«Мен бүгін әкемді айтып мақтанамын» деп әндетіп немесе «Менің әкем – ең жақсы адам» деген мақтаныш сезімін жасыра алмай, әнге қосып талай жүр. Әкенің балаға деген мейірімі өтіп, қиын кезде қолтығынан демей білген әкелердің есімі алтын әріппен жазуға әбден лайық.
Кезекті жұмыс күнімнің бірінде қызмет бөлмеме орта жастағы жігіт ағасы кіріп келді. Қолындағы қағаздарды көріп, шаруасымен келгенін бірден ұғындық. Амансаулықтан кейін өзін Төлеген Ұзақбаев деп таныстырған ағамыз бірден шаруасын айтты. Әңгіме барысында ол әкесі Ғапар Ұзақбаевтың өмір жолына тоқталды.
– Әкем өткен ғасырдың басында, яғни 1916 жылы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты №23 ауылдық кеңесте дүниеге келген. Сонау 1925 жылдары Ғапардың әкесі Ұзақбай жерлес Шәріп Құсайынов деген байдың қарауында мал баққан. Бір кездері Ұзақбай атамыз Шәріп баймен бірге сол кездегі Каменка жеріне қоныс аударған екен. Ғапар 1926 жылы білім ошағына барып, төрт сыныптық мектепті аяқтап шықты. 1929 әкесі «Нариман» колхозына есепші лауазымына тағайындалыпты. Осы жылдардан бастап Ғапар Ұзақбайұлының еңбек жолы басталған. Ол кезде 13 жаста ғана еді. Осы колхозда қызмет етіп, мектептің кешкі бөлімінде сыныпты тәмамдаса керек. 1932 жылы әкесі Ұзақбай дүние салды. Енді бар ауыртпалық пен жауапкершілік Ғапар әкеміз бен анасының мойнында болды. 1939 жылы Дәметкен Қайырлықызы сүйікті жары атанып, екеуі отау құрды. Бұл жерде оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейін, менің анам Дәметкен мен әкемнің өз әкесінің есімдері аттас. Яғни аттары – Қайырлы. 1939 жылдары «Нариман» колхозы үш бөлікке бөлініп кеткен екен. Ал Ғапар Ұзақбайұлын Зеленов ауданындағы «Соколов» колхозына («Нариман» колхозының 1-бөлігі) комсомолдық ұйымға бригада есепшісі ретінде жолдайды. Осы жылы аудандық комитет комсомолы адал қызметі үшін үш жылға Орал қаласына оқуға жібереді. 1941 жылы шілде айында әскер қатарына шақырылған. Айлық жолдан кейін «Лазо» стансасына түсіріліп, Жапон шекарасына 255-ерекше батальонға жауынгер ретінде қабылданды. 1945 жылы жапон-совет ұрыстарының бірінде жапон снайперінің қолынан ауыр жарақат алса керек. Госпитальдан соң өзінің 255-батальонына қайта оралды. Жапон ұрысына қатысқаны үшін «За боевые заслуги», «За победу над Японией», «Отечественная война», Г. Жуков атындағы медальдармен марапатталды. Сұм соғыс аяқталысымен, 1946 жылы туған жерге оралды. Отбасы Зеленов ауданының Соколов ауылында күтіп, аудандық комсомол партиясы оны «Жаңа жол» (Арам қуырдақ) колхозына партия ұйымының хатшысы ретінде жолдайды. 1948 жылы «Жаңа жол» колхозының төрағасы ретінде сайланды. 1949 жылы үш колхоз біріктіріліп (Жаңа жол, Мешей, Оян), «Сталин» атындағы колхозға төраға болып сайланған. Соғыстан кейін жағдайдың халық үшін өте ауыр болғаны белгілі. Өндіріс төмен, жұмыс қолы жетіспейді. Қай істі де бастап кету оңайға соқпайтын. Ал сол қиын шақта әкем Ғапар бұл кезге дейін жиған-терген бар тәжірибесін бөлісіп, іске білек сыбана кірісіп отырды. 1950 жылы Орал қаласына басқарма тағайындайтын төрт жылдық оқуға жіберілді. 1954 жылы оқуы аяқталған соң «Хрущев» (I Шежін) колхозына төраға болып сайланды. 1958-1961 жылдары «Амангелді» (II Шежін) колхозында төраға міндетін атқарып шықты. 1961 жылы ІІ Шежін совхозы құрылды. Осы жылдан 1976 жылға дейін директордың орынбасары міндетін атқара жүріп, абыроймен зейнет жасына жетті. Қазіргі жас ұрпақтың санасында қалсын, мүмкін, бірі болмаса, бірі ескере жүрер деген оймен бір әңгіме айта кетейін. Сол кезде әкеміз бен анамыздың қолында үш кемпір болды. Ол уақыттағы адамгершілік пен мейірімді айтсаңызшы! Қазіргі таңда кісінің үйіне кісі сыймайды ғой. Анамыздың анасы Уәкила, сонымен қатар Ырысқал және Зұлқаш атты жалғызбасты кемпірлер болды. Зұлқаш анамыз әлтеке руының қызы еді. Кейін оның Жаңақала жақтан қызы табылып, әкем апарып табыстырған болатын. Көп ұзамай Зұлқаш шешемізді қолымызға қайта алып келді. Айтуына қарағанда, қызының қолына барғанымен, үйлесе алмағанға ұқсайды. Бұл жерде қазіргі жастардың арасында ата-анасын бақпайтындар бар. Қарттар үйіне тапсырып жатқанды естігенде төбе шашың тік тұрады. Соларға сабақ болсын деп атап өтіп жатқаным. Ертеде адамдардың адамгершілігі ерекше болды ғой. Әкем 13 жасынан әкесіз қалғандықтан, анасымен бірге сол кезден бастап еңбекке ерте араласқан. Негізінен, әкемнің екі әкесі болған. Ұзақбай мен өзінің туған әкесі Қайырлы екеуі туған ағайынды жігіттер еді. Кейін әкемді Ұзақбайдың тәрбиесіне берген көрінеді. Өзімнің үш ұлымды да ата тегін білуге үйретіп келемін. Ғапар әкеміз бен Дәметкен анамыздан Ұлдаш, Бақыт (өмірден озған), Балжан есімді қыздары мен мені тәрбиелеген ардақты ата-ана. Әкеміз бен анамыз бар саналы ғұмырында үш немере, жеті жиен өсіріп, оларды бауырына басып, ұрпағының қызығына бөленді. Бүгінгі таңда ұрпағы – жер-жерде өз міндетін адал атқарып жүрген білдей мамандық иесі. Кейінгі ұрпағына өмірі өнеге болған әкеміздің қара шаңырағын ұстап отырмын. Біздің де үш ұлымыз бар. Жандос пен Әселден Дәмел, Ахмедияр, Жанат пен Ақтолқыннан Кәусар мен Томирис деген тәтті немерелерім бар. Кіші ұлым Қайрат әзірге шаңырақ құрған жоқ. Сөзімді түйіндей келе, біздің осындай күнге жеткеніміз әкеміз бен анамыздың тынымсыз еңбекқорлығы мен адал қызметінің арқасы шығар деп есептеймін. Бізге білім мен ақыл қонуы үшін қанша тер төккені бір Құдайға мәлім. Ата-ананы құрметтеу, олардың еңбегін еш уақытта ұмытпау – біздің басты парызымыз, – деді кейіпкеріміз.
Төлеген Ғапарұлының редакциямызға келіп, әке туралы сыр шертуін, бір жағынан, әкеге деген сағынышы, бір жағынан, әкенің берген тәрбиесі мен саналы ғұмырында атқарған еселі еңбегі газет беттерінде қалсын деген ниеті болар деп түсіндік. Әрбір жас ұрпақтың ата-анаға деген құрметі мен сыйластығы азаймай, керісінше, үдей түсуіне барымызша атсалысуымыз қажет-ақ.
Темірболат Әнуарұлы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz