Менің қолыма қалам алуыма себеп болған мына жағдай: «Орал өңірі» газетінің 2023 жылғы 30 қарашадағы (бейсенбі) №96 санындағы 21-беттегі ҚР-ның Мәдениет қайраткері Есенкелді Молдағалиевтің «Оркестрге - 70 жыл» мақаласы.
«...Нәтижесінде өткен ғасырдың орта шенінде Жанғазы Темірәлиев сынды азаматтың ұйымдастыруымен Жәнібек аудандық ұлт-аспаптар оркестрі құрылды.
1953 жылы Орда ауданы тарап, Жәнібекке қосылғаннан кейін Жәнібек ауылында №9 механизаторлар дайындайтын училище ашылып, оған жер-жерден курсанттар қабылданды».
КСРО Министрлер кеңесінің 1951 жылғы желтоқсандағы №5263 Жарлығына сәйкес еңбекшілер депутаты Орал облысының атқару комитетінің шешімімен 1952 жылы 31 қаңтарда Орда ауданы таратылады.
№9 кәсіптік-техникалық училище Орда селосында 1952 жылы құрылады. Осы мекемеде 1966 жылдың тамызына дейін жұмыс істеді. 1964 жылы наурызда «Орда қой совхозының» құрылуына байланысты училище Жәнібек селосына көшті.
Домбырашы Жанғазы 1911-1970 жылдары өмір сүріп, Орда селосында болды.
1932-1935 жылдар арасында Орда орта мектебінде домбырадан сабақ берді. 1935-1941 жылдары Орал қазақ драма театрында әртіс болды. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, 1946 жылдан Ордада оқушыларға домбырадан сабақ берді. 1946 жылы Орда селосының мәдениет үйі жанынан домбыра оркестрін құрған.
Оның құрамында Ману Хайров – домбырада, Нығметолла Ахметов – домбырада, Калима Құлшарова – домбырада, Құспан Раушанов (Ермек Қазиевтің қайын атасы) – мандалинада, Самат Бисенғалиев (белгілі скрипкашы Марат Бисенғалиевтің әкесі) – скрипкада т. б. ойнаған. Мен білетін бұл оркестр 1934 жылы Алматыда А. Жұбанов құрған «Қазцик» атты оркестрден кейінгі екінші оркестр.
Жәнібек аудандық домбыра оркестрі 1964 жылы күзде құрылды. Осы жылдың қыркүйек айында Сайқында шопандардың тұңғыш слеті өтетін болды. Сонда Жәнібек аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, талапты домбырашы әрі домбыра зерттеуші Аюпов Биболат ағамыз домбыра оркестрін ұйымдастырды...
«Орал өңірінің» №62 (25 мамыр 2004 ж.) санында жарық көрген журналист Едіге Өтебалиевтің «Даланы күймен тербеткен» атты мақаласын оқып, мен де марқұм Аюпов Биболат ағамыздың өнерін сыйлап, өз пікірімді білдірдім. «Орда оркестрінің «әкесі», ал Жанғазы Темірәлиев оркестрдің «атасы» деп мақала жаздым. Мен бұл кісілерді жақсы білемін. Оркестрде олар бір шетінде отырса, екінші шетінде мен отырдым.
Айтылар ой, мен Жәнібек ауданына оркестрдің құрылғанын қимай айтып отырған жоқпын. Мен тек шындық болсын, жете білмей, есту арқылы жаза салған, уақыттары да шатастырылған Есенкелді мырза ескерсін, мақаланы оқыған кейінгі жастар қате мағлұмат алмасын деп айтып отырмын. Мен анау дирижерлердің кімдер екенін, қай уақытта істегендерін 1972 жылдың наурызына дейін білемін. Мен Би-ағаң құрған оркестрдің домбыра бойынша бастаушысымын (концертмейстер). 1941 жылы туған ардагер-ұстаз, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматымын. Бәрінен шындық қымбат.
Каспи Жахатов,
Орал қаласы,
Фотоны ұсынған автор