8.01.2024, 15:00
Оқылды: 45

Ордадағы ойран: бұл – құлдықтың бір түрі

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде «Қазақ тарихындағы тағы бір ақтаңдақ» атты кездесу кеші өтті.

415497904_916410517155290_3819895482909483103_n

Тағылымды шараға аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев, аудан әкімінің орынбасарлары Жақсылық Абдолов, Мирболат Бисенов және желтоқсан оқиғасының қатысушысы Қалиолла Орынғали, тарихшылар, депортация куәгерлері, аудан ақсақалдары, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Кеш жүргізуші Лариса Әбдуғалиева сөзін тереңнен тарта бастады.

415506622_916410437155298_8379434117861161528_n

- Тәуелсіздік өткен күндерді яки уақытты қайтара алмайды. Бірақ солардың ақиқатына жетуге, жақсы мен жаманды айыруға жол ашты. Бейнелеп айтсақ, қазақ тарихында бүктемеде қалған ақтаңдақтар саны бір тоғыз десек, кеңестік тоталитаризм еншісінде Ұлы даладағы ашаршылықтар қуғын-сүргін соғыс шығындары демографиялық, экологиялық апаттар тағы басқа қасіреттер зерттелуде, -  деді Лариса Әбдуғалиева.

Расыменде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашасындағы «Саяси қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы бұл мүмкіндіктің аясын кеңейте түсті. Облыстық архив қорындағы деректер негізінде «Капустин Яр әскери полигоны: қазақ депортациясы» атты М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты Бақтылы Боранбаеваның монографиялық еңбектері жарияланды. Бұл кітаптың негізінде «AQJAIYQ» телеарнасының журналисі Гүлмира Тілеубаеваның «Ойрандалған Орда: қазақ депортациясы» атты тарихи танымдық фильм түсірді. 1952 жылы 12 маусымда Кенес өкіметі БҚО кұрамындағы Орда ауданын тарату туралы арнайы қаулы шығарды.

415913367_916410367155305_1716757738896229367_n

Бұл аталмыш аудан тұрғындарының төбесінен жай түсіргендей әсер етті. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталмастан АҚШ пен Кеңес Одағы арасында жаппай қарулану бәйгесі бастальп кетті.

Сталин сенімді серігі Лаврентий Берияға алысқа атылатын зымырандар мен атом бомбасын өндіруді жолға коюды тапсырды. Атом бомбасын сынау аймағы қазақ жерінің киелі жері Абайдың отаны Абыралыға танылды. Нәтижесінде 1949 жылы тамыз айында атом бомбасының алғашқы сынағы Семей өңірінде өтті. Ал «Капустин Яр» сынақ айлағы арада жылдар өткен соң ажал ойнағы үшін ауқымды жерді талап етті. Биліктің назары Орда ауданына түскен. Тұрақты нысан ретінде Орда ауданының Хаки соры белгіленіп, әскери картаға түсірілді. Енді малға шұрайлы, халыққа қолайлы қонысты адамнан тазарту қажет болды.

415516900_916410580488617_7156652479298524779_n

Соғыс зардабын тартқан аудан тұрғындары енді ес жия бастағанда Нарын көгін қара бұлт қайта торлай бастаған еді. КСРО Министрлер Кеңесінің 1951 жылы 21 желтоқсандағы №5263 қаулысына сәйкес Орда ауданының 1 миллион 355 мың 692 гектар жері «Капустин Яр» әскери полигон иелігіне берілді. Осылайша әскери сынақ алаңына айналған Орда ауданы таратылып ішкі депортацияға ұшырайды. Қазақ халқы әлеуметтік-экономикалық моральдық, психологиялық, демографиялық дағдарысты басынан кешірді. Кеңестік өктем саясаттың құрбаны болды. Аудан тұрғындары күшпен көшіріліп, жан-жаққа босып кетті. Оңтүстік Қазақстан, Атырау облыстарына көшірілді. Бұл шын мәнінде репрессия болатын. Елінен, туған жерінен айырылған халықтың мұң мен шерінде шек болмады. 1952 жылы 48 колхоз, 1 жылқы, 1 түйе зауыты, 17 ауылдық кеңесі болған жалпы 17 ауылдық кеңеске қарайтын халықтың 86 пайызы депортацияға ұшыраған.

Осы оқиғаны бастан кешірген, жастық шағымен тұспа-тұс келген уақыт естелігін бөлісу үшін алғашқы сөз кезегі Тау ауылының тұрғыны Әзберген Төлепқалиға берілді. Өз сөзінде алтын уақыттарын бөліп, жиынға қатысқан жандарға алғысын білдіріп, елімізге бейбітшілік тіледі. Содан соң аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова сөз алды.
- Бұл оқиғаны «Қызыл табан шұбырынды» деп айта аламыз. Ең қасіретті де зұлымдыққа толы кезең болды ғой. Соғыстан енді есін жиып, енді еңсесін тіктей бастаған уақытында 1952 жылы ордалықтардың басына қара бұлт төнді. Өзім кішкентай кезімде отбасымда бұл әңгіменің қозғалғаны еміс-еміс есімде. Әлі күнге дейін өкінемін. Сол кезде неге барлығын сұрап, жадыма тоқып, қағаз бетіне түсіріп алмадым екен деген ой маза бермеді. Сөйтіп, 2015 жылы осы тақырып бойынша зерттеу жүргізуге кірістім, - деген Меңдігүл Ғарифоллақызы оралымды ойлар айтып, аталған қасірет жайында көсілді.
Жерлесіміз, әдебиеттанушы, «Қазақ» энциклопедиясының ғылыми редакторы, желтоқсан қатысушысы Қалиолла Садырұлы байыппен сөзін бастады.
- Кездесуді ұйымдастырған жандарға алғысымды айтқым келеді. Сол кездегі зұлматтарды біздер көрмедік. Бірақ жантүршігерлік күндерді әкем мен анам бастан кешірді. Әкеміз ерте бақиға аттанды. Анамыз қалайша Шымкентке аттанып, қайта оралғандығы жайында айтқан еді.

Ол үрейленіп: «Он үш жасқа толмаған кезім. Бізге хабар келді. Атамыздың соғыстан оралған кезі еді. Жиналыңдар, біз көшеміз», - деді.

Бәрін буып-түйіп, дайын болдық. Қара көліктер келіп, заттарымызды тиеп, Сайхын ауылына апарды. Вокзалдың жанына апарып, «төгіп» тастады. Бізден өзге біраз халық бар. Тамақ та жоқ, күннің астында бір апта жаттық. Содан соң бір күні пойыз келіп, тиеп әкетті. Қайда бара жатқанымызды өзіміз білмедік. Бірнеше күннен кейін Шымкентке келгенімізді түсіндік. Арықтың жағасына түсіп, тағы да он шақты күн жаттық. Сол жерде адамдар қатты ауырды. Арықтан малдармен бірге су іштік. Көп күннен соң Жетісай деген жерге апарды. Онда да түк жоқ. Желдің өтінде күнелттік. Бәрімізді жұмысқа салып, құлша жекті» деді анам көзіне жас алып. Міне, осы бір естеліктің өзі жанымды қатты ауыртты, - деді.

Сонымен қатар кездесудің айрықша мәнде өткеніне ризашылығын білдіріп, аудандық кітапхана қорына тарихи кітаптарды тарту етті. Әрмен қарай, Қантым Ғұмарова көзіне жас алып, еңкілдеп, жылап жіберді.
- Ордадағы ойран туралы ойласам, бақытты шағым төбемнен құстай ұшып кеткендей болады. Сол уақытта әке-шешімізді көшірмей тастады. Бала кезімде Семей полигонын теледидардан көрген едік. Кенет аспандағы құбылысты қызық көріп, ініммен далаға шыққанбыз. Салдарынан аяғымнан айырылдым. Дұрыс ем алмағанымның кесірінен онкологиялық дертке шалдықтым, - деді ол.
Кеш соңында «Ордадағы ойран: қазақ депортациясы» атты деректі фильм көрсетілді.

Райымбек Ғаділбекұлы,
Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале