21.12.2023, 17:45
Оқылды: 45

Әдеп қағидаларын сақтауға міндеттіміз!

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 ақпандағы №522 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бар. Соған сәйкес мемлекеттік басқарудың сервистік және ел-жұртқа бағытталған моделін құруды көздейтін мақсаттарына қол жеткізу үшін ашық, сондай-ақ тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру міндеттерін жүзеге асыру қажет.

Мурат Байсалов_2023

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат бірқатар қағидаттарға негізделеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының басты жүзеге асырушысы бола отырып, өз қызметінде ауқымды ағарту, қоғаммен әріптестік және қылмыстық-құқықтық шаралар жиынтығын ұштастырады. Мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша бірқатар бастамалар іске асырылып, заңнамаға өзгерістер енгізілді.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңмен «мансаптық» және «позициялық» модельдердің элементтерін көздейтін мемлекеттік қызметтің гибридтік моделі қалыптасты. Ашық конкурстық іріктеу, құзыреттілік негізінде ілгерілету тетіктері арқылы меритократия қағидаттары енгізілді. Мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін бағалау жүйесі түбегейлі қайта қаралды. Жұмыс нәтижелеріне байланысты еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі қолданысқа енгізілуде. Халықаралық басылымдарда жарияланған материалдарда көрсетілгендей этика жоғары қоғамдық маңызы бар тақырып болып табылады. Мемлекеттік қызметте әдеп (этикалық) кодекстер жүйесі қазіргі заманғы мемлекеттердің көпшілігінде бар және негізгі құндылықтар жүйесі әлеуметтік бағдарға ие.

Құқықтық дәстүрлері ең бай мемлекет Ұлыбританияда этикалық қағидалардың рөлі де зор. Ол адалдық, жанқиярлық, есеп берушілік, бейтараптық, адалдық, ашықтық және көшбасшылық секілді жеті қасиетке негізделген. Демек, мемлекеттік қызметшілермен қызметтік әдепті сақтауды қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының әдеп қағидаларын (этикалық стандарттарын) реттейтін негізгі құжат Президенттің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен қабылданған Әдеп кодексі. Әдеп кодексі қызметтік уақытта және ресми емес қарым-қатынаста, көпшілік алдында сөз сөйлеу кезінде мінез-құлық қағидаларын (нормаларын) белгілейді. Аталған Жарлықпен әдеп жөніндегі уәкілдер институты енгізіліп, шенеуніктердің моральдық қасиеттерін нығайтуда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік туды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 12-ші қадамы мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидаларын (нормаларын) сақтау мәселелерін реттеу саласындағы жоғарыда аталған реформаларды жүзеге асырудың негізі болды.

Әдеп жөніндегі уәкілдер 2017 жылдан бастап мемлекеттік құрылымдарда, облыстарда, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері аппараттарында дербес мәртебеге ие. Бұл тұтастай алғанда әдеп жөніндегі уәкілдер жұмысының тиімділігін арттырды. Олардан тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сонымен қатар азаматтар да этикалық мәселелер туындаған жағдайда кеңес сұрай алады.

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында 38 әдеп жөніндегі уәкіл бар. Оның біреуі облыстық деңгейде дербес мәртебеге ие. Бұл институттың сұранысқа ие болғанын әдеп жөніндегі уәкілдерге кеңес сұрайтын өтініштердің тым жиілеуі дәлел. Өңіріміздегі әдеп жөніндегі уәкілдер осы жылы этикалық талап-қағидаларды бұзудың алдын алуға бағытталған 785 іс-шара өткізді. Мемқызметшілер арасында жүргізілген анонимді сауалнама 3000-нан астам мемлекеттік қызметкерді қамтыды. Нәтижесінде ұжымдағы жағдайды жақсарту шаралары қабылданды. Сондай-ақ 2015 жылдан бастап уәкілетті құрылым – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жанынан арнайы алқалы құрылымдар – облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада Әдеп жөніндегі кеңестер құрылды.

Әдеп жөніндегі кеңестердің функцияларына сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және әдеп жөніндегі уәкілдердің, мемлекеттік құрылымдардың тәртіптік комиссиялары қызметінің нәтижелерін қарау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу әдістері мен нысандарын жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерін қарау кіреді. Әдеп жөніндегі кеңестер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда үлкен маңызы бар мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтауына ықпал ететін құрал болып табылады. Мысалы, өңірдегі Әдеп жөніндегі кеңеспен ағымдағы жылдың 9 айында жалпы 30 мәселе қаралса, оның 80% (24) заңбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы мәселелерді құрайды. Жалпы Әдеп кодексі мен әдеп жөніндегі уәкілдер институты қолданысқа енгізілгеннен бері мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін этикалық бұзушылықтар мен әрекеттердің азайғаны байқалады.

Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, нәтижесінде қаралған тәртіптік істер бойынша 6 мемлекеттік қызметші түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері азаматтарды қабылдауды белсенді жүргізіп, мемлекеттік қызмет және әдеп саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер, брифингтер мен конференциялар өткізуде. Жалпы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың және Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлық материалдық жағынан тиімсіз болатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мықты мәдениет қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мұрат Байсалов,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО-дағы

департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале