10.01.2024, 10:15
Оқылды: 60

«Бұлбұл бағы»: сазгерлер сайысынан не түйдік?

Ескі жылдың етегін ала Қадырсарай төрінде «Бұлбұл бағы» атты өңір сазгерлерінің «бәйгесі» мәреге жетті. Көрермені аз демесең, бұл бір есте қалар елеулі күн болды. Әрі әдеттегі дағдыдан жаңылмай, қатысушы-үміткерлер алдымен Қадыр Мырза Әли ескерткішіне гүл шоғын қойып, ақын рухына тағзым етті. Қалам ұстаған қатардан болған соң әншілер байқауын, ақындар аламанын, күйшілер жарысын, суретшілер сайысын, өзге де небір өрісті өнерді көріп те, жазып та жүрміз ғой... Осы жолы өз санамыздың саңылауынан сәулесі түспейтін, түссе де, бізге түсінуі қиын сазгерліктің тылсым әлемі жайлы сөз сабақтауға тура келіп отыр. 

булбул багы

Әлқисса деп әрмен қарай әңгімемізді әрлесек, жиынның беташар сөзінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов жыл аясында атқарылған негізгі жұмыстарға тоқталып, бірқатарын ортаға салды. Таяуда Қадыр Мырза Әли жайында деректі фильм шыққалы жатса, о кісінің шығармашылығын насихаттау бағытында өзге аймақтарға іссапарлар ұйымдастыру да жоспарда барын аңғардық. Қазірдің өзінде Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет пен өнер орталығы біраз шаруа тындырған. Мәселен, ұжым ұйымдастырған «Ой орманы», «Күндер-ай!», «Күміс қоңырау», «Ең алдымен – ел қамы», «Иірім» атты шаралар көптің көңілінен шықса, ақын өлеңдеріне ән жазуға арналған мынау «Бұлбұл бағы» сайысы «Қадыр – қазына» жобасының соңғы түйіні көрінеді. «Жасыратыны жоқ, талғамы биік дара тұлғаның сөзіне Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев секілді санаулы ғана саңлақтар ән жазған, көп композитордың бұған жүрегі дауалай бермеген. Өзінің де өзгеге көңілі онша ауа қоймаған деседі көзкөргендер...». Мұны айтқан – Донеділ аға (Қажымов). Ой үзігінің жалғасы сәл-пәл кейінірек.

– Иә, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әли өлеңдерінің тағы бір шоғыры әнге айналмақ. Осындай аламанға ат қосып отырған мынау жиырмадан астам жерлесімізге, яғни сазгерлерге тілеріміз тек сәттілік қана. Ел аузынан түспейтін әсерлі шығармалар туып, ән-қоржынымыз молая берсін, – деген Сайран Темірғалиұлы осы жорықта шығармаларды ой елегі мен сезім сүзгісінен өткізу оңай болмайтынын жасырмады. Сол-ақ екен, Ақжайық, Казталов, Жаңақала, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Бәйтерек, Бөрлі аудандары мен Орал шаһарынан жиналған сазгерлер сахна төріне көтеріліп, алғашқы кезекте жеребе тартты. Бір қуанарлығы – сырымдықтар мен теректіліктер дүбірлі додаға үш-үштен, казталовтықтар мен қаратөбеліктер қос-қостан сазгер жіберіпті. Орал қаласының жөні бір бөлек, қатысушы саны – 7 адам. Айтпағымыз бұл емес, «тұңғыштар отаны» саналатын киелі мекен – Бөкей ордасы мен жазиралы жазығынан ән самалы ескен Жәнібек өлкесінен «тірі жан» төбе көрсетпеуі болып отыр. «Ел іші – өнер кеніші» демей ме? Індете іздеп, талаптыға жол ашуға қарекет етсе, көзтаса жүрген жандар табылар ма еді?! Сол баяғы «өзің көрген көк плаштан» әрі аспайтын самарқаулық қой. Әйтпесе, «Орда – туған мекенім» деп әні мен сөзін қатар өмірге әкеліп, оны өз орындауында жалпақ жұртына танытқан тума талант Қабиолла Әлесовтың ізін құм басып, сел шайып кетуі мүмкін бе?! Бір кем дүние!

Енді байқау шарттарына қатысты бірер сөз: онымен бәрі де күнілгері таныстырылып, ереже түгел таратылған. Мұндағы басты талап – ән сазы бұрын еш жерде жарияланбаған және сахнада орындалмаған болуы тиіс. Сөзді-мәтінді автор таңдайды, ал су жаңа туындысының «тұсауын» өзі кесуі һәм орындауы міндетті емес, оны көңіліне жаққан әншіге бере алады. Бұдан бөлек шығарма тек жанды дауыста ұсынылып, оған музыкалық әрлеу (аранжировка) жасау міндеттелген. Жасқа шектеу жоқ, 18-ден асқан кәсіпқой не әуесқой ниеттенушілер бақ сынай алады. Ал «Кіл жүйрік те, кім жүйрік?» дегендей, осынау сазгерлер «салмағын» саралап, төрелік етуші қазылар алқасын таныстырсақ: Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымов (төраға), Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиев, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Құрмет орденінің иегері, композитор Еркін Нұрымбетов.

«Ән – көңілдің ажары». Рас-ау! Қиял құсын қияларға шарықтатып, өз тереңіне тартып ала жөнелетін әсем әуенге кім елтімейді дейсіз?! Әрі мұндай сайыстарға «төбесінің тесігі» бар, яғни музыка тілін «тілмәшсіз» түсінетін адамдардың жиналатыны және айқын. Кейбір жаңа шығармаларға залдағы үркердей топтың дуылдата қол соғып, ризашылықтарын аңғартуы – осының дәлелі іспеттес. Әсіресе, Ерлан Қуанышев («Мың жұлдызы болса да...»), Алтынбек Қанатқали («Өтті кетті»), Әділбек Сүлейменов («Ағайын тірлігінде»), Елжан Мағзом («Егер де мен өзіңе жолықпасам») секілді сазгерлер әндеріне көрермен ықыласы зор болды. Есімі ел аузына ерте іліккен өзі сазгер, өзі әнші Ербол Ақбасовтай жігіттеріміздің жөні тіпті бөлек. Мұның бәрі біздің пайымымыз, төрдегі төрешілер не дейді? Әнші-композитор Донеділ Қажымовтың әлгіндегі ой-толғанысына қайыра оралсақ: «Қадыр ағамызға жақын жүрген кісімін ғой, байқау үстінде маған келген ой: өте талантты да талапшыл жан кейбір әндерді өз құлағымен тыңдаса, не айтар еді?! Жеке пікірім, ол кісінің қасиет тұнған поэзиясына жеңіл әуен жазып, қадірін қашырмаған дұрыс...».

«Мынау сайысқа қатысты айтарыңыз дейсіз бе?». Жетпістің жетегіне ерсе де, тұғырынан түспеген әрі жан дүниесі әуенге суарылған өнер иесі біраз үнсіз қалды.

– Идея – өте жақсы! Десек те, кез келген өлеңге сәтті әуен шыға бермейді. Әнге туабітті сұранып тұратын дүниелер болады, соларды таба білу, тани білу керек. Сол кезде ғана екеуі қос ғашықтай жарасым тауып, тыңдарман жүрегін жаулап алады. Сосын он-бес шумақты әнге айналдырамын деу – бос әурешілік, ол термеге  тән.

Шүкір, Ақ Жайық өлкесі өнерге де, өнерпазға да кенде емес. Аудандар түгел болмаса да, сайысқа 22 сазгер қатысуда. Әттең-айы, арасында байқауға шикі күйінде жол тартқан «әндер» бар. Ізденісі кем, ащы тері бойындағы дүние бірден көзге ұрып тұрады ғой. Бұрыннан бар мәтінді жаңалауға талпынғандар байқалды. Несін жасырайық, әуені бір жақта, аранжировкадағы (музыкалық әрлеу) гармониясы екінші жақта жүрген шығармалар да ұшырасты. Бұл – жеке-дара мін емес, әркез есте жүрер ортақ сын. Ал «құлақтан кіріп, бойды алған» сырлы саздар лайықты бағасын алды деген ойдамыз, – деді Донеділ Ізмағамбетұлы.

Сонымен, «Бұлбұл бағы» байқауының бас жүлдесін қазылар алқасының ортақ шешімімен оралдық Ербол Ақбасов («Өмір-өмір» әні) еншілесе, қаратөбелік Марат Тажаяқовқа («Білгіңіз келсе қазақты» әні) бірінші орын бұйырды. Бұдан кейінгі екінші, үшінші орындар екі-екіден бөліске түсіп, мұның сыртындағы арнайы сыйлық төрт адамға табысталды. Жалпы өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылған мәні мен маңызы зор ізгі шара осылай түйінделді. Айтпақшы, барлық қатысушы орталық директоры Серік Тоқмамбетовтың алғысхатымен  марапатталды.

Бауыржан  Бисенов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале