10.01.2024, 18:01
Оқылды: 64

Баспана – басты қажеттілік

«Үйің болмай – күйің болмас» демекші, қазіргі қазақ қоғамы баспана дертінен әлі күнге дейін айыға алмай келеді. Кейбір жаңақалалықтар үшін Жиреншеше «Айхай, менің өз үйім, кең сарайым боз үйім» деп өз шаңырағында көсіліп жату арман болған. Баспанаға қолдары жеткенімен, сапасына көңілдері толмаған ауыл халқы аудан әкімдігіне жиі шағым түсіруде. Солардың бірі былтыр ғана қолданысқа берілген 40 үйдің Шынар есімді тұрғыны жуырда аудан басшысының қабылдауында болып, мемлекет тарапынан берілген жаңа қонысының құрылысына қанағаттанбай наразылығын білдірген болатын.

IMG_0029

Осы тұрғыда жуырда аудандық ардагерлер кеңесінің мұрындығымен кеңес мүшелері Қ.Жайымов, Т.Өтешқалиев, Е.Меңдіхан, М.Нұрғалиев, А.Дюсеков, аудандық мәслихат төрағасы Қ.Қаменов, «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қ.Шарафуддин, аудандық мәслихат депутаттары Б.Есенғалиева, Ж.Жақсымбетов, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы А.Мұсағалиев, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а. Н.Тілекқабылов, Жаңақала ауылдық округінің әкімі А.Қапанов пен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Қ.Мағзомов арнайы комиссия құрып, аудан орталығындағы аз қамтылған отбасылар тұратын бірнеше тұрғын үйлерді аралап, ахуалдарымен танысты. Соның бірі 2022 жылдың мамыр айында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған Ғ.Салықов 2А көшесінде орналасқан үшқабатты үйдің №20 пәтерінің төбесінен су кетіп, терезе жақтаулары көгеріп, сылаулары түсіп жатыр. Өткен жылы қолданысқа берілген көппәтерлі үйдің құрылысын жүргізген «Нұр Құрылыс-болашақ» ЖШС-н аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі 2 рет сотқа беріп ұтқанымен, нәтиже жоқ.

IMG_0012

Пәтер иесі Жаңыл Талапова: Бұл пәтерге былтыр мамыр айында жанұяммен көшіп келдім. Бұрын апатты жағдайдағы САККО мектебінде 7 жылдай тұрдық. 5 балам бар. Жолдасым жалдамалы жұмыскер, өзім үй шаруасындамын. Көшіп келген уақыттан бастап шатырдан су кетіп, терезе айналасы көгере бастады. Бұдан бөлек төбеден аққан судың салдарынан электр жарығы бір жанып, бір өшетін жағдайға жетті. Бұл жөнінде аудандық құрылыс,тұрғын үй-шаруашылық коммунал бөліміне, сондай-ақ бұрынғы аудан басшысына бірнеше мәрте кіргеніммен, құр уәдемен шығарып салды. Бұл үй бізге тегін берілген жоқ. Ай сайын 11 мың 250 теңге тұрақты төлеп отырмыз. Сондықтан ақымызды уақытылы төлеп отырған соң үйдің шатырын ретке келтіріп берулерін сұраймын, - деді.

IMG_0049

Иә, жоғарыда көтерілген мәселенің шешімі – төбені қалыңдап қайта жабу. Мұны аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі өз мойындарына алып, жуық арада реттеуге уәде берді.

IMG_0053

Одан соң комиссия мүшелері 41  отбасы тұратын колледж жатақханасының тұрғын үй ретінде жекеге берілген бөлмелеріне тексеріс жүргізді. Осыдан 43 жыл бұрын салынған ғимараттың бүгінгі таңда өмір сүруге жарамсыз, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға мүлдем сай еместігіне көз жеткіздік. Жатақхана тұрғындары басшылыққа талап-шағымдарын айтып, қолайлы жағдайы бар баспанамен қамтамасыз етуді сұрады.

Солардың бірі Айтолқын Сисенғалиева: - Мен 2017 жылы Мәстексай ауылынан осында қоныс аударып, сол кездегі аудан әкімі Наурызбай Қарағойшинның қабылдауында болып, үй сұрағанымда, жатақхананың бос тұрған бір бөлмесін ұсынды. Өз пәтерім болатынына қуанып, көшіп келгеніммен, қуанышым ұзаққа созылмады. Отбасымда 8 жанбыз. Жалғызбасты анамын, науқас қарт анам, 4 балам, 2 жиеніммен аядай бір бөлмеде тұрдық. Бір бөлме болса да салқын, қысы-жазы дымқылданып тұрады. Сол жерге ұйықтап, сол жерде тамақ ішіп, балаларым сабақ оқиды. 1 балам осыдан бір жыл бұрын жазықсыз соққы жеп, талма ауруына ұшырады. Ол аздық еткендей, иесі жоқ жоғары қабаттағы пәтерлердің жылу батареясы жарылып, үйім суға кетіп, қазір отбасыммен жалдамалы пәтерде сандалып жүрмін. Өзім ақылы қоғамдық қызметте жасаймын. Тапқан айлығым күнделікті тамағымнан, балаларымның қажеттіліктерінен, ауру анам мен баламның дәрілерінен артылмайды. Оның үстіне жалдамалы пәтердің ай сайынғы 20 мың теңге ақысына қоса коммуналдық төлемдері бар. Аудан әкімінің қабылдауында осы уақытқа дейін 3 рет болдым. Қызым үй кезегінде тұрғандықтан, мені кезекке қоймады. Аудан басшылары тұруға қолайлы баспанамен қамтамасыз етсе, - деп ағынан жарылды. Айтолқын ананың айтқан шағымына комиссия мүшелері қызы Жайлан Нағымғалиева бүгінгі таңда 73-інші боп тұрғын үй кезегінде тұрғандығын айтып: - Мүмкіндігінше қызыңызды баспанамен қамтамасыз етуге көмектесеміз, -деді. Осы орайда Жаңақала ауылдық округінің әкімі Ақан Қапанов та бұл жатақхананың тұрғындарына өз наразылығын білдіріп, «ұлы сөзде ұят жоқ» дегендей, сыртта орналасқан әжетханаға бармай, үлкен дәретке үйге отырып, оны қоқыс контейнеріне төгіп, 3 күн дәрет қатқан контейнермен алысып, 2-еуін жарамсыз қылғанын жасырмады.

IMG_0032

Комиссия мүшелері одан соң бір кездері мекеме болып, бүгінде тұрғын үйге айналған комхоз кеңсесіне аялдады. Барлық бөлмені аралай жүріп, үйде ата-аналары жоқ, балалары ғана бар екендігін көріп, сондай-ақ бөлме іші жылы әрі жарық екендігін тілге тиек етті. Өзін Гүлмаржан деп таныстырған бір пәтердің иесі жағдайларының жақсы, ешқандай шағымы жоқ екендігін айтты.

Біздер БАҚ-ның өкілі болғандықтан, аудан тұрғындары мен мекеме басшыларына арналып ашылған Telegram каналын үнемі бақылап отырамыз. Соңғы уақытта аталмыш чатта аудан әкімдігінің жұмысына қанағаттанбай, «үйімде қызыл қоңыз қаптап кетті» деген шағымымен жиі жарыққа шығып жүрген комхоз кеңсесінің тұрғыны Раушангүл Бисенованы сол күні уақытша баспанасынан таппаған соң, келесі күні қайта байланысқа шығып, көтерген мәселесін телефон арқылы емес, көзбе-көз сұрауды жөн көрдік:

- Мен көпбалалы анамын, 5 перзентім бар. Үлкен ұлым 7-сыныпта оқиды, кішісі 11 айлық. Бұл жерге биыл күзге таман көшіп келдік. Бұрын пәтер жалдап тұрған болатынбыз. Орналасқан күннен бастап бүгінге дейін қоңызбен алысудамыз. Бұған дейін де тұрған бұл пәтердің иесі осы себептен көшіп кеткен болатын. Қаншама химиялық сұйықтықпен тазаласам да, арыла алмай қойдым. Бұл жәндік балаларымның құлағына кіріп, тіпті ішетін асымыздан да тауып жатамыз. Санитарлық мекемелер дезинфекция жасау үшін үйді бірнеше күнге босатуымызды сұрады. Кішкентай балаларыммен баратын жерім жоқ. Бұл жөнінде аудан басшыларына бір емес, бірнеше рет барып, аудан әкімдігінің табалдырығын тоздырдым. Тіпті аудан әкімі орынбасарынан «келе бермеңіз» деген ұрысты да естідім. Мен өзім үшін емес, бала-шағамның денсаулықтарына алаңдап,   шырылдап жүрген анамын. Өзім жұмыссызбын. Жолдасым асқазанында жара болғандықтан, дәрігерлер ауыр жұмыс жасауға тыйым салды. Сондықтан жалдамалы жұмыс жасап, нәпақа тауып жүрген жайы бар. Қазір тұрғын үй кезегінде 28-інші боп тұрмын. Оның өзіндік жыры бар. Осы уақытқа дейін менің әлеуметтік тұрмысымның төмендігіне қарамастан, үй кезегіне қоймады. Оған себеп, туған ағамның мүмкіндігі шектеулі баласы бар. Соны мүгедектігіне байланысты үй кезегіне қойған екен. Ал жолдасымды ауру інімнің күтушісі ретінде тіркепті. Ол жөнінде біз бейхабармыз. Мұның бәрін әкімшілікке жағдайымды айтып, үй сұрап, дау шығарған кезде ғана білдім. Жергілікті жауапты органдар біріне-бірі сілтеп, мойындамады. Ендігі менің өтінішім, таза, қолайлы баспанаға көшірсе. Ол туралы аудан басшылары да уәде берді, сол уәделерін орындаса,- деп қалауын жеткізді.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан комиссия мүшелері «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ауылдың солтүстік беткейінде салынып, құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер «СПС» ЖШС-нің маманы Нұрлыбек Серікқалиевті арнайы Орал қаласынан шақыртып, 2022 жылы желтоқсан айында қолданысқа берілген 40 үйдің тұрғындарымен кездесу үшін арнайы ат басын бұрды. Тұрғындардың  қояр басты талаптары үй маңына дейін ауылішілік жол салып беру. Тексеріс кезінде №1, 3, 4, 17, 25, 38 үйлердің қабырғалары мен төбелерінде жарықшақтар бар екені, сондай-ақ кейбір үйдің төбесінен су кеткені анықталды. Кеткен ақауларды өз көзімен көрген мердігер компанияның маманы өз мойнына алып, жөндеу жұмыстарын жүргізуге сөз берді. Аталмыш 40 үйдің жағдайларын бақылау барысында тиісті санат бойынша алған кейбір отбасылардың өзге ауылдық округтерде тұратындары, бұл үйге анда-санда ғана келіп-кететіндері анықталды. Біреу «тоңып секіредінің» күйін кешіп, шиіттей бала-шағасымен қаңғып, пәтерден-пәтерге көшіп жүрсе, біреу тойып секіріп, қос баспанаға ие боп жүр.

Жоғарыда көрсетілген ауылішілік сапар жөнінде аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен мәслихат депутаттарынан пікір алған болатынбыз.

Қайырғали Жайымов, ардагерлер кеңесінің төрағасы: Ауданымыз құрылғалы үй құрылысы 4 есе өсіп, халық саны 10 мыңға жетті. Өткен жылы «ескі жақ» дейміз, 50-60 жыл бұрынғы салынған үйлердің көшелеріне қатқыл табанды жол салынды.Үстіміздегі жылы 30-40 жыл бұрын үйлері салынған Құрманғазы, 1 мамыр, Қали Жантілеуов секілді 6 көшеге қатқыл табанды жол салу жоспарына енгізілген кезде, өткен жылы ғана көшіп барған 40 үйдің көшесі де кезектен тыс жобаға кірген екен. Осы көлемдегі жұмысты және Көпжасар ауылдарына салынып жатқан жолды басшысы Оганнес Арутюнұлы Минасян «Аманат» партиясы арқылы облыс маслихатының депутаты жол салу жұмысының бір бөлігін келесі жылға қалдырған болатын. Аудан әкімдігін бұрынғыдай қабылдау көмиссиясына қатыстырмайды, атқарылған жұмысты қаладан келген технадзордың қабылдауымен шешіліп отыр. Осы жағдайды білген соң аудандық ардагерлер кеңесі атынан Тыныштық Өтешқалиев пен екеуміз 12 қыркүйек күні Орал қаласына барып, облыс маслихатының депутаты Оганнес Минасянның қабылдауында болып, халық атынан аудан орталығынан екі көше және бітпей тұрған Көпжасар ауылының 5,5 шақырым тас жолын жыл аяғына дейін толық бітіруді сұрап қолқа салдық. Ақсақал басымызды силағандай болып, аудан орталығындағы 1 мамыр көшесімен 40 үйге кірме жол, Көпжасар ауылының 5,5 шақырым қатқыл табан жолдарын бітіруге уәде берген болатын. Көпжасар жолын бітіріп, 1 Мамыр көшесін бастап, белгісіз себептермен жұмысын аяқсыз қалдырды. Телефонмен сөйлескенде әртүрлі сылтау айтып, соңында телефон алмайтындай жағдайға жетті.

Ауданымызда оң өзгерістер орын алып жатырғаны рас. «Көп біріксе – ел болар» дегендей, әлі де атқарылар іске жұмыла кіріссек, іргесі берік ел боларымыз анық. Бүгін қаншама жанұяның жағдайымен таныса келіп, осыдан 1 жыл бұрын салынған 40 үй халқының жағдайына қарағанда, салынғанына 40 жылдың үстіне шыққан колледж жатақханасы тұрғындарының ахуалы әлдеқайда төмен екенін көріп, материалдық көмек қажет екендігіне көзім жетті. Жатақхана тұрғындары тұруға жарамды баспанамен қамтамасыз етілсе игі болар еді. Ал 40 үйдің иелеріне «қыстың қамын жаз ойла» дегендей, алдын ала қысқа қамданып, пайда болған жеңіл-желпі ақауларға бола, әкім есігін күзетіп, дау тудырмай, мүмкіндігінше жөндеп алса дегім келеді. Өздері куә болғандай, бұл құрылысқа жауапты маман бізбен бірге жүріп, бақылап, кеткен ақауларды ретке келтіруге уәдесін берді.

Бегайым Есенғалиева, аудандық мәслихат депутаты: Соңғы уақыттаTelegram әлеуметтік желісінде былтыр ғана берілген 40 үй тұрғындарының үйдің сапасы мен жол қатынасына шағымдары жиі жазылуда. Осы орайда ауыл ардагерлері, аудан басшылығы кейбір жауапты мамандармен бірлесе көмекке мұқтаж отбасыларды араладық. «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығының маңынан салынған көпқабатты жаңа үйдің тек бір пәтерінің төбесінен су кеткен. Оны аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жер аяғы кеңіген соң жөндеп беретін болды. Колледж жатақханасының жағдайы өте нашар, тұрғындарына баспана қажет екендігін байқадым. Бұрынғы комхоз мекемесінің іші жылы, тек тазалық қажет етіледі. 40 үйге тоқталар болсам, кей үйлердің қабырғалары жарылған, адам тұра алмайтындай жағдайда емес, не дегенмен жаңа үй. Мердігер бұны өз мойнына алды. Аталмыш үй тұрғындарының негізгі мәселесі – жол, мектеп автобусы. Ол – болашақтың еншісінде.

Аудандық мәслихат депутаты ретінде көрсетілген объектілерді аралаған соң аудан әкіміне, жұмыс тобының алдында өз ұсынысымды білдірдім. Кейбір көтерген мәселелерім жыл соңына дейін шешімін табады деген сенімдемін, - деді.

Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқ киімің тар болса.Үй аралап, тұрғындардың жанайқайын құлақтарымен естіп, көздерімен көріп, уәдесін берген ауыл белсенділері мен жауапты органдар баяғы жартасты, сол жартас күйінде қалдырмаса болғаны.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале