18.01.2024, 10:00
Оқылды: 39

Кімдерге жолдама берілмейді?

– Кейбір адамдардың санаторийлік-курорттық ем алып, денсаулығын оңалтып жатқанын білемін. Алайда мұндай шипажайға бара алмай жүргендер де бар. Жалпы санаторийлік-шипажайға кімдер және қалай барады?

Гауһар Насырова,

Орал қаласы

769793a1-9893-4c73-bf0d-b65b055a50f4

Фото: sanatorisaryagash.kz

Ардақ Мұқанова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтікқорғау комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысыныңмедициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары:

– Ерекше күтімді қажет ететін азаматтар медициналық әлеуметтік са­раптамадан (МӘС) өтеді. Ал осы МӘС-тің негізгі міндеті – мүгедектікті және еңбек қабілетін жоғалту дәрежесін, олардың себептерін анықтау, мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеп, орындалуына бақылау жасау. Азаматтарға медициналық-әлеуметтік сараптама тұрақты тұратын (тіркелген) жерінде жүргізіледі. Ол үшін МӘС-тен өтетін азаматтың тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген медициналық ұйымдағы дәрігерлік-консультативтік комиссияның (ДКК) төрағасы арнайы жолдама – 0/31-е нысанын толтырады.

МӘС бөліміне барғанда мемлекеттік қызмет алушының төлқұжаты мен 031/е нысаны болуы керек. Денсаулық жағдайына байланысты стационарда ем алып жатқан немесе басқа елде емделіп жүрген адамдар да мүгедектік мерзімін ұзарта алады. Яғни азаматтарға медициналық-әлеуметтік сараптамадан МӘС бөлімдерінде, стационарлық және амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде және тергеу изоляторында, үйінде және сырттай емдеуде тұрған жерінде өтуге болады.

Осы ретте белгілі бір дертке шалдыққан мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекші тағайындалмайтынын айта кеткен жөн. Жеке көмекші бірінші топ мүгедектігі бар адамдарға ғана қызмет көрсетеді. Ал бактерия тарататын туберкулез (БК+), жұқпалы тері және шаш аурулары, жыныс аурулары, неврозды, невроз тәріздес жай-күйлерді, жеңіл дәрежедегі есуастықты, ұстамалары сирек (2-3 айда бір реттен аспайтын) түрлі этиологиядағы тырыспа синдромдарын қоспағанда, психикалық ауытқуға душар болғандарға жеке көмекші ұсынылмайды.

Сол секілді кейбір дертке шалдыққан науқастар санаторийлік-шипажайларға емделуге бара алмайды. Яғни емдеу орындарына баруға медициналық қарсы көрсетілімдер де бар.

Олар: жіті немесе асқыну сатысындағы барлық ауру, асқынған және жіті іріңді процестермен асқынған созылмалы, сондай-ақ стационарлық емделуді қажет ететін, оның ішінде хирургиялық араласуды талап ететін аурулар. Сонымен қатар бұл топқа оқшаулау мерзімі аяқталғанға дейінгі инфекциялық аурулар мен жіті және жұқпалы түрдегі барлық венерологиялық аурулар, қатерлі жаңа өскіндері бар науқастар да жатады. Бұдан басқа өздігінен жүріп-тұра алмайтын және өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын, ұдайы күтімді қажет ететін (көз аурулары бар адамдарға және омыртқа жұлыны ауыратын науқастарға арналған мамандандырылған санаторийлерде емделуге тиіс адамдардан басқа), нашақорлық пен созылмалы алкоголизмнің барлық түрі бойынша сырқат деп танылғандарға рұқсат етілмейді. Психикалық және мінез-құлық бұзылыстар (аурулар), ДКК немесе психикалық денсаулық саласында медициналық көмек  көрсететін ұйымның психиатр дәрігерінің қорытындысы бар адамдар санаторийлік-курорттық емделуге бара алмайды. Бұл туралы толығырақ ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №283 бұйрығына қосымшадан білуге болады. Онда мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-шипажайда емдеуді ұсыну қағидалары жазылған. Осы орайда мүгедектігі бар адамдардың жеке оңалту құралдарын алмастыра алатынын атап өту керек. Ол үшін мүгедектігі бар адамдар ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №287 бұйрығын басшылыққа алғаны жөн. Осы құжатта көрсетілген мерзімдерді сақтай отырып, әлеуметтік қызмет алушы протездік-ортопедиялық, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдарды, арнаулы жүріп-тұру құралдарын тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде алмастыра алады.

*Абилитация – мүгедектігі бар адамдардың бойында тұрмыстық, қоғамдық және кәсіптік қызметке  қабілеттілікті қалыптастыруға және дамытуға бағытталған шаралар кешені.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале