Жыл бойы қарқынды қызмет атқарған Теректі ауданының «Іскер әйелдер» кеңесі Подстепное ауылында кеңес отырысын өткізді.
Жылды қорытындылаған отырысқа Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, Теректі ауданының ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысы Сандуғаш Айтқалиева, БҚО Кәсіпкерлік палатасының Теректі филиалы директоры Саид Садаров қатысты.
Подстепное ауылындағы «Жігер» коворкинг орталығында жайма көрмеге теректілік іскер әйелдердің қолөнер бұйымдары жайылды. Тоқымалар, моншақтан тізілген қолдорбалар, әшекейлер көз тартады. Ісмер қолдан шыққан әр бұйым – туынды. Көрме басында қолөнершілер өзара тәжірибе алмасып, бұйымдарды дайындаудың қыр-сырымен бөлісіп жатты.
Кеңес отырысын жүргізген аудандық «Іскер әйелдер» кеңесі төрайымы Анар Қайрекенова жыл бойы атқарылған жұмыстарды тізбелеп өтті. Мақсатына сай, өз ісін бастауға ұмтылған қыз-келіншектерге көмек көрсеткен кеңес мүшелері тегін шеберлік сағаттарын ұйымдастырды. Қайырымдылық шараларының да бел ортасынан көрінді. Облыстық «Іскер жұлдыз» байқауында Теректі ауданының І орын алуы – іскер әйелдердің ұйымшылдығы мен қоғамдық белсенділігінің айқын дәлелі.
Сөз кезегін алған Теректі ауданы әкімі Әлия Биғазықызы «Іскер әйелдердің» жұмысына жоғары баға берді. Атап-түстеп тұрып, өз ісін дамытып, ауыл әйелдерінің көңіліне сенімділік сепкен жандарды марапаттады.
Бұдан әрі кеңес отырысы келер жылды жоспарлауға көшті. Қатысып отырған әр округтің «Іскер әйелдер» кеңесі төрайымдары өз ауылындағы жағдайды сараптай отырып, қай бағыттарда кәсіп дамытуға ыңғай барын айтты. Осы айтылғандар негізінде 2024 жылы атқарылар шаралар жоспары жасақталатын болады.
Тамара Жұмат,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz