Күні кеше Кентау, оның алдында Балқаш, Степногорск қалаларында кварталішілік жылу магистралінде апаттық жағдай орын алды. Бұл тізімге Қостанай, Екібастұз қосылды. Қыс басталғалы келеңсіздіктер жиіледі. Көзі қарақты оқырмандарымыздың естерінде шығар, жыл басында елімізде 19 жылу электр орталығы «қызыл» аймақта тұрғаны мәлім болды. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайлов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтты. Сол 19-дың бірі – Батыс Қазақстан облысы. Өйткені Орал қаласының жылу электр орталығының тозуы 87,8%-ды құрайды, жылумен жабдықтау желілері 50,4%-ға ескірді. Осыны ескерсек, облыс орталығы жылусыз қалмас үшін қалай дайындалдық? Қыстың бүрсең қақтырған аязды күндерінде осал тұсымыз – ескі құбырлардан ши шықпады ма?
Міне, осы сұрақтармен «Жайықжылуқуат» АҚ кеңсесіне бас сұқтық.
Жарғылық капиталы 100% мемлекетке тиесілі «Жайықжылуқуат» қарауына Орал жылу-электр орталығы, ұзындығы 248,6 шақырым жылу желісі, 23 қазандық кіреді. Аталмыш акционерлік қоғамның бас директоры Бақытжан Әкімғожиннің айтуынша, жылу-электр орталығы 1960 жылы пайдалануға берілген. Орталықта 3 бу турбинасы, 5 энергетика қазаны, бір газ утилизаторлы газ-турбина қондырғысы, су жылытқыш 6 қазан орнатылған.
– Жыл сайын алдағы күзгі-қысқы маусымға дайындық аясында кәсіпорынның қаражаты есебінен және өз күшімен негізгі 2-3 жабдық күрделі жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ сорғыларға, түтін сорғыларына, желдеткіштерге және олардың электр қозғалтқыштарына, бекіту арматурасына, майлы ажыратқыштарға, 0,4-110 кВ кернеуді таратқыш құрылғыларға, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматикаға, ғимараттар мен құрылыстарға ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізіліп, тексеріледі. Биылғы жылыту маусымына дайындық жасау мақсатында жазғы жөндеу жұмыстары аясында ЖЭО-да 535,5 млн теңге көлемінде қаражат игерілді. №2 және №4 екі энергетикалық қазанға, №9 бір су жылытқыш қазаны күрделі, №3 турбоагрегат ағымдағы жөндеуден өтті. Жылу желілері жаңартылды. Ұзындығы 5,625 шақырым жылу желісін жаңалауға 241 млн теңге жұмсалды, – деді Бақытжан Ғаниұлы.
Ағымдағы жылға арналған «Жайықжылуқуаттың» инвестициялық бағдарламасына 495 млн теңге қаралды. Инвестициялық бағдарлама бойынша жоспарланған барлық іс-шара толықтай орындалды. Онда 1883 метр жылу желісіне және 2 сорғы агрегатына, желілік су жылытқышты ауыстыруға, №9 қазандықты күрделі жөндеуге жобалық құжаттама жасақтау көзделді. Сонымен қатар жылу пункттеріне 11 дана жиілік түрлендіргіш құралдарын сатып алуға және орнатуға, №2 және №5 жылу магистральдарын қайта құруға жобалық-сметалық құжаттама дайындау қажет.
– Орал ЖЭО жаңғырту бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылды. Градирняны ауыстыру, сумен жабдықтау айналымын қайта құру жобасы биылғы мамыр айында іске қосылды. Орталықтың су жинағышын қайта құру нысаны тамызда пайдалануға берілді. Турбоагрегатты ауыстыру жобасы 2024 жылдың 1-жартыжылдығында аяқталады. Жылу-электр орталығындағы 11 ғимарат пен құрылысқа күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды. Бүгіндері 5 ғимарат пен құрылыс нысандары бойынша жобалық құжаттама әзірленуде. Ал құрылыс-монтаждау жұмыстары алдағы 2024 жылы басталады. Қалған 6 нысанның құжаттамасы келесі жылы әзірленеді, – деп нақтылады бас директор.
Жылу желілерін жаңғырту бойынша №2 және №5 жылу магистральдарын қайта құру жобаларының құжаттамаларын жасақтау 2024 жылға жоспарланған. Одан басқа 2024-2025 жылдары бірқатар жылу желісін қайта құру жобаларының құжаттамалары дайындалады. Олардың ішінде Гагарин – Ружейников көшелері бойынша ұзындығы 1,8 шақырым 6-ЖМ, ұзындығы 2,581 шақырым 3-ЖМ, Жүнісов көшесіндегі ұзындығы 1,794 шақырым 7-ЖМ, Солтүстік-Шығыс шағынауданындағы жалпы ұзындығы 8,59 шақырым, Строитель шағынауданындағы жалпы ұзындығы 9,29 шақырым кварталішілік желі бар. Қазандық шаруашылығы бойынша Ғалымдар ауылы көшесіндегі қазандық жаңартылып, пайдалануға берілді. Қоян жылы «Сауықтыру мектебінің», «Круглоозерное» қазандықтарының құрылысы, «Зашаған кенті Мөңкеұлы көшесіндегі №1 қазандықтың кварталішілік желілерін қайта құру» жобаларына құжаттама жасақталады.
– Бізге пәтерлердің салқын болуына байланысты тұрғындардан шағымдар түсуде. Зашаған кентіндегі М. Мөңкеұлы көшесіндегі 83/2 үй бойынша түскен шағымдар негізінде қала әкімдігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, мүлік иелері бірлестігі өкілдері және «Жайықжылуқуат» АҚ мамандары осы тұрғын үйдің жылумен жабдықтау жүйесін бірге тексерді. Жылу желісінің ғимараттарға енетін жерінде тепловизормен (зерттелетін беттің температурасының таралуын бақылауға арналған құрылғы) жылу өлшемдері өлшенді. Қорытынды бойынша берілетін жылу қуатының сапасы барлық техникалық талаптарға сәйкес келді. Осы аспаппен үйлердің ішкі жылыту жүйесі, жертөлелердегі тарату желілері, пәтерлер бойынша тік құбырлар мен радиаторлар тексерілді. Соның нәтижесінде ішкі жылу жүйесінің дұрыс жұмыс істемейтіндігі анықталды. «Жайықжылуқуат» АҚ тарапынан ауызша ұсынымдар берілді. Баспаналарды сапалы жылумен қамту үшін жылыту маусымы басталар алдында пәтер иелері кооперативтерінен, мүлік иелері бірлестіктерінен және басқа да ұйымдардан, үйлерге жауапты тұлғалардан ішкі жылу жүйесін тазалау, жуып-шаю, гидравликалық сынау және тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізу сұралады. Жоғарыда аталған мекенжайдағы келеңсіздік үйдің жылыту маусымына әзірлік паспортының алынбауынан туындап отыр, – деді Бақытжан Ғаниұлы.
Кәсіпорында электр монтерлері, токарь, жылу желілерінің және материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің, қазандық шаруашылығының электр слесарьлары жетіспейді. Компания қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы – 233 мың теңге.
– Қаһарлы қыста шаһар жылусыз қалмас үшін мұқият әзірлендік. Жылу электр орталығының барлық қазандығы мен турбиналары, қосалқы жабдықтары толығымен дайындықтан өтті. Қазір бізде 11 қазандықтың бесеуі жұмыс істеп тұр, 6 қазандық – резервте. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, қысқы жылыту маусымынан апатсыз, аман-есен шығамыз деген үмітіміз бар, – деп түйді сөзін Бақытжан Әкімғожин.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»