19.12.2023, 12:15
Оқылды: 45

Ел естімеген әндер шырқалды

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы ақын Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын насихаттауға арналған «Күндер-ай...» атты облыстық әншілер байқауы өтті.

б (1)

Қадыр Мырза Әлидің қазақ әдебиетінде ерекше орны бар екені белгілі. Ол әдеби жанрлардың қай-қайсысында да өз қолтаңбасын айқындап, қазақ қоғамына, яғни артындағы ұрпаққа рухани мол мұрасын қалдырып кеткен. Ақын әндері халыққа кеңінен таралған композиторлармен де шығармашылық байланыста болған. Олардың қатарында есімі тарихта қалған Ш. Қалдаяқов, Н. Тілендиев, Ә. Бейсеуов, С. Бәйтереков, Т. Базарбаев, Е. Хасанғалиев сынды композиторлар да бар. Бүгінде ақынның сөзіне жазылған әндердің өзі 200-ден асып, «Күндер-ай» атты кітап болып шыққан.

б (2)

«Қадыр – қазына» жобасы аясында ұйымдастырылған байқауға өңірдегі аудандар мен Орал қаласының өнерпаздары қатысты. Олардың дені – жастар. Ретті жерінде айта кетейік, аталған байқауды облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы қолдап, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалы мен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырған.

Байқаудың ашылу салтанатында орталық директоры Серік Тоқмамбетов қатысушыларға сәттілік тіледі.

б (4)

– Алдымен тамашалауға келген ағайынға алғыс айтамын. Қадыр ақынның өмірі мен шығармаларын насихаттау мақсатында орталық ұжымы бірқатар жұмыс атқаруда. Оны өздеріңіз де байқап жүрсіздер. Осыдан бір ай жарым уақыт бұрын «Қадыр – қазына» деген жоба ойластырылып, жобаның 6 бағыты бойынша іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – бүгінгі облыстық әншілер байқауы. Қадыр атамыз 200-ге жуық әнге сөз жазған болса, көбін жұрт ести қоймаған да болуы керек. Сөздің салмағын сезініп өткен ақынның соңына осынша мұра қалдыруы тегін емес. Сондықтан бүгінгі студент-жастар оның шығармаларынан бойларына рухани күш-қуат жинап, әсер алып, елін, жерін сүйсе деген мақсат бар. Бұл – бүгінгі жас буынға үлгі-өнеге, – деді Серік Әнуарұлы.

б (3)

Өңірдегі Сырым, Казталов, Бөрлі, Ақжайық, Жәнібек, Қаратөбе аудандары мен Орал қаласынан қатысып отырған 19 үміткер рет-ретімен шығып өнерлерін көрсетті. Байқаудың талаптары бойынша қатысушылар ақынның сөзіне жазылып, кейінгі кезде көп орындалмай жүрген, яғни естілмей кеткен есті әндердің жаңа тынысын ашуы керек. Ал олардың әншілік қабілетіне әділ бағасын беретін қазылар алқасының төрағасы ҚР Композиторлар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиев болса, халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, әнші Омар Хибашев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ән­ші Жаңылсын Хасанова алқа құрамынан табылды. Сахна төрінен көрінген «BatysStar» тобының орындауындағы «Туған жер» әні көпшілікке қол соқтырса, казталовтық Мұрат Ахметовтың «Ауылды аңсау» әнін нақышына келтіре айтуы өзгеше әсер сыйлағандай. Тыңдарманның жан сарайына шуақ төгетін әндер бірінен соң бірі орындала берді. Әндердің әуені жаныңды самалдай сипап өтсе, сөз­дері санаға салмақты ой салып кетеді. Әннің құдіреттілігі де осында шығар. Жиналған үлкен-кішісі, кәрі-жасы ұйып тыңдап, қайта-қайта қошемет білдірумен болды.

Арасында орындалған «Әз ана», «Күлкі керек», «Ардақты аға», «Қуаныш күтіп тұр алда», «Ғашық күндер» секілді әндерден ақын мен композитордың шығармашылық үндестік тапқанын аңғару қиын емес, тіпті ой мен сезімде­рінің бір нүктеде тоғысып, ерекше әсер беретін туындыға айналғаны анық байқалады. Әрине, бұл ретте орындаушының да қарым-қабілетіне тікелей байланысты екені сөзсіз. Сондықтан үміткерлер барын салды.

б (5)

Жиналған жұрт өнерпаздарға риза. Себебі олар бірінші кезекте бұған дейін естілмеген әндерді тыңдағандарына қуанып, алдағы уақытта кең көлемде орындалады деп сенеді. Дәл сондай сенім артатындардың бірі – 75 жастағы қала тұрғыны Әния Сейітова.

– Жасыратыны жоқ, біздер Қадыр ақынның өлеңіне жазылған әндерден патриоттық бағыттағыларын ғана біледі екенбіз. Өзім кезінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен­діктен, ақынның біраз өлеңін оқығанмын. Алайда кейбір өлеңдеріне ән жазылғанына бүгін куә болып, тыңдап, ерекше әсер алдым. Ал өнерпаздар жайлы айтсам, шетінен бірінен бірі озып тұр. Кем орындаған қатысушы көрмедім өз басым. Бәрі де өздеріне лайық бағаларын алар. Мұндай іс-шараларға жастардың келгені қуантты мені. Өйткені осындай мұраларды тірілтетін де сол жастар ғой, – деді Әния Құмарқызы.

Байқаудың қорытынды кешінде қазылар алқасының төрағасы Жаскелең Ғайсағалиев ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

– «Қадыр – қазына» жобасы шеңберінде керемет кеш-байқаулар өтуде. Кеше ғана суретшілердің көрме-байқауын көріп, сүйсіндім. Сөз бен суреттің ортақ тілін тапқан олар – өнердің нағыз майталмандары. Ал бүгін ақынның сөзіне жазылған құлақтың құрышын қандыратын әндерді тыңдадық. Мұн­дай байқауларды аймақтық және республикалық деңгейге көтерсек, жұрт білмеген әндердің таралу аймағы кеңейе түсер еді. Сол кезде нұр үстіне нұр болмақ. Әншілердің орындау шеберліктеріне де риза болып отырдым. Кемшіліктер жоқтың қасы. Алдағы жолдарыңа сәттілік тілеймін, – деді Жаскелең Орынбасарұлы.

Сонымен «Күндер-ай...» облыстық әншілер байқауының нәтижесінде бас жүлде 300 000 теңгені оралдық Тарас Жауымбаев жеңіп алды.

І орынды (125 мың теңгеден) «Batys­Star» тобы мен Алтынбек Базаров иеленсе, ІІ орын (100 мың теңгеден) жәнібектік Райымбек Кәрімов пен казталовтық Мұрат Ахметовке бұйырды. ІІІ орынға (75 мың теңгеден) сырымдық Нұрлыбек Байниязов пен ақжайықтық Айдын Дәулетқалиев ие болды. Ал оралдық Мәди Сабыров, Карима Кенесарина, сырымдық Амандық Мергенов және жаңақалалық Махамбет Нұрахметов арнайы жүлдеге (50 мың теңгеден) ілікті.

– Бүгінгі байқауда Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған Базарбай Жұманиязовтың «Қуаныш күтіп тұр алда» деген әнін орындадым. Жалпы ән жарысына 10 күн бұрын дайындалып бастадым. Мұндағы басты мақсат – ел білмеген әндерді дәріптеу. Өзім 7 жасымнан бастап түрлі конкурстарға қатысып келемін. Маған әке жолымен жүру бұйырған сияқты. Себебі әкем мәдениет саласында біраз қызмет етті. Қазіргі кезде Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында жұмыс істеймін. Осындай байқаудың өтуіне атсалысқан азаматтарға ризамын, – деп қуанды жеңімпаз Тарас Жауымбаев.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале