Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиал директоры Нұржамал Жұмағұлова филиалдың 2023 жылғы 11 ай бойынша атқарған жұмысы мен 2024 жылға жоспарлары туралы баяндады.
– Облысымызда әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша 2023 жылы міндетті жасалған шарттар құны – 76,9 млрд теңге. Оның ішінде 47,5 млрд теңге – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және 26,4 млрд теңге – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде. Жалпы қаржыландыру көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 19,9%-ға өсті. Медициналық көмектің бірнеше түрі бойынша, атап айтқанда, оңалту және қалпына келтіру емі (36%-ға), стационарды алмастыратын көмек көрсету (15,5%-ға), ауыл тұрғындарына стационарлық көмек (18,4%-ға), стационарлық көмек (22,6%-ға), консультативті-диагностикалық көмекті (18,2%-ға) қаржыландыру көлемі артты. Жыл бойы қалада 5,8 млрд теңгеге 2,8 млн, ауылда 4,2 млрд теңгеге 1,9 млн, барлығы 10 млрд теңгеге 4,8 млн консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді. Сондай-ақ облыс бойынша 3,1 млрд теңге сомасына түрлі бейінді маман 1 млн дәрігерлік консультация өткізді, – дейді Нұржамал Шамғонқызы.
Сақтандыру мәртебесі жөнінде де ақпарат берген спикер медициналық сақтандыруда алдағы 12 айға, яғни 1 жылға жарна төлеу мүмкіндігі бар жаңа механизм жұмыс істейтінін айтты. Бұл механизмді «сақтандырылған» мәртебесі бар, сонымен қатар бұрын ешқашан төлем салмаған немесе жарна төлемін үнемі жүргізбеген барлық дербес төлеуші қолдана алады екен. Бұған қоса жаңа ереже алдағы 12 айға жарна төлеу арқылы дербес төлеушілердің балама тәсілмен қатысуын қарастырады. Бұрын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша медициналық көмек алу құқығына ие болу үшін өткен 12 айға жарна төлеу қажет болған еді.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асырудағы өзекті мәселелердің бірі – халықтың сақтандырылу мәртебесі. «Сақтандыру» базасының мәліметінше, 2023 жылдың 1 желтоқсанында облысымыздағы «сақтандырылған» мәртебесі бар тұрғындар саны 83,3%-ды құрады. Ал сақтандырылмаған тұрғындар саны 16,7%, яғни 113 769 адам. Биыл облыс әкімдігі өңіріміздегі «сақтандырылмаған» тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмысын күшейту туралы тапсырма берді. Осыған байланысты әр апта сайын өңірлік штаб отырысы өткізіледі. Орал қаласы және аудан әкімдіктері сақтандырылмаған тұрғындарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Филиал директоры денсаулық сақтау басқармасы мамандарымен және жергілікті атқарушы құрылымдармен тоқсан сайын ауылдық округтерге қоса, аудан орталықтарына барып кездесулер ұйымдастырып тұрады. Ақпараттық-түсіндірме жұмысының нәтижесінде өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда «сақтандырылмаған» тұрғындар саны 10 227 адамға азайды. 2022 жылдың 1 желтоқсанында «сақтандырылмаған» тұрғындар саны 123 874 адам (17,9%) болған еді, – деген Н. Жұмағұлова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру мәртебесі бар адамдар міндетті әлеуметтік
медициналық сақтандыру бойынша медициналық кеңейтілген көмекке қол жеткізе алатынын еске салды.
Бұған қоса спикер МӘМС-ке түскен жарналар мен аударымдардың көлеміне тоқталды. Оның сөзінше, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында облыс тұрғындарынан түскен төлемдердін жалпы құны – 20,6 млрд теңге. Түскен түсімдердің негізгі бөлігі, нақтыласақ, 11,5 миллиард теңгеден астамы жұмыс берушілерден түскен аударымдар болса, қалған 9,1 миллиард теңгесі жұмыскерлерден, жеке кәсіпкерлерден, дербес төлеушілерден және азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін тұлғалардан түскен жарналар.
Аружан Болатбекқызы,
«Орал өңірі»