17.01.2024, 16:30
Оқылды: 82

«KaspiGold» қабылданбайды!». Кәсіпкерлердің карталық төлем түрінен бас тартуға құқы бар ма?

«KaspiGold» қабылданбайды!»

Қаңтардың бірінен бастап кейбір дүкендер сөресіне осылай жазып қоятынды шығарды. Панелінің шекесіне бадырайтып нөмірін жазып қоятын таксилер де жолақысына қолма-қол қаражат сұрайды. Оған себеп, Қазақстанда мобильді аударымдарды тексерудің басталғандығы. Кәсіпкердің төлемнің қайбір түрінен бас тартуға қақы бар ма? Егер заңды тіркелген кәсіпкер болса, аударымнан неге жалтарады, табысын неге жасырғысы келеді? Тұтынушы халық төлем түрін таңдауға заңдық құқы бар ма? Кешегі аптадағы Сырым ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы өкілдері мен кәсіпкерлердің кездесуінде осы мәселелерге нақты жауап берілді.

Жп платеж

Басқарманың басшысы Арман Гумаров жүргізген жиынға Сырым ауданы әкімнің орынбасары Артур Шерғалиев, Сырым ауданының аға прокуроры Алтынай Ескендірова қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша  Сырым ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маман Мирас Мырзахметов баяндама жасады.

PHOTO-2024-01-17-11-01-06

Декларациялау – «Әділетті Қазақстан» үшін

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның» басты алғышарты – адал азаматтар екенін айтты. Адалдық ханға да, қараға да ордақ. Декларациялау – «Әділеттің Қазақстанның» дүйім жұртқа ортақ жобасы.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсыруға тиіс.

Бұл талап әрекетсіз және қызметін тоқтатқан адамдарға да қолданылады.

Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болмағандықтан, 2024 жылы филиалдар мен өкілдіктердің басшыларында декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындамайды. Сондай-ақ 2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жеке практикамен айналысатын адамдар ұсынбайды. Декларацияда қандай мәліметтерді көрсету қажет? - деген кәсіпкерлердің сұрағына Мирас Тілегенұлы жауап берді:

PHOTO-2024-01-12-11-24-19

– Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың, жеке тұлғаның барлық шетелдік активін, жылжымалы, жылжымайтын мүлкін көрсететін активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруінен тұрады. Яғни, шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік, шетелдік банктегі ақша 3,5 млн теңгеден жоғары (1 000 АЕК), шетелдік компаниядағы қатысу үлесі, бағалы қағаздар, сандық активтер (биткоиндер және т. б.), үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі), инвестициялық алтын (құйма алтын), зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн. теңге (10 000 АЕК) шегінде қолма-қол ақша, басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары, құны 3,5 миллион теңгеден асатын басқа мүлік, оның ішіне мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және тағы басқасы кіруі мүмкін. Бағалауларды 31.12.2023 жылғы мәліметке сүйенсек, декларацияны тапсыру мерзіміне дейін яғни 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей жасап, тұрғылықты жері бойынша тапсыру қажет.

Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «Е-salyqazamat», Halyk пен Bank CenterCredit банкінің мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар құжатын қағаз жеткізгіште, пошта арқылы не келу тәртібімен ұсынуға құқылы.

PHOTO-2024-01-17-11-00-57

Сонда жеке тұлғалардың табысына салықтық бақылау жүргізіле ме?

– Иә бастапқыда автоматты камералдық бақылау – жеке тұлғалардың шығыстарына мониторинг жүргізіледі. Декларацияның болуы/болмауы тексеріліп, кірістер мен мүлікті көрсетпеу және кірістерді төмендету фактісі анықталады. Содан кейін камералдық бақылау қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі, - деді басқарма маманы.

Декларация ұсынбаған жеке тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігі де осал емес.

- Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 51 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 350 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 272-бабы) бар. Салық салу объектілерін жасырғаны үшін жыл ішінде алғаш рет – төленбеген салықтар сомасынан 200% айыппұл, қайталап бұзғаны үшін – 300% мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 275-бабы) есептеледі.

Заң тұтынушы жағында

Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының маманы Мирас Мырзахметовтың айтуынша, мобильдік аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметтің көлеңкесінен шығуға бағытталған шара. Оны басқаша жорудың қажеті жоқ.

– Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауар немесе қызмет үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда бұл аударымдар бақылау-кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Тексеру критерийлеріне үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана түседі. Яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері болған жағдайда,  - дейді маман.

Мобильді аударымдарды тексеру жүзеге асатын шаруа және ол үш кезең бойынша жүргізіледі. Алдымен мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары 2022 жылдың қорытындысы бойынша тексеріледі. 2024 жылы мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері және олардың жұбайларына 2023 жылдың қорытындысы бойынша тексеру жүргізіледі. 2025 жылы – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары тексеріледі.

2026 жылы барлық азаматтың мобильдік аударымдарына сараптама жасалады. Бүгінгі таңда жалпыға бірдей декларациялаудың 1-кезеңінің декларанттары бойынша ақпарат алынды.

Мемлекеттік кірістер органдары барлық мобильді аударымдарды тексермейді

Жеке шоттарына 100 және одан да көп түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған тұлғалар үш ай ішінде бақылауға жатады. Анықталса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл – кәсіпкерлік қызметтің белгісі.

Ескеретін, әр түрлі өмірлік жағдайларда туыстарына, достарына және әріптестеріне аударуға шектеулер жоқ. 

Егер сатушы қолма-қол ақша талап етсе ше?

«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңының нормаларына сәйкес
төлемнің әр түрлі тәсілі бар. Яғни, тұтынушы банк картасы, QR-төлем немесе қолма-қол ақша беріп төлесе де (25-бап) – өзінің құқы. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз. Тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдаланып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бірінші рет ескерту беріледі, қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК-нің 194-бабы) салынады.

Салық – халықтың табысы

Салықтан жалтару, табысын жасыру – азаматқа тән емес. Әрі елімізде салық төлеу ыңғайлы және пайдалы. Салық – үкіметтің емес, халықтың табысы. Мемлекеттік кірістер органдары кәсіпкерлер үшін қолайлы заңды тетіктер жасайды Бақылау-кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ. E-salyq Business, Egov Mobile, Halyk Bank мобильді қосымшаларында жеке кәсіпкер ретінде тіркелу жеткілікті. Сондай-ақ пилоттық жоба аясында курьерлер мен такси жүргізушілері салық органдарына бармай-ақ «Яндекс» платформасы арқылы өздерін жеке кәсіпкер ретінде тіркей алады. Салық ставкалары қызмет түріне байланысты тек 1%-дан 4%-ға дейін.

Жиында Сырым ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің азаматтық қорғау майоры Арман Қыдырсихов бизнес нысандарының халық үшін қауіпсіз болуы туралы айтса, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Асхат Бисенғалиев кәсіпкерлермен бизнесті әртараптандыру, кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға қатысу жөнінде пікірлесті.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале