11.01.2024, 10:15
Оқылды: 69

Адам ағаның кітабы

Ауданымыздың құрметті азаматы, редакциямызбен бұрыннан бері тығыз байланысы бар Адам Имашев ағамыз өткен жылдың соңында 70 жасқа толғанын жазған едік. Мерейлі жасының құрметіне орай Адам Сағынұлы кітап шығарды. Жиырма жылдан астам уақыттан бері Белес ауылында тұратын ағамыз бұл еңбегін «Жеті белестен асқанда» деп атаған.

IMG-20240110-WA0075

Кітап мұқабасында жазылғандай, Адам Сағынұлы - халқының мүддесін, тілек-талабын ойлаған, сол үшін саналы ғұмырын жеке басының қамына емес, еліне мінсіз қызмет етуге арнаған тұғырлы тұлға. Батыс Қазақстан облысының білім беру, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет салаларының дамуына зор үлес қосқан, мемлекеттік басқару қызметінде өзін ерекше қырынан көрсеткен зиялы азамат. Адам ағамыздың адамгершілік, ұстаздық, іскерлік, қайраткерлік қырларын осы еңбекте топтастырылған материалдарды оқи отырып анық аңғаруға болады.

Мәселен, «Елге қызмет –абыройлы міндет» деген тарауда осы Белес ауылының тумасы, ауданымыздың ғана емес, облысымыздың мақтанышына айналған азамат, ғалым, «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенінің президенті Ақсерік Әйтімовтың «Ауылға домбыра үнін әкелген Адам» деген мақаласы жарияланған. Онда автор 2002 жылы сол кездегі Ростоши ауылдық округіне әкім болып сайланған Адам Имашевтың ұлтжандылығы туралы сөз қозғайды. «Жергілікті тұрғындардың рухын көтеру мақсатында ол жыл сайын «Сағынып келемін ауылды...» атты ән фестивалін өткізуді қолға алды. Қатимолла Бердіғалиев пен Ермек Қазиев секілді елге танымал әнші-күйшілерді шақырды. Қаламгерлердің шығармашылық кештерін өткізді. Сөйтіп ауылымызда бұрынғыдай орыстың балалайкасы емес, домбыра үні жиі естілетін болды» деп еске алады Ақсерік Сарыұлы.

Ал М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов «Ел ағасы Адам Сағынұлы туралы толғаныс» деген очерк жазған екен. «Өмірде ел ағалары дегенді естіп жүргеніммен, осы ұғымның мәнін сезініп көрмеген едім. Ел ағасы дегенді алғаш сезінгенім сол кезде Қараөзен мектеп-лицейінің директоры Адам Имашевпен таныстығымнан басталды...» деп сөзін бастаған Ғабит Қайыржанұлы кейіпкерінің өмірдегі елеулі жетістігінің бірі Ростоши ауылында әкім болған кезде бұл елді мекеннің атауын қазақшалауы екеніне тоқталады. «Қашанда адамдармен тіл тапқыш, адамның ішіндегісін айтпай біліп тұратын психолог-ұстаз Адам ағамыз осы бір атауды тәуелсіз елімізге лайықты қылуды мақсат тұтты. Көптеген ұлттың өкілі тұратын бұл елді мекенге әкім болып келген ағамыз ауылдың қазақша атауын бірден лақ еткізіп, бір жиналыста ұсыну дұрыс болмайтынын сезді. Негізінен тың игеру кезінде келіп, орын тепкен басқа ұлт өкілдеріне тәуелсіз еліміздің саясатын ұғындыру бір күннің жұмысы емес екенін аңғарған ағамыз қашан да олармен үйлесімді диалог құра білді. Олардың мұң-мұқтаждарын сезіне білді, жақсы сыйластық қарым-қатынаста болды. Олармен жиі дидарласа жүріп, «Ростоши» деген еліміздің ешбір нышанын байқатпайтынын жеткізіп, «Белес» атауын беру керектін айтты. Сөйтіп айта-айта жергілікті халықтың бас көтеретін азаматтарының «құлақтарын» үйрете берді. Содан бір күні олардың өздері шығып, ауылға «Белес» атауын беруді ұсынды. Бұл - ағамыздың қоғамдық-саяси қызметінің жемісі. Осынау игі істен ауылдық округ әкімдері үлгі алулары керек деп ойлаймын» деп ой сабақтайды Ғабит Хасанов.

Адам Сағынұлының тағы бір қырын аталмыш шығармаға алғысөз жазған, өңірімізге танымал тұлға, Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарының құрметі азаматы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айдар Батырханов ашады. Оның сөзіне қарағанда, Адам Имашев ескіден қалған көз іспетті. Баяғыдағы қара шалдардың сарқытындай – жүріс-тұрысы, сөз саптауы, сөзге мән беріп, одан мағына іздеуі, сөзге тоқтауы, байыппен тыңдай білуі, атадан қалған аталы сөздерді тауып айтуға тырысатын тектілігі оны өзгеден ерекшелендіріп тұрады. «Атадан балаға мирас болып жалғасуға тиісті, өкінішке орай, бүгінде жоғалып бара жатқан ұлттық құндылықтардың жиынтығын осы Адамның бойынан табасың әрі риза боласың» деп пікір білдірген екен біраз жыл әріптес болған досы Айдар Тапашұлы.

Он үш тараудан тұратын кітапта еңбек ардагерінің өмірі, яғни балалық, жастық, орта жастағы кезеңдерімен қызметте жүрген уақытындағы негізгі шақтары жазылған. Автор дүниетанымындағы адамгершілік құндылықтар, өмір жолында кездескен жандар, елеулі оқиғалар туралы да еске алып, өнегелі ой-толғамдары мен әсерлі әңгімелерін көпшілікке ұсынған. Сонымен қатар ол туралы ел азаматтарының, достарының, шәкірттерінің, ағайын-туыстарының пікірлерімен қатар республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарық көрген мақала-материалдар да топтастырылған.

Жалпы бұл кітапта Адам Сағынұлының ес біліп, етек жапқан кезден бергі өмірде көрген-білгенін көш керуеніндей көз алдыңнан тізбектей өткізгендей, жеті белестің есебін бергендей әсерлі тұсы көп. Сол себепті осынау еңбектің көпшілікке, соның ішінде жас ұрпаққа берер тағылымы мол деп ойлаймыз.

Серік Маратұлы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале