысушылар мұз айдыны сарайын ақпан айында сенімгерлік басқарудан мемлекетке кері беру мәселесін қозғады. Сол кезде мұз алаңын қардан тазалайтын техника да жекеге қайтарылады. Сонда айдынды қардан тазалау қалай жүргізіледі деген сауалға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин жауап берді.
«Техника жеке қаражатқа сатып алынған. Бұрын да айдынды тазалайтын машина сатып алу мәселесі қозғалды, бірақ бюджеттен қаржы табылмады. «Жастар» стадионында екі техника бар. Соның біреуі Мұз сарайына беріледі. Алайда стадионның мұз айдыны көлемді, оны тазалауға екі техника керек. Сондықтан мұз айдынына басыбайлы техника сатып алған дұрыс», – деді басқарма басшысы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – мәслихаттың облыс аумағын дамыту туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасы басшысының орынбасары Әсемгүл Әбенова баяндады. Облыс экономикасының өсімі, инновациялық өнім көлемі, инновациялық белсенді кәсіпорындар үлесі, күшті өңірлер, қоныс аударған отандастар, қандастар саны индикаторларының жоспарлы мәнін өзгерту ұсынылды.
«Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес биылғы 1 сәуірден бастап «Дипломмен – ауылға» жобасын жүзеге асыруға сенім білдірілген өкіл ретінде «Отбасы банк» анықталды. Банк порталының қызметіндегі техникалық кемшіліктерге байланысты қаражатты игеру 3-тоқсаннан басталды. Сондықтан жылдық сома 618 млн теңгеге азайтылды. Осыған орай ауылға мамандарды тарту бойынша индикатор 509-дан 309 маманға дейін азайту ұсынылады», – деді Ә. Әбенова.
Тұрақты комиссиялар отырысында талқыланған мәселелер сессия қарауына жіберілді. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов қорытындылады.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»