ХҮІІІ ғасырдың ортасына таман патша үкіметі өз шекарасының өн бойында Еділ, Жайық жағалауы мен Сібірдегі ескі қамалдарды жаңартып, ал қамалы жоқ жерлерге әскери бекіністер шебін сала бастайды.
Жайық казактарының күшімен оң жағалауға Перевалацкая, Чернореченская, Татищева, Нижнеозерная, Россыпная, Ильецк қаласы, Жайық қаласы, Сахарная, Калмыкова, Кош-Уральская, Кулагина, Тополева, Баксаева, Гурьв қалашығы деп аталатын 14 бекініс салынады.
Осылайша, жоғарыдағы Жайық жағалауына салынған бекіністер жүйесі кейін Орынбор және Орск әскери бекіністерімен түйістіріледі. Ал, 1748 жылдан бастап патша үкіметі казактарға хуторлар салу туралы жарлық шығарады. Ондағы мақсат казактарды шекара жағалауларда тұрақтандыру болатын.
1769 жылға қарай Жайық жағалауы бекіністерінде 15 000-дай гарнизон әскерлері, казактар және ресейдің орталық аймақтарынан қоныс аударған орыс шаруалары келіп қоныстанады.
Қорыта айтқанда, 1734 жылдан басталған қамалдар салу Жоғары Жайық желісі негізінде Верхнеяицк бекінісінен бастау алып, 770 шақырымды құраған Ойыл бекінісіне дейін жетеді.
Зұлқожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz