Шыңғырлау ауданында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, әр түрлі салада адал қызмет етіп, көпке үлгі болып жүрген тұлғалар мадақталды.
Аталған тұлғалар арасында мерейлі 60, 70 және 75 жасқа толған жандар да бар. Аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы бірқатар марапаттарды лайықты иелеріне табыс етті. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының «Құрмет грамотасымен наградтау туралы» шешіміне сәйкес, ауданымыздың тұрғындары, ауданға көп жыл еңбегі сіңген дәрігер - Жұбаныш Сисенғазыұлы Хамидуллин, еңбегі сіңген механизатор, қарағаштық Меңболат Демесінұлы Янтурсин «Құрмет грамотасы»- мен, жасөспірімдерге кәсіптік білім беру саласында, аудан колледжін көп жылдар басқарып келе жатқан тәжірибелі басшы - Серікбай Ермекұлы Жұмағұлов, «Жауымбай» ш/қ басшысы-Жауымбай Айтқалиұлы Есенов БҚО әкімі Нариман Төреғалиұлының алғысхатымен марапатталды. Аудан қариялары, білім саласының ардагері - Сабырғали Сәмиұлы Сәмиев, аудандық ауылшаруашылық саласының ардагері- Тілекқабыл Жақсыбайұлы Жұбаниязов, сондай-ақ «Жарас» шаруа қожалығының шаруашылық директоры, өндіріс алаңының басшысы-Қанат Сүйінұлы Садықов ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Елеулі еңбегі үшін» медалін алды.
«-Баршаңызды келіп жеткен жаңа жылмен құттықтаймын! Өткен жыл ауданымыз үшін табысты болды. Осы жылға да артар үмітіміз көп. Алдағы уақытта Сіздермен бірлесе жүріп, ел игілігі үшін қызмет атқара береміз деген сенімдемін»-деген аудан басшысы марапат иелерін құттықтай отырып, жұмыстарына толағай табыстар тіледі.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы,
zhaikpress.kz