Кейінгі уақытта ажырасу белең алды. Тек жастар емес, немере сүйіп отырған, елудің ауылына қоңсы қонғандардың да бірін-бірі көрместей болып, тағдыр жолы екіге айырылғанын кездестіріп жүрміз. Өкінішті, әрине.

Иә, отбасында туындайтын кикілжіңнің салмағы ауырлап жатқаны ащы болса да шындық. Сырттай жұмбақ болып көрінетін әрбір жанұядағы ері мен әйелі арасындағы осындай қақтығыс салдарынан шаңырақ іргесі сетінеп, ажырасып жатқандар жетерлік. Неге дейсіз ғой? Көбіне өз отбасында алған тәрбиенің салқыны тиетіні дәлелдеуді қажет етпейді. Мұның бәрі бір жақты орын алатын жағдай емес екені де баршаға мәлім. «Ішке сыйған бала сыртыма да сыяды» деген негізге саяды.
«Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының Тасқала ауданы АХАТ бөлімінің берген мәліметіне көз жүгіртсек, ауданда 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында 10 неке бұзу туралы акт жазбасы тіркелген. Соның ішінде бесеуі сот шешімі негізінде болса, бесеуі кәмелетке толмаған балалары немесе мүлікке дауы жоқ ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші негізінде бұзылды. 2022 жылдың сәйкес кезеңінде 10 неке бұзу туралы акт жазба тіркеліпті. Соның ішінде екеуі сот шешімі негізінде болса, сегізі кәмелетке толмаған балалары немесе мүлікке дауы жоқ ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші негізінде болған. Осы орайда аудандық соттың бас маманы М. Темірғалиеваның сөзіне жүгінсек, некенің бұзылуын қалап арыз жазғандардың дені 23 пен 40 жас аралығындағылар. 2022 жылда 44 азаматтық іс қозғалса, соның ішінде 28 талап қою қанағаттандырылып, некелер бұзылды. Алты іс татуласуына байланысты қысқартылды. Тоғыз іс талап қоюшының арызды кері қайтарып, істі қараусыз қалдыру туралы өтініші бойынша қараусыз қалды. 2020 жылдан бастап статистикалық мәліметке үңілсек, неке бұзуда азаматтық істердің өскені байқалған. Мәселен: ауданда 2021 жылы 46 арыз түссе, үш арыз кері қайтарылған. Ал 13-і медиация тәртібімен өзара татуласуына орай бұзылғалы тұрған шаңырақты сақтап қалған. 2023 жылы 34 істің 24-і қанағаттандырылып, жұбайлар ажырасып кетсе, жеті жанұя медиация тәртібімен ортақ келісімге келіп, жылы ұяларының іргесін берік ету жайында ұйғарым жасапты.
«Ер адамның орнына асыраушы болудан шаршадым...»
Көбіне шаңырақтың шайқалуы ерлердің тұрақты жұмысының болмауы немесе құмар ойындарға басын тығып алып, тапқан-таянғанын соған жұмсау, ішімдікке құмарлық, қыдырымпаздық сынды жағдайлардан туындаған. Бұл мәселеде біз нені түсінуге тиіспіз? Барлық ауыртпалық көбіне әйелдер қауымының иығына түсетіні шындық. Мәселен, Алмагүл атты келіншек (есімі өзгертілген) «ажырасқан» деген ат жамылу өте қиын екенін атап өтті. Алайда жақын арада ол отбасын заңды түрде бұзған. Әрине, ажырасу бір жақтан емес, екі жақтан болатыны айдан анық. Алмагүл ең басты себеп жолдасының тұрақты табыс алып келетін жұмысы жоқтығынан және мінездері мүлдем жараспайтыны кесірінен болғанын алға тартты. Кейіпкеріміздің айтуынша, ортада шынайы сезім болған. Бірақ уақыт өте келе жолдасы Алмагүлге сеніп, жұмыс істеуді мүлдем қойған екен. Сол себепті отбасындағы жанжал үдеп кеткен. Бұл шешімге келу қиын болғанын да ол жасырмады. Отбасы құрған соң бәрі де өзгергенін байқаған келіншек «Жоқ, жолдасым өзгереді, бәрі дұрыс болады» деп өзін алдарқатып уақыт өткізгенге ұқсайды-мыс. Онымен «Ауру қалса да, әдет қалмайды» демекші, өзгеріс болмағаннан кейін осындай қиын шешімге келген. Егер ер адам отбасын құруға, бір отбасын асырауға шамасы жетпесе, оған несіне сенім артады? Әйел жаратылысынан азаматынан қамқорлық пен мейірім күтеді. Арқа сүйер ер-азаматынан көп нәрсені іздейді. Ер адам ол сенім үдесінен шыға білуі қажет.
Кім ажыраспай жатыр?
Міне, осы сөз қазіргі еліктегіш жастарды құртуда. Олар «отбасы» ұғымын жеңіл қабылдайтын сыңайлы. Сезімі лаулап, «шын махаббатпен үйленіп жатырмыз» дегенді алға тартады. Алайда өмірдің сәл ғана қиындығына шыдамай, екіге ажырап кете барады. Бүгінгі ата-ананың да бұл сөзге еті үйренген. «Ел ішінде тек менің қызым ажырасып па, ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деп жеңіл-желпі қарайды.
Сонымен ажырасудың себебі қандай? Ең біріншісі – жастардың бір-бірін жақсы танымай жатып бас қосуы. Ажырасуға арыз беретіндердің басым бөлігі өз шешімінің себебін мінезі үйлеспейтіні немесе тұрмыста ортақ тіл табыса алмайтынымен байланыстырады. Көзіміз көріп жүр, арқа сүйер азаматтары ішкілікке салынады немесе әйелін ұрады. Одан бөлек тырнақ астынан кір іздейтіндер де табылады. Бұл жағдайға көбіне қалада өскен еркетотай қыздар әуес. Себебі ауылдың жігітін жақсы көріп, отбасын құрады. Кейін ауылдық жерде тұрудың машақаты мен ыңғайсыздығы жанына жайлы болмағандықтан, қала жақты аңсайды. Содан күйеуін қалаға көшуге азғырады. Ата-енесімен сыйыспайды. Әсіресе, қазіргі қоғамда осы себеп белең алып барады.
Арамызда мұндай жағдайды өз басынан өткерген азаматтар да бар. «Келіншегім екеуіміз төрт жылға жуық қыз бен жігіт болып, достасып жүрдік. Кейін көп кешікпей отбасын құруға шешім қабылдап, заңды некеге тұрдық. Алайда ол бір-екі айдан кейін өзгере бастады. Қалада тұруды мақсат етті. Ата-анам рұқсатын беріп, қалада пәтер жалдап тұрдық. Одан кейін тағы өзгеріп, ата-анасымен бірге тұруға ұсыныс айтты. Мен келіспедім. Әке-шешемді тастап, қалаға келдім. Енді соның үйіне «күшік күйеу» болуым керек пе? Жоқ, олай болмайды деп шештім. Осындай мәселелер арамызды суытып, ақырында ажырасуға алып келді. Оның әрекеті ұнамай, ақыры сот арқылы ажырасып тындық. Арамызда бала болған жоқ. Дегенмен «ажырасқан» деген сөздің өзі жаман естіледі екен. Сондықтан болашаққа қадам басарда бәрін ақылдасып, асықпай келісіп алған жөн», – дейді Қанат (есімі өзгертілген).
Ажырасу туралы мақала жазуға кіріскен кезде ауыл үлкендерінен де пікір алуды жөн санадық. Ардагер ұстаз, мейірімді ана Майра Әбуқызымен тілдескен едік.
– Қоғамда ең өткір, белең алған мәселенің бірі – ажырасу. Бұл мәселе үйленіп жатқан ұлдың да, тұрмыс құрып жатқан қыздың да отбасылық өмірге жауапкершілігі жоқтығынан деп ойлаймын. «Тәрбие тал бесіктен» десек, оның негізі отбасында және отбасынан алған тәрбиесінде. Біздің ақылман аталарымыз, дана әжелеріміз «Ашыққан қарын тойынар, жыртылған киім жаңарар, тәрбиені босатып алсақ, ұрпақ қалай оңалар» деп, қандай қиын кезеңде де тәрбие мәселесіне баса назар аударған. Әке тәрбиесін көрген ұл, ана тәрбиесін көрген қыз жаман іске бармайды. Өйткені алған тәрбиесі жаман істерге жібермейді. Бекзаттық, көрегенділік пен тектілік қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырады. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда оқыған, білімді, көзі ашық жастарымыз өмірге жеңіл көзқараспен қарап, дүниеге келген сәбидің болашағын ойламай, аз ғана қиындыққа шыдамай, ажырасып жатады. Ұл-қыздың бар жағдайын жасап, керегін алып беріп, оларды өмірге бейім етіп тәрбиелемеген ата-ана кемшілігінің әсері ме, әлде?! Жеңіл мінез, алып-ұшпа сезім де осыған кері әсерін тигізе ме?! Әйтпесе, махаббат деген ұлы сезімді бастан кешіп, бірін-бірі шын сүйіп үйленген жандар қандай қиындыққа да төзеді ғой.
Қыз тәрбиелеп отырған ана ретінде айтар болсам, әсіресе, қыз бала тәрбиесі көп ойландырады. Аялап, әлпештеп өсірген қыздың тағдыры күнде толғандырмай қоймайды. «Қыздың жолы жіңішке» деген халқымыз. Қыз тәрбиесі қай кезде де күн тәртібінен түспеуі қажет. Ата-анасының, атаәжесінің бауырында мейіріммен, махаббатпен тәрбиеленген қыздар ешқандай оғаш қылық жасамайды. Ал ажырасудың артында жанары жәудіреген бала тағдыры тұр. Осы жерде басты мәселені естен шығарып алатынымыз өкінішті, – деген пікірін білдірді зейнеткер ана.
Қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайлар жас отбасыларға әсер етпей қоймайды. Оларға мықты тәлімтәрбие мен қамқорлық керек-ақ. Орта жасы бар, үлкендеріміз бар, барлығы бірігіп, жас жұбайлардың екіге бөлінуіне қарсы тұрып, әрі қарай үлгілі отбасына айналуына септігін тигізсе жөн болар ма еді...
Гүлмира Серікқалиқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz