24.12.2023, 16:30
Оқылды: 92

Облыс әкімі Орал қаласының тұрғындарымен кездесті

Өткен жұма күні облыс әкімі Нариман Төреғалиев шаһар тұрғындарымен кездесті. Осы кезге дейін атқарылған жұмыс сараланып, қалалықтарды мазалаған мәселелер қаралған жиында облыс орталығын басқарып отырған Миржан Сатқановтың атқарған жұмысы жөніндегі есебі де тыңдалды.

IMG-20231224-WA0069

Шаһар басшысының айтуынша, биыл қалада өнеркәсіп өндірісінің көлемі артып, 240 млрд. теңгеге жеткен. Инвестиция көлемі де ұлғайып, 99,1 млрд. теңгені құраған. Тұрғын үй салу динамикасы да көңілден шығады.

Миржан Мұнайдарұлының айтқанына сенсек, биыл 357,4 мың шаршы метр үй пайдалануға беріліп, сауда-саттық айналымы 382,1 млрд. теңгені құраған. Тіпті шағын және орта бизнес те қарқынды дамып жатыр. Биыл кәсіпкерлік субъектілері 14,6 пайызға өсіп, 35 мыңды құрады. 2023 жылы қалада жалпы құны 18,5 млрд. теңге болатын 26 ірі инвестициялық жоба іске асыпты.

IMG-20231224-WA0067

Соңғы кезде қала тұрғындарын коммуналдық қызмет сапасы алаңдатады. Су, жарық, жылу сияқты негізгі қызметтердің үздіксіз берілуі аса маңызды шаруа. Биыл аталған мәселелерді шешу үшін нендей жұмыс жасалғанын да қала әкімі айналып өтпеді.

– Биыл Орал қаласының жылу электр орталығын жаңғырту мақсатында Зашағандағы Ғалымдар ауылы көшесіне жаңа қазандық салып, Мөңкеұлы көшесіндегі №3 қазандықтың жылу құбырларын ауыстырдық. Электр орталығының тарату құрылғыларын жаңарту және жаңа градирняның құрылысы сияқты жобалар сәтті аяқталды. Жуырда 6 су жинау ұңғымасы салынды. Соның арқасында су көлемі қосымша 9 мың текше метрге ұлғайды. Алдағы уақытта тағы 5 су ұңғымасын салуға қажетті жоба жасақталды. Сондай-ақ Камен топтық су құбырын жаңарту жобасы сараптамадан шықты, - деді қала әкімі.

Қаладағы №21, №2, №3 кәріз-сорғы станциялары реконструкциялауды қажет ететінін, одан бөлек 5 станцияны қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталып жатқанын да айтты Миржан Сатқанов. Сондай-ақ тоғызы жеткен электр станцияларының жайына да ерекше тоқталған шаһар басшысы өтіп бара жатқан жылы 120 шақырым электр желісі ауыстырылғанын жеткізді. Сондай-ақ инвестициялық бағдарламалардың арқасында тағы 9,3 шақырым желі ауыстырылған. Қала әкімі электр желілері мен жабдықтардың тозуын азайту шаралары «Батыс Қазақстан облысын кешенді дамыту жоспарына» енгізілгенін, сол жоспарды жүзеге асыру үшін алдағы 3 жылда ел қазынасынан 7,5 миллиард теңге қаражат бөлінетіні жоспарланғанын атап өтті.

– Биыл қала ішіндегі 77 шақырым жолды жөндеу басталды. Қазіргі таңда оның 54 шақырымы ел игілігіне берілді. Қалған жобаларды туар жылы аяқтаймыз. Соңғы екі-үш жылда Шолохов көшесіндегі жолдың жай-күйі көптің көңілін алаңдатқаны рас. Осы күні ол мәселе шешімін тапты. Екі жылға жоспарланған жоба аяқтала келді,-деді Миржан Мұнайдарұлы.

Айта кетейік, күні бүгін қалада жалпы ұзындығы 171 шақырымды құрайтын 60 жолды жөндеуге қажетті құжаттама дайын. Одан бөлек, тұрғындарды баспанамен қамту жайы да реттеліп келеді. Әрине, ол мәселенің шешілуіне мемлекеттік бағдарламалар оң әсер етіп жатқанын атап өткен жөн. Қазірдің өзінде қалада мемлекеттік бағдарламалар арқылы 14 көпқабатты үй салынып жатыр. Шаһар басшысы алдағы екі жыл ішінде аталған пәтерлер пайдалануға берілетінін айтты.

IMG-20231224-WA0009

–Тұралап қалған Ақжайық шағын ауданында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 25 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған еді. Күні бүгін 11 үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, ол жақтың ішкі жолдарын реттеп, қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жобалар басталды. Апатты үйлердің мәселесі де шешілуде. Күні бүгінге 25 апатты үй бұзылып, олардың орнына 14 жаңа үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда «Реновация» бағдарламасы арқылы 8 үй салынуда. 2024 жылы 26 үйді күрделі жөндеу көзделді, – деді қала әкімі Миржан Сатқанов.

Миржан Мұнайдарұлы абаттандыру мәселесін де айналып өтпеді. Осы кезге дейін шаһардағы 54 тынымбақтың 35-сі абаттандырылған. Биыл Зашаған кенті мен М.Өтемісов атындағы университеттің жанында 3 жаңа сквер салу бойынша жұмыстар басталған. Олардың біреуі биыл, қалғаны келер жылы аяқталмақ. «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы бойынша биыл 33 аула реттеліп, 41 аулада тиісті жұмыстар басталған. Қазіргі таңда 26 ауланы абаттандыру жұмыстары аяқталса, қалған аулалар 2024 жылы пайдалануға беріледі. Одан бөлек, «Халық қатысатын бюджет» арқылы қала тұрғындары ұсынған 7 жоба таңдалып, барлығы жүзеге асырылуда.

–Қала тұрғындарынан қоғамдық көлік қызметіне шағым көп түседі. Онымен жақсы таныспын. Ондай келеңсіздік қажетті көліктің жетіспеушілігі, қозғалыс кестесінің ыңғайсыздығы мен қызмет көрсету мәдениетінің төмендігінен болып отырғанын жасырып қажет жоқ. Қазір автобус паркін жаңартып жатырмыз. Былтыр – 79, биыл 85 автобус алынды. Соңғы екі жылда қалалық автобус паркі 50 пайызға жаңарды. Қалған мәселелер де ретімен шешіледі, - деді қала әкімі.

Әлеуметтік саланы да айналып өтпеген шаһар басшысы халық саны артқан сайын қалада мектеп жетіспеушілігі көлденең тұрғанын айтты. «2023-2025 жылдары Оралда «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 9 900 орынға арналған 9 мектеп салу жоспарланған. Осы күні Зашаған кентінде 2 мектеп, Деркөл кентінде 1 мектеп салынуда. Сонымен қатар әкім алдағы уақытта жаңа мектептерден бөлек спорт кешендері де бой көтеретінін, түрлі комьюнити орталықтары жөнделіп, мәдениет ошақтары да жаңаратынын жеткізді.

IMG-20231224-WA0010

Одан соң кездесуге келген азаматтар өздерін мазалаған мәселелерді көтерді. Алдымен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген сөз алып, соғыс ардагері Есім Сәрсеновке көше атауын беру туралы ұсынысы әлі қаралмай жатқанын айтты. Оған жауап қатқан қала әкімі ардагерлер кеңесі атынан жазылған хатты алғанын, көше атауын өзгертудің өз механизмі барын, Есім Сәрсеновтің атын бір көшеге беру жайы барлық заңды талаптарға сәйкес жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар Зенит зауытының инвесторға берілуі де көтерілді. Аталған мәселеге қатысты тарап жатқан түрлі ақпарат шындыққа жанаспайтынын, сондықтан осы кезге дейін қайық шығарып, мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырған зауыт мемлекет тарапынан түсер тапсырысқа алақан жаймай, өз алдына жұмыстануы керек екенін облыс әкімі атап көрсетті.

-Мемлекет «Зенит» зауыты шығаратын қайықтың қажетті мөлшерін алды. Үнемі ондай тапсырыс жасала бермейтіні де түсінікті. Өндірісті дамытпақ түгілі, өз есебіндегі мәдениет үйін жөндей алмайтын зауыт дамудың жаңа жолдарын қарастыруы керек. Сонда ғана өңір өндірісі дами түседі. «Зенит» зауытында жұмыс жасайтын 800 адамның 100-ден астамы зейнет жасында. Зауытқа жаңа леп, жалынды жастар келіп, өндіріске серпін беруі керек. Зауыт басшылығы алдына осындай тапсырма жүктелді, – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

IMG-20231224-WA0065

Кездесу барысында белсенді азаматтар қоғамдық көліктерге арналған арнайы жол жолағының ашылуы, үй салған кезде қаланың тарихи келбеті бұзылмасын деген ұсыныстарын жеткізді. Оған жауап қатқан Миржан Мұнайдарұлы қоғамдық көлік маршруттарын оңтайландыруға қосымша 100 миллиондай қаржы бөліп, маршруттық желілерді реттеумен айналысатын компанияларды алдырып, қаладағы автобустардың жүрісі жаңаратынын тілге тиек етті. Ал қоғамдық көлікке арнайы жолақ қалдыру әзірге мүмкін емес.

–Қаланың тарихи келбетін бұзып жатыр деген әңгіме бар. Бірақ біз осы кезге дейін бір ғана үйді бұздық. Оны сақтап қалу еш мүмкін емес еді. Өйткені жағдайы апатты болды. Қаланың тарихи келбеті бұзылмайды. Бізде арнайы жасақталған дизайнкод бар. Барлық жұмыс соған қарап жасалады. Тарихи ғимараттарға нұқсан келтірілмейді,-деді қала әкімі.

Қала тұрғындары тамаша табиғаты бар, үш өзенді жағалай қонған шаһарда демалыс орындары жетіспейтінін, «Жеңіс» алаңының жағдайы оңалмай тұрғанын көтерді. Аталған мәселемен таныс екенін айтқан Миржан Сатқанов алдағы уақытта қала тұрғындары мен архитекторлардың басын қосып, арнайы қоғамдық тыңдау ұйымдастыратынын, сол жерде жиылған ұсыныстар негізінде жоба жасақталып, «Жеңіс» алаңы жөнделетінін айтты. Ал демалыс саябағының жетіспеушілігі «Ремзавод» аймағынан жаңа саябақ салу арқылы шешілмекші. Бірақ ол – уақыт еншісіндегі шаруа.

Кездесуге келген Еділ Бекесов есімді қала тұрғыны алыс аудандардағы учаскелік полицейлерге көлік жетпейтінін алға тартты.

-Биыл полицейлерге 148 жаңа көлік алдық. Өңір сақшыларына 75 көлік жетпейді. Алдағы уақытта ол проблеманың шешу жолын қарастырамыз,-деді өңір басшысы.

Жиынға келген қаладағы Ниетқалиев көшесінің тұрғындары күз бен көктемде балшыққа батып, қыс болса, қарға омбылап қиналатынын айтты.

–Ниетқалиев көшесінің ұзындығы 620 метр. Шынымды айтайын, ол көшеге асфальт төсеуге миллиондаған қаржы шығара алмаймыз. Бірақ келер жылы ол көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал қатқыл табанды жолды 2025-2026 жылдары саламыз. Вольная, Бутенов көшелеріне ескі асфальт төселді. Ниетқалиев көшесін де көзден таса қылмаймыз,-деді Миржан Мұнайдарұлы.

IMG-20231224-WA0062

Кездесуге 2-жұмысшы аталатын шағын аудан тұрғындары да келді. Аталған аудандағы Партизанская көшесінің тұрғындары жол салып беруін сұрады. Оған қала басшысы келер жылы Партизанская және Придорожная көшелеріне асфальт төселетінін жеткізді. Аталған шағын аудан тұрғындары үйлерге жарық беретін подстанцияны жаңалауын сұрады. Ол мәселе де 2024 жылы шешілмекші.

IMG-20231224-WA0061

Кездеу барысында бұралқы ит, қоғамдық көлік және бұқаралық спортты дамыту сияқты мәселелер көтеріліп, тиісті жауап берілді. Көпшлікті қуантқан тағы бір жайт – келер жылы қаладағы Петр Атоян атындағы стадионның жөнделетіні.

IMG-20231224-WA0060

IMG-20231224-WA0057

Түгелбай Бисен,

Фотоларды түсірген Мәди Салық 

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале