16.01.2024, 16:00
Оқылды: 73

Екпені елемеу ауруды асқындырады

Өңірде қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып отыр. Былтыр облыста қызылша ауруына қатысты 477 жағдай расталған болса, биыл, яғни 2024 жылдың алғашқы 10 күнінде 48 жағдай тіркелген. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев мәлімдеді.

e4055c91-5084-4d0a-9eb6-4d8f460668c3

Облыстағы Бөкей ордасы мен Жәнібектен басқа аудандарда аталған жағдайлар тіркеліп жатқан көрінеді. Қызылша ауруы бойынша жалпы 48 жағдайдың арасында 7-еуі жасқа толмаған сәбилерден, 16 жағдай 1-4 жас аралығындағы балалардан, 8 жағдай 5 жастан 14 жасқа дейінгілерден, 4 жағдай 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдерден және 13-і ересек тұрғындардан анықталған.

– Қызылшаның арнайы емі жоқ және одан тек екпе алу арқылы ғана қорғануға болады. Қызылшаға қарсы вакцина Ұлттық иммундау күнтізбесіне енгізілген. Балаларды қызылшаға қарсы егу 1 жаста, ал ревакцинация 6 жаста жүргізіледі. Екпеден кейін инфекциядан қорғайтын иммунитет пайда болады. Тұрғындарға өздігінен ем қабылдамай, аурудың алғашқы белгілері байқалғанда медициналық көмекке жүгіну қажеттігін ескертеміз. Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесіне сәйкес 6 жасқа дейінгі балалар жұқпалы ауруларға қарсы негізгі 10 екпе алуы керек. Алайда кейінгі жылдарда вакцинадан бас тартатындардың көбейгені байқалады. Бұл өз кезегінде ауруға қарсы тұруға қауқарсыз ете ме деген қауіп те жоқ емес. Сондықтан да балаңызды ауыр асқынулар мен ауру салдарының алдын алу үшін жергілікті емханаға апарып, екпе алуды сұраймыз, – деп хабарлады Нұрлыбек Ермекұлы.

Облыста жіті респираторлық вирустық инфекциялар бойынша жағдай өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда 50,3 пайызға жоғары көрсетіп кеткен. Мәселен, 2023 жылы қазанның 1-інен бастап есептегенде ЖРВИ-ге байланысты 98 633 жағдай тіркелсе, сол ауырғандардың арасында 64,1 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар екен. Жалпы 2023-2024 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда тұмау вирусының «А» түрі (H3N2) және осы негіздегі түрлі вирус айналымы анықталған. Биыл өңірде тұмаудың «А» түріндегі 72 жағдайы тіркеліп, оның ішінде 54 науқас ауруханаға жатқызылған. Қалғаны амбулаториялық  ем  қабылдауда.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың мәлімдеуінше, білім беру ұйымдарында оқушылар арасындағы инфекциялардың күрт өсуі мен таралуының алдын алу мақсатында нақты шараларды орындаған дұрыс. Атап айтсақ, санитайзерлердің, дезинфекциялау және жуу құралдарымен қамтамасыз ету, оқушылардың жеке гигиена ережелерді сақтауын қадағалау, үй-жайларды желдету және дезинфекция жұмыстарын жиі жүргізу қажет. Жұқпалы аурулар тіркелген жағдайда білім беру нысанына медицина қызметкері педагогтерді, персоналды және білім алушыларды күнделікті «кіру» сүзгісінен өткізгені дұрыс. Егер олай болмаған жағдайда ішкі кестеге сәйкес кезекшілер арқылы жұмыстанған жөн. Сонымен қатар респираторлық инфекция белгілері бар адамдардың (жөтел, мұрыннан су ағу, дене температурасы 37 градустан жоғары) білім беру ұйымдарына кіруін қатаң қадағалау керек екен.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале